Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өнерлінің өрісі кең

0 406

Қазіргі таңда қалам мен қағазды жанына жолдас қылып жүрген ақын-жазушыларымыз өте көп. Әндерін әдемі сөздерімен өрнектей білген ақындарымыз саз өнерінің саңлақтар сапы дәуір тезінде толыспаса, кеміген емес.

Осындай өз әндерін іштен тынғызбай сыртқа паш етіп, жұртты таңғалдыра білген ақынымыз – Қайрат Әшірәліұлы. Маржандай тізілген сөздері, мағынасы айқын, тілі орамды жұп-жұмыр сөйлемдері, ең бастысы, төрт тақырыптың аясына топтасқан тегеурінді ой-тұжырымдары кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Бейсембаевтың табиғатынан тілге жүйрік шешендігі, өлеңге әуес ақындығы, ән шығаратын сазгерлігі жарым қазаққа әйгілі. Қайраттай өнерлі де өрелі жандардың «Бала дос», «Бірлесім», «Ақ тілек», «Бота-Бота», «Сағыныш» «Асыл жарым», «Ұлға тілек», «Қызға тілек», «Немерем» сынды мазмұнды әндерді жазуының өзі тектілікті танытса, тыңдарманның қазақы қанын қуаныштан тасытпай қоймас.
Әдемі Әнұраным сазы бөлек,
Алтын күн аспанында назы бөлек.
Халқымның қуанышын құтты қылған,
Қазақтың мерекелі жазы бөлек, – деп қазағымызға рәміздеріміздің қаншалықты орны биік,еліміз үшін маңызды екенін осындай өлең жолдарымен айтып кеткен.
Ақын өлеңдерін оқу арқылы әкесінің өзі үшін орны қандай ерекше екенін байқай аламыз. Қайрат әкесі Әшірәліге деген аңсарлықтың, сағыныштың шегі мен шеті жоқ екенін сұлу саздың келісті ырғағымен, шымыр ұйқасты шырайлы сөздерімен «Әкені аңсау» атты ән жинағымен жеткізе білген. Алайда кез келген жерде ата-анаға деген махаббат қатар жүргендіктен, Қайрат Әшірәліұлының авторлығымен жарыққа шыққан «Менің анам» жыр жинағы оның шығармашылығын толықтырды. Кітапта автордың әр жылдары жазған жүрекжарды жырлары жарияланған. Оның ел ішінде танымалдылыққа ие біраз өлеңдеріне көз жүгіртсек сыршыл туындыларын әнге айналдырған ақын өміріндегі баға жетпес жан болып саналатын әке-шеше, жары мен балаларына, немереге деген махаббатын өнерімен танытқан. Сондықтан да тұрмыстық әндері қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары атанған бірқатар әншілердің орындауында әуелеп келеді. Атап айтсақ, «Әкені аңсау», «Қызға тілек» әндері Саят Медеуовтің, «Менің анам» Айгүл Иманбаеваның, «Ұлға тілек» Досымжан Таңатаровтың орындауында тыңдарманған жол тартты. Жаһандану дәуірінде ұялмағандықтан әнші атанып жүрген кей жастардың емес, халқының жүрегін қоңыр даусымен, талғамды әнімен жаулап алған аталмыш әншілерге туындыларын орындатудың, олардың ән қоржынына өзінің жақұт шығармаларын қосып берудің өзі ақынның үлкен жетістігі десек, артық айтқандық болмас.
Қайрат Бисембаев тек өлең шығарумен ғана шектеліп қалған жоқ. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте де жемісті еңбек етіп, Жамбыл облысы әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тізгінін ұстауда. Бір кездері Алматы облысы, Қаратал ауданының әкімі болып, адал әрі жанашыр басшыға айналды. Түйіндей айтқанда, қазаққа еңбегі ерен өр тұлғалы қоғам қайраткерінің орны әрқашанда ерекше.

Меруерт Көпбаева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
Ұлдана Серікбаева,
«Журналистика» мамандығының
2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.