Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық қабылдау – сіздің аулаңызда!

0 194

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың хаттамалық тапсырмасына сәйкес көшпелі қоғамдық қабылдау апталығы басталды. Апталық аясында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев шаһардағы бес округтің тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдамақ.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Шаһар басшысы ең әуелі «Шалғай Қарасу» алқабының тұрғындарымен тілдесіп, көтерер мәселесі, айтар ұсынысы бар азаматтарды жеке-жеке қабылдады. Аумақтағы «Дәмді себет» сауда орталығының алдында өткен жиынға бас-аяғы 53 тұрғын келіп, өздерінің мәселелеріне байланысты тиісті бөлімнің басшыларынан жауап алды.
Тұрғындардың дені аумаққа мектеп керектігін, ауыз су қажеттігін алға тартты. Өз кезегінде Айтқазы Дәулетқұлұлы бұл екі мәселеге биыл нүкте қойылатынын хабарлап, халықты қуантты. 600 орындық мектептің құжаттары әзірленіп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталуға таяу. Ауыз су тартуға бағытталған шаруаларға мердігер компанияның мамандары да бірнеше күн аралығында білек сыбана кіріспек. Шаһар басшылығы сонымен қатар көшелерді жарықтандыруға байланысты сметалық құжаттардың тексерісте екенін түсіндіріп, жобаға 45 күннен соң қаржы бөліну жұмыстары басталатынын жеткізді. Демек, бұл да биылғы жылдың еншісіндегі шаруа. Мұнымен қоса тұрғындардың айтуынша, алқаптағы тұрғындар саны 13 мыңға жетіп отыр. Тиісінше, бала саны да артқан. Ал ойын алаңшалары жоқтың қасы. Қала әкімі бұл мәселені де күн тәртібіне енгізіп, алдағы уақытта жауабын беруге уәде етті.

Ал келесі күні қала әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары, қалалық прокуратура, қалалық полиция басқармасы мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өкілдері «Қант зауыты» алқабының тұрғындарымен кездесу өткізді. Таңғы 10-нан кешкі 17:00-ге дейін жалғасқан көшпелі қоғамдық қабылдауға жеке сұрақтарымен келген азаматтардың қарасы қалың болды. Арнайы санитарлық талапқа сай ұйымдастырылған мұндай кездесу екі ай оқшаулануда болған бұқара үшін аса тиімді болып отыр.

Тұрғындардың негізгі мәселелері жол, көше жарығы, жол белгілерін орнату, әлеуметтік көмектер тағайындау төңірегінде өрбіді. Байқоразов көшесіндегі бірінші бұрылыс тұрғыны Қанатбек Әбдібаев өзі тұратын аумақтағы халықтың ортақ тілегін жеткізе келген екен.

– Біздің көшенің бойына жарық жүргізіп берсе деген тілегіміз бар. Балалар жаздыгүні далада жүреді. Олардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Қарияларға да қиын. Оның үстіне жақын маңдағы «Базарбай» каналынан су ағып жатыр. Сонымен қатар алқапқа өтетін басты темір жол өткеліне жаяу жүргіншілерге арналған жол керек. Жиі-жиі кісі өлімі орын алып жатыр. Қауіпті аумаққа басшылық назар аударса екен. Көлік апаты да жиілеп кетті, – дейді маман.

Сондай-ақ өзге тұрғындардың айтуынша, бұл мәселелер бірнеше рет қала әкімдігіне жолданған. Алайда басшылықтың ауысуына байланысты қараусыз қалып отырған. Қанатбек Әбдібаев тұрғындардың ортақ базынасын тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлына тиянақтап түсіндіріп, жауапты маманнан қанағаттанарлық жауап алды. Зият Тұрсынұлы бұл жайттардың барлығын күн тәртібіне енгізетінін жеткізді.

Аумақтағы қордаланған мәселелер турасында №4 аумақтық округтің инспекторы Болатбек Бекзат тарқатып айтып берді.

– Бұл аудан «Тектұрмас», «Кірпіш зауыты», «Барысхан», «Қарасай», «Қант зауыты» алқаптарымен бірге төртінші аумақтық округтің құрамына енген. «Тектұрмас» алқабында ауыз су жайы күн тәртібінен түспей тұр. Бау-бақша суаратын арық жүйесі іске қосылмаған. Талас өзенінде су азайса, бұл аумақтың мал шаруашылығымен айналысатын азаматтары әбігерге түседі. «Кірпіш зауыты» алқабында жарық пен тас жол мәселесі өзекті. Биыл ауыз су тартылуда. Аталған мәселелер кезегімен шешіледі деп күтілуде. «Барысхан» алқабына қоғамдық көлік кірмейді. Себебі асфальт төселмеген. Қазір мұнда ауыз су тартудың екінші кезеңі жүргізілуде. 2021 жылы тұрғындар таза ауыз су пайдаланатын болады. «Қарасайда» 10 көше бар. Оның бір көшесіне ғана тас жол төселіп, жарықтандырылған. Бұл алқапта газ құбырларын жаңғырту шаралары қарқынды жүріп жатыр. Сол себепті бүгін-ертең асфальт төселмейді. Себебі суға, газға бөлек жер қазып жүру тиімсіз.

Инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған соң ғана тұрғындар тілегі орындалып, асфальт төселеді. Аздаған төзім керек, – дейді бас инспектор.

Қала әкімінің орынбасары Асхат Қамқабайұлының айтуынша, мұнда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының аясында 8 инфрақұрылымдық жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ 7 бірдей жоба жергілікті бюджет есебінен орындалуда. Айта кету керек, апта соңына дейін қаладағы тағы үш аумақта дәл осындай көшпелі қоғамдық қабылдау жүргізілетін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.