Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ұнайды қарағаның»

0 430

Нұр-Сұлтан қаласының Тәуелсіздік сарайында егемендікпен түйдей құрдас мерейлі жасында жерлесіміз Ұлжан Шораеваның «Ұнайды қарағаның» атты алғашқы жыр жинағының тұсауы кесілді.

Кеш барысында автордың рухани ұстазы, ақын, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, сатирик Көпен Әмірбек, академик, дәрігер Жасан Зекейұлы, Тәуелсіздік сарайының директоры Болат Рысқалиев кітаптың тұсауын кесіп, жас ақынның өнер мен өмір жолына сәтті сапар тіледі. Сонымен қатар танымал әнші, сазгер Құрмаш Маханов, «Астана» тобының әншілері Нартай Алтай мен Құралай Қырықбаева және басқа да сыйлы қонақтар қатысты.
Кітаптың аты айтып тұрғандай, бұл жинаққа Ұлжанның сыршыл сезімге толы, жүректен шыққан нәзік, лирикалық жырлары жинақталған.
Поэзиялық жыр-жинақтың алғысөзіне Әкім Ысқақ: «Жыр әлеміне алғашқы тәй-тәй қадамын бастаған, бақытқа қарай талпынған, «Ұнайды қарағаның» сезімінде шынайылық басым жырларды оқыған сайын көктемгі қар астынан шыққан нәзік те сүйкімді бәйшешекке ұқсатамын. Жасқана басқан қадамына қолдау көрсетейік, кейбір сәтіне кешіріммен қарайық, қайта бірге қуанайық! Жасай бер, көктемін шақырған бәйшешек-жыр!» – деп пікір білдіріпті.
Ұлжан Шораева 1991 жылы 25 қазан күні киелі Тараз қаласында дүниеге келді. Жамбыл атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, 2009-2013 жылдар аралығында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «филология» мамандығы бойынша білім алған. Алғашқы еңбек жолын «Қазақстан» ұлттық арнасының Жамбыл облысындағы филиалында «Рауан» ән-сазды ақпараттық таңғы бағдарламасын жүргізуден бастаған. Талабы мен көңіл көкжиегін таныту, жетелеу мақсатында 2014 жылы елордаға қоныс аударған. Онда «Тәуелсіздіктің ақ таңы» республикалық саяси-қоғамдық журналында, «Қазақстан кәсіподағы» газетінде жұмыс істеді. Бүгінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының баспа және имидждік қолдау бөлімінде еңбек етіп келеді.
«Ұнайды қарағаның» деп автордың жыр жинаққа аты берілген өлеңін жыр сүйер қауымның назарына ұсынамыз.

Есімде әлі сенің қарағаның,
Сен мені өзгелерден дараладың.
Мен де ұзақ кейпін бұзбай қарайыншы,
Күлкіңнің шат болмысын бағаладым.

Ұнайды сенің олай қарағаның,
Бұл кештің бар көркіне балағаның.
Сүйсіне қарағанда жұмбақ сырмен,
Жүрегімнің гүл бағын араладың.

Менің де шын көңілден қалағаным,
Көзіңнен таса қылмай қарағаның.
Үзіліп қалмау үшін сезім қылы,
Дәл бұлай өзгелерге қарамағын.

Ұнайды маған олай қарағаның,
Сен мені өзгелерден дараладың.
Жоғалтып алмайықшы адалдықты,
Қалаймын болғаныңды жан адамым!
Ұнайды маған олай қарағаның…

Жерлесімізді тырнақалды жинағымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.