Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық келісім – татулық тұғыры

0 187

Бейбітшілік пен татулық – іргелі елдің ең бірінші нышаны. Халықтың берекелі ғұмыры да ең әуелі ынтымағымен өлшенеді. Әр тасында тарихтың таңбалы ізі қалған Тараз шаһары да ертеден талай ұлт пен ұлысты бауырына басып келеді. «Көне Тараз» кешенінің аумағындағы Достық үйінде қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың қатысуымен өткен жиын – осының айқын көрінісі.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Сәкен АБЖАПАРОВ

Жиынға өңірде тамырын тереңге жайып ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің этнобірлестік төрағалары, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері және жастар қатысты. Этносаралық тұрақтылықты нығайту мақсатында өткен жиында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» мекемесінің атқарған жұмыстары сараланып, бірқатар ұсыныстар айтылды. Ең әуелі сөз алған Алмас Садубаев шаһардағы этносаралық бірлікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
– Қазақстан халықаралық сарапшылар мойындаған этносаралық татулық пен бірліктің өзіндік үйлесімділігін тапқан бірегей моделін құрды. Тұрақтылық пен келісім – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін мұра. Әрбір қазақстандық өзінің шығу тегіне, этносына қарамастан, оны көзінің қарашығындай сақтауы керек. Отанымыздың және әрбір қазақстандықтың байлығы мен болашағы біздің бірлігімізге байланысты, – деді Алмас Қадірбекұлы.

Расымен, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері атқарып жатқан жұмыс орасан. Әсіресе, әлемді азуына алған қатерлі індеттің салдарынан ай сайынғы кірісінен айырылған жандарға, көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті өңір тұрғындарына көмек қолын созуда ұйым мүшелері ізгілік үлгісін көрсетуде. Аймақтағы «Шиват Цион» еврейлер мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігі 500 маска, 350 антисептик, дезинфекциялау құралдары және жеке гигиеналық заттар, 5 аз қамтылған отбасыға 75 000 теңгеден азық-түлік себетін сыйлады. Еврейлер қоғамдық бірлестігі барлығы 1 065 000 теңге көмегін 250 аз қамтылған жергілікті тұрғынға берді. «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 30 дана маска, 15 дана антисептикалық заттар және азық-түліктермен қамтамасыз етті, сонымен қатар 30 аз қамтылған отбасына барлығы 35 000 теңге көлемінде қайырымдылық көрсетті. «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы 100 000 теңгеге 15 отбасыға антисептикалық заттар және 10 отбасына 100 000 теңгеге азық-түлік түрінде көмек көрсетті. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі көпбалалы 10 отбасыны 100 000 теңгеге азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ 94 470 теңге сомасында 10 аз қамтылған отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар 24 анаға 200 000 теңге көлемінде азық-түлік пакеттері таратылды. «Шиват Цион» Жамбыл облыстық еврей мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Наталья Николаевна демеушілердің көмегімен аз қамтылған отбасыларға жүйелі көмек көрсетуде. Біршама отбасы азық-түлік пен жуғыш құралдар жиынтығын алды. Үш аз қамтылған қартқа тоңазытқыштар жеткізілді. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілді. Этнобірлестік басшылары мен мүшелері атқарған қайырымдылық шаралары мұнымен толастап жатқан жоқ. Ең бастысы, олар өздері ғұмыр кешіп жатқан елдің азаматтарымен бірлесіп қиын күнде бекем бірліктің озық үлгісін көрсетіп жатыр. Жиын барысында атқарылған игі істер хақында аз-кем ақпар беріліп, этнобірлестіктердің басшыларына арнайы алғыс та айтылды. Өз кезегінде Жамбыл облыстық М.Қашқари атындағы ұйғыр этнобірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева өз ойын ортаға салып, атқарған жұмыстары туралы баяндады.
– Біздің көкейіміздегі мәселелерді тыңдауға арнайы келіп, кездесу ұйымдастырып жатқаныңыз қуантады. Мемлекет басшысы айтқандай, қоғамдық диалог жасау арқылы көптеген күрмеулі жағдайларды реттеуге болады. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы. 25 жылда атқарылған іс аз емес. Осы жылдар аралығында мемлекетіміздің қарыштап дамуына үлкен үлес қоса алдық деп есептеймін. Бүгінгідей татулығымыз барда іргеміз сөгілмесі анық. Ұлтаралық саясат өте нәзік мәселе екенін Президентіміз әрдайым айтып отырады. Сол үшін мұндағы әрбір ұлт өкілі осы елдің тарихын, тілін жақсы білуі тиіс. Бұл әлбетте, ең бірінші кезекте, құрметтің нышаны. Ұйғыр этномәдени бірлестігі 1989 жылы ашылған. Ол кезде өңірде 7 этномәдени бірлестік болатын. Біз соның біріміз. Кейін қаладан облысқа өттік. Өзім осы бірлестікті 2004 жылдан бері басқарамын. 2010 жылы бірлестікке ұлы ойшыл М.Қашқаридің есімін бердік. Жұмыс істеп келе жатқанымызға 30 жылдан астам уақыт болыпты. Біздің аталарымыз 1962 жылдары осы өңірге қоныстанған. Келгенде 200-ақ адам болғанбыз. Қазір Жамбыл облысында 3000-ға жуық ұйғыр ұлтының өкілдері тұрады. Бұл көгеріп, көктеп отыруымызға ең әуелі қазақ халқының кең құшағы себеп деп білемін, – деді Мухабат Турдыева.

Сонымен қатар кездесу барысында қала әкімінің орынбасары Жамбыл облысы дүнген мәдени орталықтарының Ассоциациясының төрағасы Идрис Юнусовтың, «Шиват Цион» еврей этномәдени орталығының басшысы Наталья Перфильеваның, «Радонеж» орыс қауымының басшысы Владимир Сорокиннің пікірін тыңдады. Владимир Сорокин өз кезегінде облыс орталығында орналасқан орыстың дара ақыны Сергей Есениннің ескерткішінің маңын абаттандыруды сұрады. Айта кету керек, бұл ескерткіш-бюст Есениннің Қазақстандағы жалғыз бюсті екен. Алмас Қадірбекұлы орыс қауымдастығының төрағасы айтқан бұл өтінішті міндетті түрде қаперге алатынын жеткізіп, ақынның туған күнінде ескерткіш маңында жиналуды ұсынды. Жиын соңында жастар да өз ойларын ортаға салып, ассамблеяның аға мүшелерімен ашық пікірлесті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.