Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құнды қазынаның қоры – кітапхана

0 122

Кітап – адамзат ақыл-ойының ең ғажайып жемісі болса, кітапхана – сол сан ғасырлық даналықтың киелі мекені. Заман өзгеріп, технология қарыштап дамығанымен, кітапхананың қоғамдағы рухани рөлі еш кеміген емес. Керісінше, жаңғырып, жаңарып, заман талабына сай көпқызметті мәдени-ағарту орталығына айналып отыр.

Ұлттық құрылтайдың Атырау төрінде өткен үшініші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап пен кітапхананың қоғамдағы орынын ерекше атап көрсетуі біздер – кітапханашылар үшін ғана емес, барша халық үшін жақсы жаңалық, керемет бастама болды. Атап айтсақ, құрылтай кезінде Президент қазақ тілін дамыту және кітапханалар санын арттыру мәселелері туралы тоқталды.

– Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ,  бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек.  Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Президент депутаттардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

–  Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының қолауынан кейін ресми түрде өткен жылы Үкіметтің 29 маусымдағы қаулысымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Оның алға қойған мақсаты – оқырман мәдениетін насихаттау және рухани даму бағытындағы маңызды қадам саналады.

Иә, Президенттің адамзатты игілікке бастайтын, ақыл-ойдың ордасы – кітапхананың қоғамдағы орнын айрықша атап өткені бізге, яғни сол рухани ортаның шырақшысы – кітапханашыларға үлкен жауапкершілік жүктеді. Шын мәнінде, қазіргі кезде кітапхана білім іздеген жастардың басын қосатын әрі оларға бағыт-бағдар беретін руханият ордасына айналып отыр. Себебі, кітапхананың оқуды дамытудағы рөлі жоғары, сондай-ақ, кітапхана білім, ғылым және мәдениет орталығы болып саналады.

Бүгінгі кітапхана – жай ғана кітап сақтайтын қойма емес. Бұл –  оқырман мен ақпаратты, өткен мен бүгінді, арман мен білімді жалғайтын алтын көпір. Мұнда әр кітап сөзі – үнсіз кеңесші, әр сөре  – тарихтың тынысын жеткізер куә.

Бұл туралы Президент аталған құрылтайда «Тек кітап оқитын ұлт қана зияткерлік деңгейі жоғары қоғамға айналады. Жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруымыз қажет. Әлеуметтік желілер заманында бұл оңай емес екенін білемін. Бірақ бұл мәселені шетке ысыруға болмайды. Бұдан басқа жол жоқ» деген болатын.

Әрине, жаңа дәуірдің кітапханалары электрондық ресурстармен жабдықталып, цифрлық жүйелер арқылы оқырманға жедел әрі сапалы қызмет көрсетуде. Электронды каталогтар, онлайн тапсырыстар, wi-fi желісі, цифрлық оқу залдары – мұның бәрі білімге ұмтылған жанға ашық мүмкіндік. Қазіргі таңда кез келген адам үйде отырып-ақ, онлайн платформа арқылы кітапхана қорындағы қажетті әдебиетті алып оқи алады. Бұл – уақытпен жарысқан заманда үлкен жеңілдік.

Кітапханалар тек ақпарат беруші емес, сонымен бірге, мәдениет пен тәрбиенің ошағы. Мұнда түрлі әдеби кездесулер, поэзия кештері, танымдық сабақтар мен семинарлар ұйымдастырылады. Әсіресе жас буынға кітап оқуға деген қызығушылықты оятуда кітапханашылардың еңбегі ерен.

Кітапханашы – тек қызметкер емес, ол –  білім мен парасаттың шырақшысы. Ол – оқырманның рухани серігі, бағыт беруші, ізденіске жетелеуші тұлға.

«Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде терең мән бар. Кітап оқитын ұлттың руханияты, мәдениеті мен әдебиеті де ғұмырлы, көші ілгері болары сөзсіз. Санаға сілкініс әкелетін де кітап екені белгілі. Яғни, кітап сананы нұрға бөлеп қана қоймай, адамның кемелденуіне, көзқарасының қалыптасуына да жол ашады. Кітапқа қызықтыру – білімге қызықтыру. Кейде заманауи технологияның дамуына байланысты (смартфон, гаджеттер) жастар кітап оқымайтын болды деген сияқты сыңаржақ пікірлер айтылып қалады. Белгілі бір деңгейде бұл пікірді жоққа шығаруға да болмайтын шығар, дегенмен, бұл жастар мүлдем кітап оқымайды дегенді білдірмейді. Рас, кейінгі буын өкілдері арасында кітап оқымайтын ұрпақтың бой көрсетіп келе жатқаны да жасырын емес. Мемлекет басшысының  «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп аталған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында да «жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын ояту қажет» деп нақты міндет қоюында осындай себеп бар.  Иә, шын мәнінде бүгінде біздің кітапхана әрі білім беру орны, әрі мәдениет орталығы, әрі ақпарат тарату мен талдаулар жасау орталығы болып саналады. Кітапханалар сонымен бірге рухани демалыс орны секілді сан-салалы қызметтерді атқаруды да қолға алып, заман талабына сай жаңарып жатқанын айта кетуге тиіспіз. Сол себептен де кітапхана бүгінгі оқырман сұранысын, қоғамның рухани қажеттілігін өтеумен бірге, болашаққа да қызмет ететін киелі орын, ұлттық құндылықтар ордасы болып қала бермек.

Қорыта айтқанда, кітапханашы – тек қызметкер емес, білім мен парасаттың шырақшысы. Ол –  оқырманның рухани серігі, бағыт беруші, ізденіске жетелеуші тұлға. Жылдар өтсе де, қоғам дамыса да, кітапхананың қабырғасында сақталған білім ешқашан ескірмек емес. Себебі, кітап – мәңгілік. Ал кітапхана –  сол мәңгіліктің жүрегі.

 

Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ,

Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының

ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.