Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нан бағасы тұрақтанады

0 333

Тараз дүкендерінде нан бағасының 5-10 теңгеге өскені туралы ақпар желдей есті. Онсыз да пандемияның салдарынан тұралап, сең соққандай теңселген жұрт жаппай наразылық танытты. Бұл мәселе жергілікті биліктің шешімінсіз қабылданғаны белгілі болды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бірі жұмыссыз, енді бірі онлайн жүйесіне көшіп, табыс көзі азайып отырған халыққа бұл жаңалық түрпідей тигені рас. Бір қажеттілік қымбаттады дегенше, басқа керек-жарақтың барлығына «у түсіп» шыға келетін әдеті емес пе? Жұртты алаңдатқан осы мәселе болатын. Жағдайды жан-жақты зерттеу мақсатында жедел штаб құрылды. Облыс әкімдігі тарапынан шұғыл шара қабылданғанының арқасында дүйсенбі күні ірі сауда орындарында ас атасы бұрынғыдай 85 теңгеге қайта түсті. Тек аулалардағы шағын дүкендердің кейбірінде ғана 5-10 теңгеге қымбатырақ күйі қалып қойды.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу керектігін қадап айтқан болатын. Билік басындағылар жағдайды тұрақтандыруды қолға алды.

– Мониторинг кезінде бірқатар нан өндірушілер бағасын 85-тен 95 теңгеге дейін өсіргені анықталды. Қазір жедел штаб мұның қаншалықты қисынды екеніне тексеріс жүргізуде. Жергілікті билікпен ақылдаспай әрекет еткен кәсіпкерлер жауапқа тартылады. Нан бағасының қымбаттауы, ұнның бағасына келіп тіреледі. Ал, қазір ұнның құны 115 теңгеден 130-140 теңгеге дейін өсіп кеткен. Өткен жылы да осы уақытта нан бағасы өскен болатын. Сондықтан да биыл нан бағасын ұстап тұруға бағытталған алдын алу шаралары қабылданып, наубайханаларға ұн наурыз айынан қазанға дейін тұрақтандыру қорынан төмен бағамен берілген. Қазір тұрақтандыру қорында 500 тонна ұн бар. Қосымша тағы 2 000 тонна алынады. Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар тауарлар, оның ішінде нанның бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуді тапсырды. Біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қолданатын боламыз. Қажетті ресурстарымыз жеткілікті. «Тараз» ӘКК ұн сатып алып, нан өндірушілерге төмендетілген бағамен ұсынбақ. Тараздағы нан бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда арзан. «Тараз» ӘКК әлеуметтік дүкендерінде ас атасы 55 теңгеден сатылуда,- деді облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерделеп.

Қалада 6 наубайхана бар. Олардың бесеуінің баға өсіргені белгілі болды. Нанның қымбаттауын олар солтүстік өңірлерден келетін ұн құнының өсімімен түсіндірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.