Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нан бағасы тұрақты бақылауда

0 2  663

Ақпан айының басында өңірдің наубайшылары жергілікті билікке нан бағасын қымбаттату жөнінде ұсыныс жасаған еді. Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, 2 ақпаннан бастап бағаны 120 теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданған болатын.

Бұл ретте жалақы, зейнетақы мен өзге де әлеуметтік төлемдер өскен сайын азық-түліктің қымбаттап шыға келетінінен әбден зәрезап болған тұрғындар жыл басталмай жатып ас атасының бағасы тағы не үшін өскенін түсіне алмай қалған еді. Расында, дастарқанға алғаш қойылатын астың қымбаттауына не себеп болып отыр?
Бүгінгі таңда Тараз қаласының тұрғындарын нанмен қамтамасыз ету үшін 8 наубайхана жұмыс істейді. Аталған кәсіпор- ындарда тәулігіне 101 мың дана нан пісіріледі екен. Ас атасын аталған көлемде дайындау үшін күніне 41,2 тонна, ал айына 1 236,7 тонна ұн жұмсалатын көрінеді.
Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің берген мәліметі бойынша, бағаның 120 теңгеге көтерілуіне нан шығаратын құрылғылардың ескіріп, оларды жаңарту қажеттілігі туындауы себеп болған екен. Сонымен қатар нанды қымбаттату арқылы наубайшылар қол астында қызмет ететін мыңға жуық жұмысшының соңғы 2 жыл бойы көтерілмеген жалақысын арттырмақ.
Аталған жағдайға байланысты 9 ақпан күні бөлім қызметкерлері қаладағы азық-түлік дүкендеріндегі нан бағасына мониторинг жұмыстарын да жүргізген. Оған сәйкес, облыс орталығында әлеуметтік нан әкімдік белгілеген 93 сауда орнында 100 теңгеден сатылып жатыр екен. Дегенмен қаладағы өзге 250-ден астам дүкенде нан 120 теңгеден саудалануда.

– Бүгінгі күні наубайханалардан нан 105 теңгеден жіберілуде. Бұл сомаға тасымалдаушылар 11-12 теңге, сауда нүктелері 3 теңге қосып, дүкендердегі сату бағасы 120 теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда наубайханалар нанның сапасын көтеру мақсатында Қазақстанның солтүстік өңірлерінен ұнның 1 келісін 150-160 теңгеге сатып алып жатыр. Жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, жергілікті наубайханаларда ұнның 10 күндік қоры қалыптасқаны белгілі болды, – дейді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Айдын Алтай.
Сондай-ақ бөлім басшысының келтірген дерегі бойынша, Тараздағы наубайханалар 100 келі ұнға 245 бөлке нан пісіреді екен. Бұл 1 бөлке нанға шамамен 408 грамм ұн жұмсалады деген сөз.
Ел ішінде наубайшыларды бұл жағдайға «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» аймақтағы наубайханаларға дотациялық ұн беруді тоқтатуы итермелегені айтылып жүр. Десе де, А.Алтай наубайханаларға «Тараз» ӘКК» тұрақтандыру қоры арқылы берілетін дотациялық ұн жалпы кететін ұнның 14 пайызын немесе 14 100 дана нанға тең көлемін құрайты-нын айтады.
Бүгінгі таңда облыс орталығында бағаны тұрақтандыру шаралары жүйелі жүргізілуде. Нәтижесінде, көне шаһар тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде бірқатар оңтайлы шешімдер қабылданып, жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Баға тұрақтылығын сақтауға тікелей жауапты кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі бағаның тұрақталғанын айтып, оның себепсіз өспеуін қатаң бақылауда ұстайтындарына сендіріп отыр.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.