Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамның берік іргетасы жастар тәрбиесіне байланысты

0 482

Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Болашағын бағамдайтын мемлекет жастарының санасының ояу, білімінің жоғары болуына басты мән береді. Расында, бүгінгі жас ертеңгі елдің тірегі, келешектің келбеті емес пе?! Елiмiздiң болашағы дәл осы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi. Ел ертеңі үшін жастарымызды бүгіннен болашаққа, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу біздің мойнымызда екендігі хақ. Жастарымыздың бойына жаңашылдықпен қатар ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білсек, ел тұтқасын ұстайтын нағыз тұлғалар тәрбиеленетіні белгілі.
Бүгінде елімізде жастарға көп көңіл бөлініп, олар үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынылып, өзін-өзі дамытуға, қоғамда өз орнын қалыптастыруға жағдай жасалуда. Атап айтсақ, Жастар ресурстық орталығының бастамасымен мүмкіндігі шектеулі отбасылардың балалары үшін арнайы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын «Зейін» әлеуметтік жобасы өткізілуде. Сондай-ақ жастар өздерін әртүрлі қырларынан байқап көріп, бейімділіктерін анықтап, әр салада сынап көруге арналған «Жас саясаткер», «Ақпарат алаңы», «Сана» сынды жобалар бастау алып, белгілі мемлекеттік қызметкерлермен, ораторлармен, қоғам белсенділерімен сабақ-тренингтер өткізіп, арнайы тәжірибе алмасуға жіберілуде. Жобалар жастар үшін өзін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік әрі өмірлік үлкен тәжірибе деп есептеймін. Орталық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жастарға арналған байқаулар, интелектуалды ойындар, кездесулер, мерекелік кештер, үйірмелер, тренингтер сынды түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жастарды дамытуға мүмкіндігінше үлес қосуда. Орталыққа қарасты қала аумағында шалғай аудандарда тұратын жастарға арналған аула клубтары ашылып, қазіргі таңда балаларға арналған түрлі үйірмелер мен арнайы мамандармен қосымша сабақтар өткізілуде. Аула клубтары жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған ойын құралдарымен, кітаптармен, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ орталықтың бастамасымен «Taraz jastary» атты волонтерлық ұйым құрылып, бүгінде көптеген қайырымдылық іс-шараларда бой көрсетіп, шаһарымыздың өркендеуіне өз септігін тигізіп, еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласуда. Бұл бастама өскелең ұрпақты тек білімділікке ғана емес, адамгершілік пен мейірімділікке, адал еңбек етуге, қоршаған орта мен айналаға деген жанашырлыққа үйретеді. Болашақ қоғамымыздың іргетасы осылармен қаланса, еліміздің болашағы жарқын болары анық.
Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Еліміздің даму жолындағы қарқыны, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте тәрбие мазмұны мен жастарды тәрбиелеу ісі олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударуға тиіспіз. Әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Еліміздің бейбіт аспанында қазақ жастары тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуға жұмыс жасаймыз. Ел сенімін, үмітін ақтау – жастардың қолында.

Абзал Есіркепов,
Жастар ресурстық орталығының директоры
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.