Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Нумерология деген бір сиқыр

0 25

Жаратқан саналы адамның тіршілігінің барлығын сандарға әкеп тіреп қойған. Ал әр санның өз сиқыры барын білесіз бе? Тіпті нумерология ғылымының өзіндік сіз білмейтін сыры бар. Сандар, тіпті, сіздің тағдырыңызды өзгертіп, өміріңізге басқа қырынан қарауға септігін тигізуге қауқарлы. Ол қалай дейсіз ғой?..

Сандардың біздің өміріміздегі орны қандай?

Бүгінгі адам сандарсыз өмірін елесте алмайтыны анық. Адамның тұла бойынан бастап, жүріп-тұруы, ішіп-жемі, еңбегі мен демалысы – барлығы да сандарға тәуелді. Бүгінде есепсіз күнімізді елестету мүмкін емес. Сандардың дәурені жүріп тұр. Тіпті, тауарларды айтпағанда, адамдардың өзіне ғана тән жеке сандары болады дегенді біраз жыл бұрын айтқанда ешкім сенбес еді. Бүгінде тауарды сатып алу, қарыз алу және басқа да істер белгілі сандармен бекітілген нөмірлер арқылы жүзеге асырылады. Ақпараттық заманда кез келген хабар, мәтін белгілі сандардан құралған код арқылы жеткізіледі. Әр аттам жерде біз сандармен кездесеміз. Оларға көзіміз үйренгені соншалық, оларға мән де бермейтін болғанбыз.
Көне грек ойшылы Пифагордың айтуынша, дүниедегінің барлығын есептеп шығуға әрі математикалық анықтама беруге болады екен. Тіпті, оның сандарға деген қызығушылығы нумерология ғылымның құрылуына себепші болған. Ол – тоғыз саннан тұратын ерекше «сиқырлы шаршы» аталатын кесте құрап, сол сандардың ішіне әлемнің үйлесімділігін сыйғыза білген бірден-бір ғалым.
Бірде атақты америкалық автомобиль компаниясының негізін салушы Генри Фордтың көзі сол «сиқырлы шаршыға» түседі. Ежелгі гректер Пифагордың кестесін алтын, күміс, бидай, басқа да қазыналары бар қоймаларға дүние-мүлкі молайсын деген ниетпен іліп қояды деген деректер бар. Ал Форд Пифагордың сандар шаршы кестесін доллар банкнотына сызып алып, әмиян түбіне салып, ел көзінен таса ұстаған көрінеді. Содан бері оның ісі алға баса бастапты деседі.
Бұдан өзге таңғажайып сандардан құрылған Юпитер шаршысы бар. Бұл сандар тізімін қызыл жібекке жазып, бөлменің оңтүстік бұрышына қойса, дәулетіңіз арта түседі деген сенім бар. Қай жағынан санасаңыз да 34 санына тең келетін шаршы алдыңғы шаршылардан мәртебелі саналады.

Сандар сиқыры қайдан басталды?

Жалпы, сандар сиқыры көне дәуірден бері адам өмірінде маңызға ие болып келеді. Ежелгі ғалымдар сандардың ерекше әрі таңғажайып қасиетке ие екенін зерттеп шыққан. Бұл үрдіс діни нанымдарда да көрініс тапты. Киелі жазбаларда болашақта болатын оқиғалар мен қилы тағдырлар жайы сандар құпиясымен жеткізілген. Алғаш рет сандардың сиқырлы қасиетін ежелгі мысырлықтар, үндістер және халдейлер зерттеген. Олар өздерінің жаңалықтарының бәрін көзайым ете бермеген. Ежелгі иудейлердің «Жаратылыстың бастауы» кітабындағы бейнелеулерге құлақ ассақ, әлем сандар мен әріптер арқылы жаратылған.

Сандар сөйлесе..

Қазіргі таңда нумерологияның түр-түрі бар. Мысалы, туған күн нумерологиясы, Пифагордың сандар философиясы, үнді нумерологиясы, денсаулық нумерологиясы… Тіпті, есіміңіздің де сізден жасырған нумерологиялық сыры болады. Әр адамның өзіне жақын саны, нөмірі болатын жағдайлар жетерлік.
Кейде жиі кездесетін сандарға мән бермей өте шығамыз. Алайда олардың да сіздер жайлы айтатыны бар екен… Мысалы, сіздің туған күніңіз 23.05.1993. 23=2+3=5. 05=0+5=5. 1993=22=2+2=4. 5+5+4=14. 14=1+4=5. Яғни, бізге керегі – 5 саны.
0 – материалдық табиғаттың құпияларына толы. Бұл нөмір жан-жақты энергияны, үйлесімділік пен ақиқатты білдіреді. Егер алдыңыздан қайталанған нөлдер кездесетін болса, өзіңізді рухани жағынан дамыту қажет екенін ұмытпағайсыз. Туа біткен мүмкіндіктер мен күш-қуаттың белгісі болғандықтан, бұл санға қатысы бар адамдар талантты әрі қайсар болады. Алайда оны қалай қолдану керектігін жете түсінбейді.
1 – ойлау қабілетінің тиянақтылығын білдіреді. Басқалардың ойына құлақ аспайтын, жеке тәжірибесіне сүйенетін сан. Батылдық, қайсарлық пен тапқырлық тән. Адамдарды басқару мен оларды көндіру қиынға соқпайды. Нағыз көшбасшының белгісі. Алайда, бұл санның жаман қасиеттері де жоқ емес. Мысалы, шектен тыс сенімділік өркөкіректік пен қырсықтыққа әкеліп соғады.
2 – мейірімділік, жомарттық, нақтылық пен түсіністікті білдіреді. Аздап романтизм мен интуиция бар. Жалпы, еш кемшілігі жоқ періште сынды дерсің. Өмірдегі тұрақтылық пен тепе-теңдікті білдіргенімен, барлығы үнемі жақсы бола бермейді. Сол себепті, мұндай қасиеттерге тән адамды кездестіру мүмкін емес.
3 – өмірсүйгіштік пен оптимизмнің белгісі. Бұл санмен байланысы бар жан өзіне сенімді және ұсақ-түйекке мән бермейді. Бірақ, сізге бөлінген көңіл мен уақыт аз мөлшерде болса, өмірден түңіліп кетуіңіз ғажап емес. Өзгелердің тарапынан сізге үнемі қызығушылық болуы керек, қарсы жағдайда сіз әлемді қатігез деп танисыз.
4 – төзімділік, еңбекқорлық пен өз принциптеріне адалдық. Бұл санның қасиеттерін тек ерлерге тән деп айтуымызға болады. Бірақ бұл қасиеттер көбіне әйел затының бойында кездеседі. Бұл өмірде ешнәрсенің тегін келмейтінін, барлық нәрсенің өтемі бар екенін жақсы түсінетін адамдарға тән. Кез келген ортада белсенділік танытып, не істеу керегін нақты білетін жандардың саны. Сізді барлығы құрметтегенмен, жақтайтындар санаулы. Бұл санмен туылғандар көбінесе өте қырсық әрі іш пыстырарлық болып келеді. Олар өз дегендерін дәлелдеп, басқалардың қателіктерін бетіне басқанды аса ұнатады. Адамдарға күмәнмен қарап, уақытты бос кетірмейді.
5 – сандардың арасындағы ең мықтысы. Өмірге деген бейімділік, тапқырлық пен табиғаты ерекше заттарға деген құштарлықты білдіреді. Сіздің энергияңыз кез келген өзгерісті оңай өткеруге көмектеседі әрі кез келген жағдайдан оңай шығып кететініңізге бек сенімдісіз. Қандай жағдай болмасын, қорықпай, алға ұмтылыңыз. 5 саны сізге көмектеседі!
6 – бұл санның жақсы қасиеті – адамдарға деген ерекше ықыластың болуы. Қызметте сіз өте қатал әрі талапшыл бастық болуыңыз мүмкін. Алайда адамның өмірі мен жеке басын қатты құрметтейсіз. Дүниедегі ең бағалы зат сөз еркінді деп білесіз. Қолыңыздағы барды беруге дайын жанашыр адамдар осы санның меншігінде. Сіздің жақындарыңыз сізге үнемі иық тірей алатынын жақсы біледі. Сонымен қатар басқалардың қамы үшін өз қызығушылықтарыңыздан бас тартуға дейін барасыз. Ол өз кезегінде сізге көптеген қиын мәселелер туғызуы мүмкін.
7 – бұл санның басты ерекшелігі – ойлау қабілеті мен іштегі тыныштықтың жоғарғы деңгейде танылуы. Кез келген қиын сұрақтың жауабын да еш қиындықсыз тауып алады. Өмірде болатын әртүрлі жағдайларда бұл қасиет септігін тигізеді. Жаман қасиеттері – сыпайылық болмайды, жақсы мінез атымен жоқ. Ол туралы ел не ойлайтыны мүлде қызықтырмайды. Қолайлы сәт туған кезде басқалардан ерекше екенін еске салып отырады. Сол арқылы достарынан айырылып, адамдармен қарым-қатынасы қиындай түседі.
8 – іскерлік шеберлік пен батылдық осы санға тән қасиет. Осы санмен туған адамдар әлемді басқарады. Олар үшін алынбайтын асу, берілмейтін қамал жоқ. Алға қойған мақсаты мен оған жететін жолды нақты көреді. Сол себепті, қашан не істеу керек екенін жақсы біледі. Қатігез болғанымен, адал. Жақындары мен сүйіктілері үшін одан асқан қамқоршы жоқ. Жағымсыз жағы – бағынышты адамдарды қанау мен өркөкіректігі оны үнемі аяқтан шалады. Қызметтегі қаталдығы күнделікті өмірдегі имиджге өз зиянын тигізуі мүмкін.
9 – аса мейірбан жандар, адамдарды бірдей жақсы көреді, оларға қуана-қуана көмек қолын созады. Табиғатыңыздан адамдарды жақын тартасыз, олар да сізбен дос, серіктес, әріптес болуға ұмтылады. Дегенмен, айналадағы барлық нәрсені драмаға айналдырғанды әдетке айналдырған. Барлығы жақсы болса, сізден шуақты жан табылмас. Бірақ, кішкене нәрсе үшін жанжал шығарып, қоршаған ортаңызды терең депрессияға ұшыратуыңыз ғажап емес.
Әрине, бұл келтіргеніміз тек бір мысал ғана. Ал бүгінде нумерология, сюцай сынды сандардың сиқырын зерттеп, оны ілім ретінде сататын коучтар мен психологтардың жарнамасы желіде қаптап жүр. Ал туған күніңіз бойынша бала жоспарлау, оның жынысын анықтап берем дейтіндерге не дейміз? Десек те сандардың сиқырына сену-сенбеу әркімнің өз еркінде.

Түйін

«Сандар әлемді басқармайды, бірақ қалай басқару керегін үйретеді», – деп ойшыл әрі ақын Гете айтқандай, сандар төңірегінде үлкен сыр бар екені шын. Әр санның астарында белгілі бір ойдың барына шүбә келтіре қоймаспыз. Дегенмен, сандардың құпиясын ашуға ұмтылып, тек сол сырдың жетегінде жүру жөн бола қоймас.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.