Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық көліктер сағат 22:00-ге дейін жүруі тиіс

0 668
Бүгін таңертең Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарк басшыларымен кездесті. Кездесу сағат таңғы 6:00-ден қызмет көрсететін «ӘулиеатаТранс Пасс» ЖШС базасында өтті. Бүгінгі күні қала аумағында 10 автопарк бар. Олардың жұмыс күні қоғамдық көліктерді техникалық, ал жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізуден басталады,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Кездесуде қала басшысы көлік тасымалының өзекті мәселелерін саралады. Қызмет көрсетушілер тарапынан ЖЖМ жетіспеушілігі, газ колонкаларының болмауы және субсидиялау мәселелері, сондай-ақ билетсіз жүретіндерге қатысты түйіткілдер айтылды. Бүгінгі күні қоғамдық көліктер кешкі 20:00-ге дейін қатынайды. Өз кезегінде қала басшысы облыс орталығында қоғамдық көліктер 22:00-ге дейін жүруі тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ, қала тұрғындары тарапынан шағымдардың жиілеп кеткенін ескере отырып, жүргізушілердің мәдениеті мен көлік айдауын, салонның тазалығын сақтауды міндеттеді. «Қоғамдық көлік қызметі – қала тұрғындары өмірінің маңызды бөлігі. Сондықтан біздің міндетіміз – оны сапалы көрсету», – деп атап өтті шаһар басшысы.
Бүгінгі күні оқу жылының басталуына байланысты қалада қоғамдық көліктің жұмысын сағат 22.00-ге дейін ұзарту қажеттілігі туындауда.
Осыған байланысты қалалық ТҮКШ бөлімі мен мекеме басшыларына қоғамдық көліктің жұмыс режимін сағ 22.00-ге дейін ұзарту жоспарын әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, түнгі маршруттарды жаңарту жүктелді. Атап айтқанда:
Автовокзал – шағын аудандар,
ТЖ вокзалы – автовокзал,
ТЖ вокзалы – шағын аудандар,
Автовокзал – Теміржолдың арғы беті.
Айта кетейік, автобустар жоғарыда аталған бағыттар бойынша сағат 24.00-ге дейін жүруі тиіс.
Бақытжан Әмірбекұлы дүйсенбіге дейін қала тұрғындарының талап-тілегіне сай автобус бағыттарын өзгерту жолдарын қарастыруды тапсырды. Өз кезегінде автопарк өкілдері қала басшысы жүктеген міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асыруға уәде берді.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.