Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық көліктер күн-түн демей қатынайды

0 102

Қоғамдық көлік қызметі – қала тұрғындары өмірінің маңызды бөлігі. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты шаһарда автобустардың жұмыс сағатын ұзарту қажеттілігі де туындағаны белгілі. 

Осыған орай өткен аптада қала әкімі Бақытжан Орынбеков «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС базасында жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарк басшыларымен кездескен болатын.
Басқосуда шаһар басшысы көлік тасымалының өзекті мәселелерін саралап, қызмет көрсетушілер тарапынан газ колонкаларының болмауы және субсидиялау мәселелері, сондай-ақ билетсіз жүретіндерге қатысты түйткілді жайттар қозғалды.

Бүгінгі күні қала аумағында 10 автопарк бар. Оларға тиесілі қоғамдық көліктер кешкі 20:00-ге дейін қатынап келген. Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы облыс орталығында автобус 22:00-ге дейін жүруі тиіс екенін баса жеткізіп, жүргізушілердің мәдениеті мен көлік айдауын, салонның тазалығын сақтауды жүктеді. Сондай-ақ Бақытжан Әмірбекұлы дүйсенбіге дейін қала тұрғындарының талап-тілегіне сай автобус бағыттарын өзгерту жолдарын қарастыруды да тапсырған еді. Өз кезегінде автопарк өкілдері қала басшысы жүктеген міндеттерді кезең-кезеңімен жүзеге асыруға уәде берген.

Соның нәтижесінде қоғамдық көліктердің жүру ұзақтығы 20:00-ден 24.00-ге дейін ұзартылды. Атап айтқанда, №1, 36, 33, 44, 47, 33, 7, 38, 34, 23, 27, 28, 29 автобус бағыттары түнгі сағат 21.00-21.30-ға дейін қатынаса, №16, 8, 9, 32, 12, 30, 11, 46, 19 автобус бағыттары түнгі сағат 22.00-ге дейін жүреді. Ал №55, 30, 40 автобус бағыттары түнгі сағат 24.00-ге дейін тасымалдамақ.

Бұл іске тұрғындар да дән риза. Енді олар түнде еш алаңсыз діттеген жерімізге жететін болдық дейді.

– Әрине, бұл өте құптарлық. Кейде кешкісін шұғыл шаруалармен басқа жаққа кетіп қалсақ, қайтарда автобустың жоқтығынан такси шақыртуға тура келетін. Өздеріңіз білесіздер, олардың қызметі мұндай уақытта шарықтап кетеді. Бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Жаңа оқу жылы басталғандықтан, студенттер мен оқушылардың да қатары көбейді. Мәселеге құлақ асып, тұрғындардың тілегін орындаған қала басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Ербол Елхат.

Осы орайда «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС директоры Рашид Пірмановты сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, қазір түнгі уақытта аялдамада жолаушылар аз болғанымен, кейін бірте-бірте көбейеді дейді.

– 12 қыркүйектен қала әкімінің тапсырмасына орай қоғамдық көліктердің жүру уақыты ұзартылды. Бұған дейін тұрғындар осыған қатысты жиі шағымданатын. Енді сол халықтың тілегі ескеріліп, мәселе шешімін тапты. Әрине, таңнан түнге дейін көлік тізгінінде отыру жүргізушілерге оңай емес. Сол себепті олардың еңбекақысын екі есеге көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді Рашид Сантөреұлы.
Бұқараның базынасына құлақ асқан қала әкімі Бақытжан Орынбеков тек уәде беріп қана қоймай, түйткілдің түйінін тарқатты. «Сөзден – іске!» деген осы болса керек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.