Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғам кеселімен күресте алдыңғы қатарда

0 1  115

Нашақорлық және есірткіге қарсы күрес әлем елдерінде қай кезде де өзекті мәселе саналып келеді. Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіргеніне қарамастан, есірткіге есі кеткендердің қарасы азаймай тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Нәтижесінде әлемде нашақорлыққа салынған адамдардың саны 275 миллионға жеткен. Бұдан бөлек, есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр.

19 миллион халқы бар Қазақстан үшін есірткіге елітудің көрсеткіштері ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Содан болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударды. «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тəркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан əрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны əлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті үйге əкеліп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті əрі ауқымды əлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге жəне таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен жəне есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын əзірлеу қажет», – деп тапсырды ел Президенті.


Мәселенің еліміздегі ең жоғары мінберден көтерілуінің өзінен нашақорлықтың ұлт саулығына үлкен қатер тудырып отырғанын аңғаруға болады. Есірткіге тәуелділік мәселесі 7 мыңнан астам тұрғыны есірткі заттарын тұтынушы ретінде арнайы есепте тұрған Жамбыл облысы үшін де өзекті. Сол себепті қауіпті қоғамдық кеселмен күрес жұмыстары Тараз қаласында да қарқынды қолға алынған. Облыс халқының зиянды әдетке салынуымен күресті қазіргі уақытта Жамбыл облыстық психологиялық денсаулық орталығы жүргізіп келеді. Психикалық денсаулық саласында облыс халқына қолжетімді білікті көмек көрсетумен айналысатын орталық азаматтарды зиянды тәуелділіктен арылтуда алдыңғы қатарлы тәсілдер мен заманауи технологиялардың көмегіне жүгініп, нәтижелі еңбек етіп отыр.
– Есірткіге тәуелділік секілді өте қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық препараттардың өндірісімен және таралуымен күресу жалпыұлттық сипатқа ие болуы керек. Сондықтан психикалық денсаулық орталығы зертханалық қызметті қайта жарақтандыру мәселесін бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде қойды. Оның нәтижелері – қазіргі заманғы медициналық, аналитикалық және криминалистикалық практиканың маңызды буыны. Соңғы жылдары синтетикалық есірткі құралдарының саны және сәйкесінше танымалдығы тез артып келеді, олар «дәмдеуіш», тұз және өзге де атауларымен белгілі «дизайнерлік есірткі» деп аталады. Сондықтан жоғары дәлдікке ие жабдықта заманауи әдістерді енгізу ерекше маңызға ие болып отыр. Қызметті дамытудың стратегиялық жоспары аясында зертханалық зерттеулердің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы жергілікті атқарушы органдардың, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен зертханаларды заманауи жоғары дәлдіктегі жабдықтармен жүйелі жарақтандыруды жүргізуде. Бұл ретте адамның биологиялық орталарында алкоголь деңгейін және есірткіні қолдану фактісін айқындау әдістемелеріне ерекше талаптар қойылады, – дейді Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Жетібаев.
Серік Дүйсенәліұлының айтуынша, есірткі болып саналатын синтетикалық препараттардың химиялық құрамы үнемі өзгеріп отыратынына байланысты оларды анықтау жыл өткен сайын қиындап келеді екен. Сондықтан аталған жайт барынша сезімтал әрі дәлдікке сүйенген әдістерді енгізуді талап етіп отырған көрінеді. Бұл ретте орталықтың токсико-химиялық зертханасына жуырда ғана алынған «Хроматэк-Кристалл 5000» екі хроматографы зерттеулердің тынысын ашқалы отыр.
– Газохроматографтың есірткіні анықтау мүмкіндігі іс жүзінде шексіз. Өйткені бұл әдіс белсенді заттың пайыздық анықтамасы бар жаппай селективті детектордың көмегімен кез келген препаратты иондарға бөлуге негізделген. Аталған қондырғылардың көмегімен біз тіпті синтетикалық препараттарды анықтауға мүмкіндік алып отырмыз. Бұған дейін тұздар, дәмдеуіштер, амфетаминдер өндірушілердің химиялық формуласының үнемі өзгеруіне байланысты анықталмай келген еді, – дейді бас дәрігердің орынбасары Гүлмира Каримова.
Ал екінші қондырғы қан мен зәрдегі алкогольдің қалдық мөлшерін анықтауға бағытталған. Осының нәтижесінде анықталатын спирттердің спектрі 4 есеге өскен. Жаңа технология көмегімен құрамында 0,01 мг/л дәлдікпен алкоголь бар сұйықтықтарға дейін кез келген шыққан спирттер анықталмақ.
Бұл икемді және сенімді құрылғылар бүгінде кез келген күрделі ахуалдың аналитикалық мәселелерін шешпек. Сондай-ақ алдыңғы модельдердің ең жақсы әзірлемелері мен жаңа инженерлік-техникалық шешімдерді біріктіреді. Айта кетер жайт, бұл жоғары дәлдіктегі аспаптарға Жамбыл облысы Қазақстанның медициналық ұйымдары арасында бірінші болып қол жеткізіп отыр.
Қазіргі уақытта орталықтың зертханалары Ұлттық аккредиттеу орталығы деңгейінде халықаралық аккредиттеуге дайындалуда. Бұл зертханалық және аспаптық зерттеулер спектрін ұлғайтып, халыққа мамандандырылған көмек көрсету сапасын жақсартпақ. Орталық басшысының айтуынша, зертхана жұмысына қажетті жаңа қондырғыларды орнату жұмыстар ары қарай да жалғасын таба бермек. Бұл мақсатта орталық Жамбыл облысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша кешенді бағдарлама құруға бастама көтеріп отыр.

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.