Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғам қайраткеріне құрмет

0 900

«Qazaqstan dauiri» газетінің ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен, еліміздегі саяси партиялармен және «ЕлАна» ақпараттық агенттігімен бірлескен «Ауыл аманаты: Ауыл – ел бесігі» атты дәстүрлі экспедициясы биыл да өз жалғасын тауып келеді. Аталған ауқымды жоба аясында республикамызды аралап, ұлт болашағы тақырыбында өзекті мәселелерді ортаға салып жүрген халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналын бауырына алған «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы Таразға табан тіреді.
4 мамырдан бері облыс аудандарында «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі дөңгелек үстел өткізіп, көне шаһарға ат басын бұрған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерін қала әкімі Бақытжан Орынбеков қабылдап, облыс орталығының бүгінгі ахуалымен, ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен таныстырып, қаланың проблемаларына, инвестиция тарту ісіне де тоқталды.
Келесі кезекте сөз алған Сәуле Мешітбайқызы бұл жолғы сапарының мақсаты аймақтардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, тұрғындарының талап-тілегін тыңдап қана қоймай, елдің назарын бала тәрбиесіне де бұру, ұлттық идеологияны жүйелеу екенін айтты.

– Өзіңіз білесіз, қазір мына ақпараттық технология деген үлкен мәселеге айналып келеді. Пайдасынан зияны басым болып бара жатқан сияқты. Жастардың азаннан қара кешке дейін телефон құшақтап жататынының денсаулыққа, көзге зиян екені бір бөлек, ондағы тәрбиелік мәні жұрдай, азғындаған, мейірім-шуақтан жұрдай контенттердің зардабы одан екі есе. Одан қалса, сол ғаламтордағы әлеуметтік желідегі болып жатқан өмір жағаңды ұстатады. Бір-бірін талап жеген ел, мейірімнен жұрдай ата- ана – міне, осының бәрі біздің ұрпақ тәрбиесі жолындағы жұмысымыздың бәріне кедергісін келтіріп келеді, – деді С.Мешітбайқызы.
Жалпы кездесу барысында ұлттық құндылықтар, мәдениет, тіл төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіп, қала басшылығы мен газеттің рухани байланысы, әріптестік жобалары жайы да талқыланды. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын тоқтап қалған «Таразым – темірқазығым» атты арнайы бетті қайта қолға алу жөнінде қос тарап уағдаласты. Кезінде бұл арнайы бет халықаралық газет пен қала арасындағы жақсы жоба болған.
Қала әкімі кездесу соңында әлеуметтік желінің жастарды бұзып жатқаны және оның тәрбие жұмыстарына көп қиындық тудырып жатқаны жайлы да өз ойын ортаға салды. С.Мешітбайқызы жетекшілік ететін басылыммен алдағы уақытта байланысты нығайта түсуге ниетті екенін атап өтті.
Сондай-ақ осы күні Сәуле Мешітбайқызының қатысуымен «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ» атты көшпелі дөнгелек үстел өтті. Аталған іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Тараз қалалық аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің білім саласы бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Баймұрат Жақсыбеков, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали қатысып, өз баяндамаларын оқыды. Сондай-ақ Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова, мектеп басшылары, директордың тәрбие, құқық ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары қатысты.
Ұлттық тәрбиенің рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне басымдық беру, әкелер мектебін қалыптастыруды мақсат еткен шараға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыздағы Жолдауында айтылған еліміздің экономикасын өркендетуге, ел бірлігі мен ынтымағын арттыруға, рухани байлығын кемелдендіруге бағытталған тапсырмалары өзек етіп алынған.
Бұдан кейін шара облыстық «Инабатты ару» байқауына ұласты.

Айдар АЙНАБАЛА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.