Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нағыз дарын мектепте қалыптасады

0 437

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп М.Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты. Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарынды тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұғалім осыдан-ақ түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды.

Тәрбие үрдісі жалпы адамзаттық мәдениеттің бір бөлігі болғандықтан, мәдениеттану тұрғыдан оқып үйренуге тура келеді. Олай болса, бұл үрдіс балаға ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраны меңгертіп, сол арқылы осы заманғы мәдениетке енуіне мүмкіндік береді. Тәрбие бір ұрпақтың озық тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс. Осы арқылы адамның дамуына басшылық жасалады. Нәтижелі, жүйелі тәрбие жеке тұлғаны дамытады, адамның қоғамдағы орнын анықтайды. Баланың оны игеруі барынша қысқа мерзімде атқарылуы тиіс. Сондықтан тәрбие ісі жалпы адамзаттық, гуманистік бағытта жүргізіліп, жеке бастық рухани дамуына бағытталу керек. Мектеп оқушыларының жеке тұлға ретінде дамуына халықтық педагогаканың мұралары, ұлттық тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үрдісінде халық педагогикасының тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей алатын азамат дайындауға жол ашылады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үрдісіне халықтық педагогиканың тәлімдерін және әлемдік мәдениет құндылықтарын енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады. Осы құндылықтар жаһандану жағдайында мәдени қарым-қатынас және ұлттық тәлім-тәрбие құралы болмақ.
Бүгінгі мектеп қабырғасындағы жас буынды ұлттық менталитет дәстүрлерге негіздей отырып тәрбиелеу қажеттілігі, осыған дейінгі өмір тәжірибелерімізден айқын аңғарылады. Жалпы адам бойындағы мәдениеттілік адам мен адамның, қоғам мен адамның, адамның іс-әрекеттері негізінде көрініс табады. Адамның мәдениеттілігін айқындайтын негізгі күш-орта. Осы тұжырымдардың қай-қайсысы да мәдениеттің ұлттық формада өмір сүретінін аңғартады. Сондықтан да, мәдениет арқылы этностық, тарихи, мемлекеттік, экономикалық, әлеуметік, этнографиялық болмыс бейнесі көрініс табады деуге әбден болады.
Әр бала табиғат заңдылықтары арқылы жетіліп, оның бойындағы мүмкіншіліктер мен қасиеттер біртіндеп дамып отырады. Жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін жаңа сатыға көтеретін орта – мектеп және ондағы тәлім-тәрбиелік іс-шаралар. Ал мектеп оқушыларының адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруі, оның өзін-өзі танып, өз айналасындағылармен, қоғамдық ортамен, отбасы мүшелерімен дұрыс қарым-қатынасқа түсуі әлеуметтік және рухани дамуының алғы шарттары ретінде есептеледі. Сондықтан балаға жастайынан өзінің төл мәдениетімен қатар басқа да әлемдік мәдениетті меңгертуге жағдай жасау қажет. Дүнетанымдық көзқарасын қалыптастыруда этно-мәдени білім негіздерін меңгертудің маңызы ерекше. Кез-келген халықтың өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы тарихи дамудың заңды құбылысы. Сондықтан жас ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіру – тәрбиенің өзекті мәселелерінің бірі.
Жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруде, білім негіздерін меңгерту арқылы оның тәндік, жандық, рухани, қоғамдық, әлеуметтік үйлесімділігі сақталады. Өмір сүру құндылықтары мен мәнін түсініп, табиғатпен сабақтаса отырып, адамдық игі қасиеттер негізінде дамуға мүмкіндіктер алады. Адам өзін-өзі рухани дамыту үшін үнемі тәрбиелеп, өздігінен білім алып, өз бетінше оқып үйренуге ұмтылуы шарт. Осы қасиеттер оқушы бойынан көрініс табу үшін, жас ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың рухани байлығы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық сана, дін және рухани құндылықтарды жоғалтпай пайдаланып отыру өз нәтижесін береді. Сондықтан мектепте ұйымдастырылатын тәлім-тәрбиелік іс-шаралар мен тәрбиелік жұмыстар, оқушыларды жан-жақты дамытып, үнемі жетілдіріп отыратын бағытта болу керек.

Нұрперзент Туғанбай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Конвергенттік журналистика» мамандығының 4 курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.