Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өнертабыс саласының үздігі

0 379

«Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ» деген екен ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби. Расында, өркениет көшіне ілесуді мақсат тұтқан елдер білім-ғылымның дамуына күш салуда. Біздің елімізде де ғылымға ғұмырын арнаған жандар аз емес. Солардың бірі – техника ғылымдарының докторы, «ҚР Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атағының иегері, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Сейітхан Қойбақов.

Сейітхан Мелдебекұлы еңбек жолын 1973 жылы «Жамбылсельстрой-20» тресінің өндірісті техникалық жабдықтау басқармасында жұмысшы болып бастаған. Павлодар қаласындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Солтүстік Қазақстан кешенді бөліміне кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа тұрған Сейітхан Мелдебекұлы үлкен ғылымға түрен салды. Аспирантура мен докторантураны тәмамдап, ғылым кандидаты, ғылым докторы ғылыми дәрежелеріне қол жеткізді. Университетте аға ғылыми қызметкер, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметтерін абыроймен атқарды.
– Мен өзім Жамбыл облысы, Жуалы ауданының қазіргі Шыңбұлақ ауылындағы көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Еңбек жолымды 1973 жылы «Жамбылсельстрой-20» тресінің өндірісті техникалық жабдықтау басқармасында жұмысшы болып бастадым. 1975 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, оны «Гидромелиорация» мамандығы бойынша 1980 жылы үздік дипломмен бітіріп шықтым. Содан кейін жолдамамен Павлодар қаласындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Солтүстік Қазақстан кешенді бөліміне жұмысқа жолдандым. Осылайша ғылымға қадам басып, содан бері хал-қадірім жеткенше еңбек етіп келемін, – дейді ғалым.
1997 жылы доцент, 2011 жылы профессор ғылыми атақтарын иеленген ол ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысып келеді. Бірқатар отандық және халықаралық жобалардың жетекшісі болды. Ғылыми-зерттеу нәтижелері бірқатар жоғары рейтингтік ғылыми басылымдарда жарияланып, ғылыми жаңалықтары 50 патентпен қорғалған. Халықаралық Экология және өмір тіршілік қауіпсіздігі ғылымдар академиясының, БҰҰ-ның қауымдасқан Қоғамдық ақпарат департаментінің және ЭКОСОС-тың шешімімен С.М.Қойбақовқа «Безопасность гидротехнических сооружений в условиях сурового климата» атты монографиясы үшін «Еңбек сіңірген автор» Құрметті атағы беріліп, «Ғылыми әдебиетке қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
2020 жылы профессор С.М.Қойбақовтың жетекшілігімен жасақталған ғылыми топ Өзбекстандағы Арал теңізінің бұрынғы аймағы – Қарақалпақстанға назар аудара отырып, қаржыландыру көлемі 22 500 АҚШ доллары болатын «Орталық Азиядағы жерасты суларын тұрақты дамыту үшін институционалдық әлеуетті дамыту» жобасы бойынша зерттеу жұмыстарын аяқтады. Сонымен қатар құны 7 968 фунт стерлинг болатын Ұлыбританияның Стерлинг университетімен «Использование биоразно-образия и энергетической справедливости для разрешения конфликтов между целями устойчивого развития» тақырыбында 2021-2024 жылдарға арналған халықаралық жобаға келісімшарт жасалды.
Профессор Қойбақовтың өнертабыстары магистральды, шаруашылық-аралық каналдар мен суару желісін қамтитын суару жүйелерін пайдалану нәтижесінде жел әсерінен қармен, топырақпен, құрғақ өсімдіктермен өз арналарының су басуына байланысты проблемаларға арналған.
Профессор Солтүстік және Орталық Қазақстан аймақтарында гидромелиоративтік және гидротехникалық құрылыстар арналарының жел әсерінен болатын су басу проблемасын зерттеген. Нәтижесінде көрсетілген өңірдің қар түріндегі жауын-шашынның едәуір мөлшерімен және қарқынды жел әсерінен болатын гидрометеорологиялық құбылыстар мен процестердің пайда болуы мен дамуының физикалық тетігін есепке алып, гидротехникалық және мелиорациялық обьектілердің жұмысында жел әсерінен болатын төтенше жағдайлардың алдын алудың тиімді әдістерін ойлап тапқан.
Құрылыстардың «қаңбақ» құрғақ өсімдіктер кептелісінің әсерінен технологиялық процестің бұзылуына байланысты су шаруашылығы объектілерінің жұмысын тоқтату халық шаруашылығында, атап айтқанда ауыл шаруашылығында, балық аулауда және елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету үлкен шығындарға байланысты. Су шаруашылығы объектілеріндегі «қаңбақ» құрғақ өсімдіктер кептелісін жою көп уақытты қажет етеді және айтарлықтай қаржылық шығындарды қажет ететін үлкен қиындықтармен байланысты жұмыс. Қазіргі уақытта мұндай құбылыстардың алдын алу және оларға қарсы күрес шаралары бойынша тиімді технологиялар жоқ. Міне, ғалымның өнертапқыштық қабілеті, осы мәселелерді шешуге көмектесті.
Сонымен қатар С.Қойбақов қарлы боран жағдайында гидромелиорациялық нысандарды пайдалану тәжірибесімен топырақтың дефляциясы каналдардың арналарын қоқыстардан механикалық тазарту өндірістік емес шығындарға әкелетінін және су объектілерін пайдалану шығындарын күрт арттыратынын ескеріп, техникалық қызмет көрсету шығындарын азайту үшін мелиорациялық каналдардың арналарында қар құрсауының алдын алу үшін инженерлік шаралардың әдістерін ұсынды.
– Бірінші болып қолға алған жобам канал бетіндегі мұзды бұрғылап, оның қалыңдығын өлшеу, қар үйінділерінің көлемін анықтау, каналдың қай бөлігіне қар қалай түсетінін айқындауға қатысты еді. Жалпы менің ғылымдағы бағытым – осы. Бұған бірнеше жыл уақытымды сарп еттім. Әлбетте, сынау, зерттеу жұмыстарының нәтижелері арнайы формулаларға түсіріліп, одан есеп-қисапқа, көптеген сызулар мен кестелерге, сурет-схемаларға айналды. 1973 жылы «Ертіс-Қарағанды» каналы іске қосылған болатын. Оның ерекшелігі – Павлодардағы Ертіс өзенінің суын Екібастұз, Қарағанды, Жезқазған арқылы оңтүстікке жеткізу еді. Ол жақта үнемі қатты боран соғады. Соның салдарынан терең каналға қар үйіліп қалады. Тіпті қардың тереңдігі 15-20 метрге дейін жетеді. Содан соң су деңгейі ары-бері ауытқып, мұз жарылады. Ал бұл үстіндегі қардың каналдың суын сорып алуына әкеледі. Содан болар, су ақпай, кептеліп қалады. Елді мекендерді су шаю апаттары осындай жайттардың кесірінен орын алады. Сол жылдары дәл осындай 2-3 апат тіркелгеннен кейін бізге зерттеуге тапсырма берілді. Зерттеу тобының құрамына алынып, осы тақырыпты диссертацияға арқау еттім. Новосибирск қаласындағы В.В.Куйбышев атындағы инженерлік құрылыс институтында кандидаттық диссертациямды сәтті қорғаған соң қасымдағы әріптестерім осы жоба бойынша патент алуға кеңес берді. Осылайша 1990 жылы алғашқы зияткерлік меншігіме қол жеткіздім. Тұңғыш рет борасын қар суыру себебінен гидротехникалық құрылымдарда, автомобиль және теміржолдарда қар үйіндісі пайда болу механизмін анықтап, сол арқылы алғашқы болып қар үйіндісінің есебі методикасын және одан пайда болу қиындықтарын болжау тәсілін ұсынып, соның негізінде қар үйінділерімен күресудің бірнеше жаңа тәсілі ойлап табылды, – дейді ол.
Профессор С.Қойбақовтың ұзақ мерзімді табиғи зерттеулеріне негізделген инженерлік шешімдері су шаруашылығы объектілеріндегі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін өте пайдалы және ұсынылған өнертабыстарды қолдану айтарлықтай қаржы мен еңбек ресурстарын үнемдеуді қамтамасыз етеді.
Ғалымның ел экономикасына тигізер пайдасы мол өнертабысы жетерлік. Оның есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Ол гидротехника саласындағы «Құрметті құрылысшы», техникалық прогреске қосқан үлесі және өнертабыс саласындағы жемісті қызметі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атақтарын иеленген алғашқы азаматтардың бірі. Оның ашқан өнертабыстарына КСРО мен Қазақстанның бірнеше рет авторлық патенттері берілген.
С.М.Қойбақов бірқатар қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқаруда. Атап айтсақ, ол бүгінде Республикалық «Ғалымдар одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы, Шу және Талас өзендерінің су шаруашылығы құрылымдарын мемлекетаралық пайдалану бойынша Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасының мемлекетаралық комиссиясының мүшесі, «Туған өлке» аймақтың тұрақты дамуына атсалысу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан геотехникалық қауымдастығының мүшесі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы. Бұл жетістіктің бәрі ең әуелі тынымсыз еңбектiң, өз пiкiрiн тура айтатын турашылдық пен әдiлеттiлiктiң, шынайы қарапайымдылықтың арқасы деп білеміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.