Бағзы заманның сырын бүккен көне жазбалар ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып кейінгі заманға жетті. Сондықтан да көне жазбалардың әдеби, тарихи-мәдени және саяси маңызы өте зор. Осы себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында мұнайлы өлке Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мәдени мұраға байланысты арнайы тоқталған болатын.
Президент Алтынемел мен Барсакелмес ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосылғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға тапсырма берді. Республикадағы таңғажайып табиғи және тарихи орындар – Үстірт қорығы, батыс аймақтағы 20-дан астам жерасты мешіті, Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы таңбалы тастар, петроглифтер де алдағы уақытта ЮНЕСКО тізіміне енуге тиіс.
«Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Әрине, Ұлы далада әлемді өзінің өркениетімен, мәдениетімен, өнерімен, тарихымен таң қалдырған, ержүректігімен жарты әлемді бағындырған ұлы халықтың ұрпағымыз. Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Осы мәселені ертерек ескерген ел азаматтары бай мұрамызды көздің қарашығындай қорғау туралы дабыл қағуда. Мысалы, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан жақында Парламент қабырғасында материалдық емес мұраларды сақтау мәселесін көтерген болатын. Оның сөзінше, қазір Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстар ақсап тұр. Мүлде көңіл көншітпейді. Жалпы материалдық емес мұра ретінде халық қалаулысы әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ұлттық дағдылар, ән, күй, жыр, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар және басқаларын атады. Мұндай тізбекте 87 элемент бар екен. Бұл құндылықтар бағаланбаса, тиісті деңгейде насихатталмаса, ұлттың жаны жалаңаштанып, руханияты азғындыққа ұшырайды. Біржыныстылық, педофилизм, зорлық-зомбылық, әке-шешені сыйламау, туыстық қатынастың үзілуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі секілді рухани кеселдердің бәрі сол материалдық емес мұралардан тамыр үзгендіктен пайда болып, асқынып отырған көрінеді.
Халық қалаулысының сөзінше, 2003 жылы 17 қазанда Парижде жасалған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Конвенцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда №613 Қаулысымен ратификациялап, Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуірдегі №408 Қаулысымен Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылдаған. Алайда аталған құжат іс жүзінде орындалмай, тек қағаз күйінде қалған. Яғни материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттер ақсап тұр. Халық қалаулысының сөзінше, көршілес Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекеттер материалдық емес мұраны қорғау және дамыту бағытында жемісті жұмыс істеп келеді. Жалпы әлемде Латын Америкасы елдері, ал Азияда Корея мен Жапония бұл саладағы жұмыстар бойынша көш басында тұр екен.
Асыл қазына, рухани құндылықтардан, яғни ұлттың иммунитетінен ажырап бара жатқанымызға алаңдаған депутат осы олқылықтың орнын толтыру үшін: «2003 жылғы Конвенцияны толық іске асыру үшін тиісті уәкілетті орган жеделдетіп «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Заң жобасын әзірлеуі керек, материалдық емес мәдени мұра элементтері мен оларды сақтаушы мұрагерлердің аймақтық және республикалық тізімі жасалуы тиіс, материалдық емес мәдени мұраны жинау, қорғау, зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институты немесе орталық ашу қажет, материалдық емес мәдени мұраларды жинау, сақтау, зерттеу үшін өңірлерде кешенді этнографиялық-фольклорлық және музыкалық экспедициялар дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы керек, жетекші арналарда материалдық емес мәдени мұраны насихаттауға арналған бағдарламалар ашылу қажет», – деген ұсыныстарын айтқан болатын.
Мәжілісмен бұл тақырыпты қаузаған соң, бірер күннен кейін-ақ жауапты орган ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі аталған бағытта істеліп жатқан жұмыстарды хабарлады. Министрліктің мәліметінше, ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік тізіміне Қазақстан тарапы материалдық емес мәдени мұраның 13 элементін ұсынған, оның 8-і бірлескен көпұлтты номинациялар саналатын көрінеді. Атап айтқанда, олардың қатарында «Айтыс – импровизация өнері», «Киіз үй жасаудың дәстүрлі білімі мен дағдылары», «Наурыз», «Саятшылық», «Жұқа нан пісіру дәстүрі: лаваш, қатырма, жұпқа, юфка», «Қорқыт Ата мұрасы: эпикалық мәдениет және музыка», «Қожанасырдың ауызша фольклоры», «Тоғызқұмалақ – дәстүрлі зияткерлік және стратегиялық ойын» бар екен. Сонымен бірге ҚР МАМ Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітованың мәлімдеуінше, еліміздегі көне шаһарлар орнын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу жоспарланып отыр. Яғни Сырдария бойындағы Отырар, Сауран, Яссы, Сығанақ, Жанкент қалашықтары сияқты тарихи объектілерді және Жетіасар оазисі ескерткіштері ұсынылмақ.
Жалпы қазір Қазақстан аумағында 25 мыңнан астам материалдық тарихи-мәдени мұра объектісі бар екен. Соның 12 мыңнан астамы мемлекет қорғауына алынған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, сол ескерткіштерге туристерді тарту үшін және зерттеушілердің баруына ыңғайлы болуы үшін инфрақұрылымды дамыту, арнайы орталықтар салу жұмыстары жүріп жатыр.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ