Қалалық қоғамдық-саяси газет

Науқанға әзірлік басталды

0 163

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ғимаратында облыстық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Бәтес ШАПАҒАТ

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының конституциялық мерзімінің аяқталуына байланысты 2020 жылдың қазан айында Президент өзінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Сенатына сайланатын күн жарияланған болатын. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы 2020 жылғы 12 тамызға қойылған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Аталмыш жиында алда келе жатқан саяси науқанға әзірлік шаралары түсіндірілді. Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы кіріспе сөз алып, Сенаттағы депутаттық өкілеттіліктің ережелерімен таныстырды.

– ҚР сайлау туралы заңнамасына сәйкес Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан тұратын депутаттардан құралған – барлығы 34 сенатор. Қазақстан Президенті Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де маңызды мүдделерінің өкілдігін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, тағы 15 сенатор тағайындайтынына назар аударды. Депутаттық өкілеттік мерзімі – 6 жыл. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір 3 жыл сайын қайта сайланады. Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Сайлауға таңдаушылар – мәслихат депутаттары қатысады. Сенат депутаттарын сайлау таңдаушылардың бірлескен отырысында өткізіледі, егер оған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың барлық мәслихаттарының атынан өкілдік ететін сайланған депутаттар санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі. Дауыс беру, егер оған қатысып отырған таңдаушылардың жартысынан астамы қатысса, өткізілді деп есептеледі. Дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың 50%-дан астам дауысын алған кандидат сайланған болып есептеледі, – деді төраға.

Сенат депутаты 30 жастан кем емес, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар адам бола алады. Сенат депутаты тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не республика астанасының аумағында кемінде 3 жыл тұрақты тұруға тиіс. Бұл ретте Сенат депутаты бір мезгілде Парламенттің төменгі палатасының – Мәжілістің депутаты бола алмайды. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен астананың), қалалық, аудандық мәслихаттардың сессияларында не өзін-өзі ұсыну жолымен өткізіледі.

Саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мәслихаттағы өз өкілдері арқылы Сенат депутаттығына кандидатуралар ұсынады. Бірнеше мәслихаттан бір кандидат ұсынылуы мүмкін.

Кандидатты қолдау үшін қол жинау ұйымдастырылады. Сенат депутаттығына кандидат облыстың барлық мәслихаттарының, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың мәслихаттарының атынан өкілдік ететін таңдаушылардың жалпы санының кемінде 10% дауысымен қолдауға тиіс. Күнтізбелік жұмыс жоспарына сәйкес Жамбыл облысында да Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ұсынылуда.

Жамбыл облыстық, Сарысу, Талас аудандық және Тараз қалалық мәслихаттарының сессияларында ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ұсынылды. «Aq jol» және «Знамя труда» облыстық газеттерінде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының құрамы туралы хабарлама жарияланды. ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну бойынша одан арғы рәсімдер қатаң күнтізбелік жоспар бойынша жүргізіледі.

Төраға өз сөзін аяқтай келіп, жергілікті жерлерде сайлау комиссиясының мүшелері тұрақты жұмыс істейтінін, оның ішінде демалыс күндері де, бұл үшін сайлау комиссиясы мүшелерінің кезекшілік кестесі жасалғанын атап өтті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.