Поэзия біріккен дыбыстардың үндеуі ғана емес, адам ойын жеткізетін ең ұлы құралдың бірі. Поэзиямен егіз ұғым ретінде өмір сүретін, өлеңді өмірмен байланыстырып, оның жанын ұғынатын ақындық – туа бітті өнер. Ал поэзияның құдіреті жаныңды жеп жатқан ішкі ойларыңды өлеңмен, мәнермен адамның санасына жеткізе алатынында.
Неге поэзия – тек сезімнің, ал ғылым – тек зерделіліктің көрінісі болуға тиіс? «Ақылсыз адам шығарған өлең жолдары нақылға айналмайтыны хақ», – деп Олжас Сүлейменов айтып кеткендей, ақын болуға да ақыл, өлеңге ұйқас, мән-мағына керек. Бiз тарихтан кемеңгерлiктi, поэзиядан шешендiктi, математикадан зеректiктi, жаратылыс ғылымдарынан тереңдiктi, адамгершiлiк философиясынан байыптылықты, логика мен көсемсөзден айтысу дағдысын үйренемiз.
Әдебиеттің майталманы боламын десең поэзияның сырын ұқ дер едім. Ол біздің өлеңсүйер қауымның жан дүниесін махаббатқа бөлейтін құбылыс. Халық барда поэзия жасай береді. Ақындар – халықтың барометрі. Поэзия халық үшін жазылады. Ал, халық оқымаса, ол поэзия жетім. Бүгінде қазақ жастарының өлеңмен өлшенер білімдері жоғары. Поэзия кештерін өткізіп, жаңашыл бағытта кітаптар шығарып, шығармашылықтарын шыңдап жүрген жас дарындар көбеюде. Бір қуантары поэзияда шектеу, өлеңде тосқауыл жоқ.
Поэзия үнсіз сөйлеп тұрған көркемсурет іспетті. Ол – өте ұтқыр әрі ұрымтал жанр. Сондықтан қай кезде де билік ақындарды өздеріне жақын ұстауға тырысқан. Өнер біткеннің бәрінің өзегінде өлең жатыр. Поэзия әрдайым эмоцияларға негізделген. Ал бір нәрсе жазу үшін эмоционалды жарылысты сезіну керек. Онсыз туынды өміршең болмайды.
Жанерке Жанұзақ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Web-журналистика» мамандығының 4 курс студенті