Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық көліктердің қызметі көңіл көншітпейді

Серіктестіктер неге сыннан сабақ алмай отыр?

0 578

Тараз қаласының аумағы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Шаһар маңында жаңа тұрғын үйлер мен елді мекендер пайда болуда. Соған орай қоғамдық көліктерге жүгінетіндердің де қарасы артуда. Алайда аталған қызмет түріне көпшіліктің көңілі тола бермейді. Оған себеп те жоқ емес.

Ресми мәлімет бойынша, шаһарда қалаішілік жолаушылар тасымалымен 9 мердігер компания айналысады. Олардың иелігіндегі 340 автобус күнделікті 34 бағытта қызмет атқарады екен. Дегенмен олардың барлығының дерлік сапасы сын көтере бермейді. Жуырда қалалық қоғамдық кеңестің құрылыс, энергетика, инфрақұрылымды және коммуналдық салаларды дамыту жөніндегі комиссиясы осы мәселе бойынша арнайы мониторинг жүргізген. Соның нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталған.
– Жолаушылар тасымалымен айналысатын жалпы саны 340 автобустың 279-ы жекеменшік, ал қалған 61-і жалға алған көліктер. Ал олардың техникалық жағдайына келер болсақ, 84-інің немесе 25 пайызының пайдалану мерзімі 7 жылдан, кейбірінікі 10 жылдан асып, әбден тозығы жеткен. Мәселен, тапсырыс беруші мен тасымалдаушы арасындағы келісімшартта және конкурстық құжаттарда автопарктер жаңа автобустармен толығып тұруы керектігі міндеттелген. Бірақ бұған серіктестіктер немқұрайлы қарап отыр. Айталық, нарықта жүрген «Саяхат-99», «ДамРус», «ТаразПассТранс», «ArsenTransCompany» компаниялары соңғы 7-10 жылдың көлемінде бірде-бір автобусын жаңартпаған. Тіпті олардың жеке өндірістік-техникалық базасы да жоқ болғандықтан, келісімшарт арқылы өзге кәсіпорындардың тұрағын паналауға мәжбүр. Қаладағы қоғамдық көліктің маршруттық жүйесі бүгінгі күннің талабы мен жолаушылар сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Әрине, қазір қоғамдық көліктердің бағыты өзгеріп, аялдамалары көбейді. Соған қарамастан автобус қатынамайтын елді мекендердің саны да өсуде. Енді бірінің жүру кестесі жолаушыларға қолайсыз болғандықтан, аялдамаларда ұзақ күтуге тура келеді, – дейді комиссия төрағасы Рахманқұл Байтелиев.
Бұған қоса серіктестіктерге субсидия бөлу мәселесінде де кемшіліктер көп көрінеді. Айталық, 2022 жылдың 1 қара-шасындағы жағдай бойынша «ӘулиеатаТрансПасс», «№1 Автобус паркі», «СапарТранс 2012», «ТаразТрансМоторс», «Саяхат-99», «ДамРус», «ТаразПассТранс», «ArsenTransCompany», «Smart City Service» және «CityBus» ЖШС-не ЭМ-моделі бойынша 1 мил-лиард 198 миллион 689 мың 714 теңге субсидия есептелген. Осы қаражаттан 857 миллион 56 мың 692 теңгесі төленіп қойған. Ал 2021 жылдан бергі жергілікті бюджеттің тасымалдаушы кәсіпорындар алдындағы субсидиялық қарызы 367 миллион 674 мың 473 теңгені құраған.

– Жалға алынған 61 автобустың қызметі бойынша қала әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұсынған ағымдағы жылдың келісімшарттарын зерделеу нәтижесі көптеген кемшіліктерді әйгілеп отыр. Мысалы, осы құжаттарда жалға алынған көліктің жүргізушісіне төленетін еңбекақы мен жанармайдан басқа негізсіз шығындар есепке алынып, тек ағымдағы жылдың маусым-тамыз аралығында «ДамРус» ЖШС-не жалпы сомасы 10 миллион 717 мың теңге, «ТаразПассТранс» ЖШС-не 1 миллион 941 мың теңге, «Саяхат-99» ЖШС-не 8 миллион 232 мың теңге, «СапарТранс 2012» ЖШС-не 1 милллион 849 мың теңге субсидиялық қаражат артық төленген. Сондай-ақ «СапарТранс 2012» ЖШС жалға алған 6 автобусының шығындарын өзінің жекеменшігіндегі автобустардың шығындарына негізсіз қоса есептеу нәтижесінде 1 миллион 849 мың теңге артық субсидиялық қаражатты иеленген. Бұл қаржы тәртібін бұзушылық дәйектері ескі көліктерді жалға алып, маршруттарға жіберу есебінен пайда тауып отырған кәсіпкердің тек 3 айдағы қаржылық табысына жасалған сараптама екенін ескерсек, аталмыш кәсіпорындар жолаушылар тасымалдау нарығында жүргелі қаншама бюджеттік қаражатты негізсіз алғанын өзіңіз шамалай беріңіз. Сонымен қатар күнделікті рейске шығуға міндетті 340 автобустың орнына жүргізуші жетіспеушілігінен, автобустардың техникалық жағдайлары жарамсыздығынан және өзге де себептермен, шын мәнінде, олардың 65-70 пайызы ғана шығып отырған-дығын ескеріп, жүргізушілердің жалақысына, жанар-жағармай шығындарына, көліктердің амортизациялық және салық аударымдарына тереңірек үңілсек, мұнда да талай субсидиялық қаражаттың негізсіз талан-таражға түсіп жатқандығын аңғаруға болады. Сонымен қоса автобустардың жоспардағы рейс санын орындамаған сағаттарына қарастырылған шығын тасымалдаушыға келесі айда берілетін субсидиялық қаражатты есептеу кезінде ескеріліп, шегірілуі қажет болатын. Өкінішке орай, мониторингтік топ атқарушы орган ұсынған қайсыбір құжаттарды зерделеу барысында көбіне бұл жағдай ескерілмей, субсидия толық мөлшерде төлене беретіндігіне көз жеткізді. Ал Қазақстан Республикасының «Автомобиль транспорты туралы» Заңының 19-бабының 2-тармағында жолаушыларды қалаішілік барлық бағыттар бойынша тұрақты тасымалдаумен айналысатын автобустардың жолақы тарифін жергілікті атқарушы орган белгілейтіні, аталмыш баптың 6-тармағында «…белгіленген тариф тасымалдаушының рентабельділігін қамтамасыз ете алмаған жағдайда ғана жергілікті атқарушы орган оның ақталмаған шығынын бюджеттік қаражаттан субсидия төлеу есебінен толықтыратындығы» көрсетілген. Осы құжатқа сәйкес, қала әкімдігі 2020 жылы жолақы тарифін 65 теңгеден 85 теңгеге ұлғайту барысында тасымалдаушылардың ақталмайтын шығындарына қоса, автопарктерді жаңғыртуға кететін шығыстарын да ескере отырып олардың пайдасына 015 коэффициент рентабельділік есептелген болатын. Соған қарамастан жолаушылардың күндізгі уақыттағы аздығынан шығынын ақтамайтын кейбір маршруттарға ай сайын бюджеттен қомақты субсидия төленіп отыр. 2021 жылы тасымалдаушылардың шығынын өтеу мақсатында жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 803,5 миллион теңге субсидия берілсе, өткен жылдың 8 айында тасымалдаушылар 950 милли-он теңге субсидия алып үлгерген. Оған қоса қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ай сайын жекелеген әлеуметтік санаттағы мыңдаған азаматтың қалаішілік қоғамдық көлікпен жүру ақысына бюджеттен 3-4,2 миллион теңге бөліп отырады. Тек 2022 жылдың 10 айында оларға 30 миллион 250 мың теңге бюджеттік қаражат бөлінген. Осы жайттарды ескере отырып, тасымалдаушылардың бүгінгі күнгі рентабельділік көрсеткіші кемінде 20-30 пайызды құрап отырғандығын қарапайым арифметикалық жолмен айғақтап беруге болады, – дейді Рахманқұл Тұрсынқұлұлы.
Осыдан біраз уақыт бұрын қоғамдық көліктердің мәселесі талқыланған басқосуда қалалық мәслихат депутаты Эльмира Мырза-Ғали бюджеттен қыруар қаржы субсидия алып отырған серіктестіктер өздерінің міндеттемелерін толық орындауы қажеттігін баса айтқан болатын. Алайда серіктестіктер сол сыннан сабақ алмаған сыңайлы.
Бұдан бөлек, қала шетіндегі елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесінің сақталмайтындығы, бірі жұмысқа, енді бірі үйіне асыққан қарбалас сәттерде аузы-мұрнынан шығып толып келетін автобустардың ұзақ уақытқа кешігіп келуі де айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпқа айналды. Десе де, ол мәселе де шешімін табар емес.
– Автобустардың басым бөлігінде кондиционер орнатылмағандықтан, жазда ыстық, қыста суық болып, жұртшылықтың мазасын қашырады. Оның үстіне адамдарды автобустың аузы-мұрнынан шыққанда толтырып мінгізіп алатыны тағы бар. Аялдамаға дер кезінде келмегендіктен, баратын жерімізге кешігіп жетеді. Ал такси қызметін пайдалануға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Тіпті жүргізушілердің бір-бірімен «ерте жүрдің, кеш жүрдің» деп дауласып жататындары да өз алдына бір әңгіме. Көлік тізгінінде отырып, ұялы телефонмен сағаттап сөйлесетін жүргізушіге жол қауіпсіздігін жолаушылар ескертіп әлек. Бір-бірімен жарыса жөнелгенде зәрең зәр түбіне кетеді. Қазіргі жүрген көліктердің басым бөлігі ескі, жол ортасында бұзылып қалып жатады. Сонда олар осындай жауапты жұмысқа қалайша рұқсат алған? – дейді шаһар тұрғыны Талап Бәйдібеков.
Зейнеткер Баймаханбет Ахметтің де бұл жөнінде өз айтары бар.
– Қаладағы қоғамдық жолаушылар көліктерінің бағыттарын қайта қарау керек секілді. Біраз ретсіздіктер бар. Мысалы, Абай көшесінен басталып А.Асқаров көшесінің бойымен «Нұралы» базары жаққа қарай өтетін №12, 47 автобустардың осы жүрген жолымен ешқайсысы кері қайтпайды. Яғни олардың біразы бір көше асып барып, Пушкин көшесімен кері қайтады. Сол себепті оларға міну үшін Пушкин көшесіндегі аялдамаларға жетіп алуымыз керек. Ал Асқаров көшесінде қала орталығына қарай баратын автобус тоқтайтын аялдамалар жоқ. Болса да олардың бірқатары пайдаланылмай тұр, – дейді Баймаханбет Тоққошқарұлы.
Қалалық мәслихаттың депутаты Дүйсенкүл Керімбаева болса, кей серіктестіктердің Еңбек кодексін сақтамайтынына наразы.
– Тасымалдаушы компаниялардың арасында қызметкерлерін келісім-шартсыз жұмысқа алатындары аз емес. Ал оларға медициналық сақтандыру үшін қаражат төленбейді, сайып келгенде, ақысыз ем ала алмайды. Денсаулықтарына уақытылы қа-рауға шамасы да, мүмкіндігі де болмағандықтан, өмірлеріне қауіп төндіреді. Соның кесірінен таң азаннан қара кешке дейін көліктің тізгінінде отырған азаматтардың көпшілігі бел, омыртқа аурулары, жүрек талмасы, қант диабеті, геморрой сияқты кеселдерге жиі тап болады. Тіпті кейбір серіктестіктердің қожайыны еңбекақыны өз қалауынша бекітіп қойған. Бірі сағатына – 400-600, екіншісі – 600, үшіншісі – 850- 1 000, төртіншісі 1 000-1 320 теңге төлейді. Ешбір заңның нормаларына сай келмейтін жағдайда тер төгіп жүрген жүргізушілерге арналған автопарктегі демалыс бөлмелерінің сиқын көрсеңіз, адам шошырлық. Кейбірінде ондай бөлме атымен жоқ. Жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардың көшбасшысы, осы нарықта 40 жыл қызмет етіп келе жатқан «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-нің өзінде айлықтан бөлек, еңбегі сіңген қарапайым жұмысшыларға материалдық көмек, емдеу-сауықтыру орындарына жолдама, сыйақы ретінде әлеуметтік қолдау ешқашан көрсетілмеген, – дейді Дүйсенкүл Керімқұлқызы.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков те қоғамдық көліктердің қызметінде кемшіліктің бар екенін үнемі жасырмай айтып келеді. Қалалық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында шаһар басшысы: «Кемшіліктердің бар екенін жоққа шығармаймыз. Әсіресе автобус тапшылығы тұрғындарды алаңдатып отыр. Қазіргі таңда облыс орталығына 210 автобустың қажеттілігі туындауда. Ал оған бюджеттен 8 миллиард теңге қаржы керек. Ал бұл қазынаға едәуір салмақ түсіреді. Сондықтан біз бұл мәселені шешу үшін 3 жылға жоспар жасадық. Осы уақыт аралығында шаһарға 210 қоғамдық көлік сатып алуды көздеп отырмыз. Енді қалаға келетін жаңа автобустар орташа сыйымдылықты болмақ. Содан соң шаһардың экологиялық жағдайын ескере отырып, енді келетін автобустардың барлығы газбен жүретін болады. Ол үшін газ құю стансасы салынуда. Құрылыс жұмыстары наурыз айында толығымен аяқталады деп күтілуде. Станса тәулігіне 250 газбен жүретін автобусты қамтамасыз етеді. Газ бағасын білесіздер, сондықтан бұл келешекте тарифке де әсер етіп, жол жүру бағасы төмендеуі мүмкін», – деген еді.
Қоғамдық көліктердің қызметіне көпшіліктің көңілі толмай тұрғаны шындық. Жоғарыдағы пікірлер осыны айғақтайды. Әлбетте, бұл қызметтің сапалы болғаны шаһарға ағылатын туристердің де санын арттыра түспек. Сондықтан барлық мәселе жуық арада шешімін табарына сенім мол.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.