Қалалық қоғамдық-саяси газет

Наурыз сөздігі

0 142

Әз – халық аңызында күн мен түннің дәлме-дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс. «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін» деген сөз бар.

Осы гуілді «наурыздың 22-сіне дейінгі үш күннің ішінде өтеді» деп есептеген халқымыз: «Әз болмай, мәз болмайды» деген тәмсіл қалдырған. Әз өткенде өсімді әлемінен бастап, күллі тіршіліктің тұла бойына, бір тал түгіне дейін жан жүгіреді. Сол жан байқаусызда тырнақ, шашпен бірге қиылып кетсе, адамның қолы мен басы селкілдейтін болады-мыс. Халқымызда Наурыз мейрамына байланысты мұндай наным-сенімдер көп-ақ. Осы орайда біз Ұлыстың ұлы күніне орай қазақтың жыл басымен байланысты бірқатар ұғымдарына түсінік бере өтуді жөн көріп отырмыз.

Ұлыстың ұлы күні
Наурызды не себепті Ұлыстың ұлы күні деп атаған? Бұл жөнінде мынандай аңыз бар: Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан бұл күнді Ұлыстың ұлы күні деп жариялайды.

Самарқанның көк тасы жібиді
Наурызда «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз бар. Бұған қатысты бірнеше аңыз бар. Бір аңызда былай дейді: Самарқанда Әмір Темірдің лағылдан, яғни көк тастан жасалған тағы бар, яғни «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз Наурыз күні «ханның да қаһары қайтып, көңілі жібиді» дегенді білдіреді дейді.
Кейбір зерттеушілер Самарқандағы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Ұлыстың ұлы күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас жібитінін айтады. Яғни жыл он екі ай тас қараңғы бөлмедегі көк тасқа дәл осы күні ғана саңылаудан күн сәулесі түседі екен.
Наурызда бір-біріне бұрынғы өкпе-реніштері бар адамдар төс қағыстырып, қайта достасады. Егер Ұлыстың ұлы күнінде өкпе-ренішін қия алмаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді» деп наз айтатын болған.

Бақыт құсы
Өкпек есіп, қар ери бастағанда өзгелердің алды болып ұшып келетін жұдырықтай ғана жыл құсы бар. Оны қазақ наурызкөк, наурызек немесе көкқұс деп атайды. Кей жерлерде оны жылқышы құс деп те айтады және бақыт құсы қатарына қосады. Құсты бірінші көрген адам оны жақсылыққа балап, жем шашады. Наурызкөкті алғаш көргендер «Наурызкөгім, келдің бе?» немесе «Наурызек, қайтып келдің бе, анаңның көзі жазылды ма?» деп сұрайды екен. Аңыз бойынша, мұндағы Наурызектің анасы – Жер-ана. Яғни «Жер-анаға көктем келді ме, табиғат жаңарды ма?» деген мағына береді екен.
Жеп-жеңіл ұшқалақтап тұратын кішкентай құс наурызкөктің құйрығы ұзын, түсі көк болады. Наным бойынша, наурызкөк келгеннен кейін күннің қатуы сынып, айтарлықтай боран, суық болмайды екен. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады екен.

Наурызнама
Наурызнама – ойын-сауыққа арналған шат-шадыманды мереке. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға қалмай келіп, көңілді ойын-сауықтар өткізеді. Наурызнамада үлкендер жастарға бата береді, 3-9 күнге созылатын мерекеде халықтың ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпы кеңінен орын алады.
Наурызнамада қыздар жігіттерге ұйқыашар дайындайды. Ал бозбалалар божеткендерге сақина, сырға, айна, тарақ секілді заттарды тарту ету барысында «селт еткізер» дәстүрін ұйымдастырады. Қарттарға арналған «бел көтерерде» тіске жұмсақ, тілге майда тағамнан дәм тартылады. Бұл наурыз көжеге жалғасады.

Наурызша
Наурыз айында ашық күндері қолдан жасаған ою-өрнек секілді жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Қырбақ, қарайған жерді жасыра алмай, қылаулап жауған жұқа қар күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Ол жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық наурызша деп атаған. Наурызша – жаңа жылдағы жылылықтың белгісі.

Құс қанаты
Наурыздың ақша қарын кейде «Құс қанаты», яғни құс келер алдындағы қар деп те атайды. Көктем мен жыл басы наурыз айының соңына қарай жылы жақтан құстар келе бастағанында қар аралас жаңбыр жауып, суық жел тұрып, ауа райы күрт өзгерсе, қариялар «құс қанаты ғой бұл» деп жатады.

Наурызға қатысты тыйымдар
Наурыз мейрамында мал сойылмайды, жалпы қан шығармайды. «Өсер төлге, көбейер малға кесірі тиеді, мал басы кемиді» деген тыйым бар. Сонымен бірге Наурыз күні шаш, тырнақ алмайды. Өйткені адамның тырнағынан бастап, шашына дейін жаңарып, түлейді. Наурыздың бірінші күні, яғни Ұлыстың ұлы күні кір жумайды, құрылыс бастамайды, іс тікпейді, мылтық атпайды, қақпан құрмайды, тұзақ салмайды.
Ертеде Ұлыстың ұлы күнінде жұрт жұмыс істемейді, іс бастамайды, сапарға шықпайды және ешкімді ренжітпей, дауыс көтеріп жаман сөз айтпайды, сондай-ақ құран оқып, құрбандық шалмайды деп есептеген. Себебі бұл күн тіршілік әлемінің тойы деп ерекше құрметтеледі.

Алтынкүрек
Алтынкүрек дегеніміз – батыстан соғатын жылы жел, көктем лебі. Ол қар мен мұзды ерітеді, тоңды жібітеді, суық ауамен араласа отырып, оның ызғарын сындырады. Ал алтынкүректен соң жер бетінен қылтиып бәйшешек көрінеді.
Бұл жел жер бетіндегі қар мен мұзды бес-алты сағаттың шамасында түгелдей ерітетіндіктен, яғни, қыс бойы адам күрекпен күреп тауыса алмаған қарды бір өзі «күреп» тауысатындықтан, халқымыз оны «алтынкүрек» деп атаған.

Дайындаған Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.