Nur Otan партиясы Құқықтық кеңесінің төрағасы болып Нәзилә Раззақ тағайындалды.
Сондай-ақ, Бауыржан Байбек Жоғарғы Соттың судьясы болып сайланған Құқықтық кеңестің алдыңғы төрағасы Қанат Мусинге партия басшылығы атынан алғыс айтты.
Партияның баспасөз қызметі атап өткендей, Құқықтық кеңестің негізгі міндеттері – «Әділетті құқық қорғау жүйесі» бағыты бойынша сайлауалды уәделердің іске асырылуын бақылау, партия басымдықтарын ескере отырып, заңнаманы жетілдіру және т.б.
Нәзилә Раззақ – заң ғылымдарының докторы, сот төрелігі және балалар құқығын қорғау органдары мәселелері бойынша 35-тен астам ғылыми еңбегі бар, олардың бірқатары халықаралық басылымдарда жарық көрген. Қазақстанда бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын ендіруге бастамашылардың бірі болған.
Әр жылдары Жамбыл облыстық соты алқасының хатшысы, Атырау қаласы сотының және Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болған, сондай-ақ Жоғарғы сот аппаратында жұмыс істеген.
2014 – 2021 жылдары елордада кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы, Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының вице-ректоры, Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
2021 жылдан бастап Nur Otan фракциясының депутаты, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, сондай-ақ Құқықтық кеңес төрағасының орынбасары болды.