Бүгін ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайловтың төрағалығымен өткен селекторлық режимде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын өңірлерде іске асыру мәселелері және халықпен кездесулердің қорытындылары қаралды. stan.kz
Жиында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбектің баяндамаларын тыңдаған Үкімет басшысы балабақшадан бастап білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізу мәселесін тағы бір пысықтады.
Министр ұлттық жобаның өңірлерде іске асырылу барысындағы кемшіліктерді атап өтті. Оның ішінде көрсеткіштерге арнайы талдау жүргізді. Мәселен, Қызылорда облысы 2021 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жоспарланған 6180 орынның тек 1 363 орындаған, яғни 22,1%.
Өткен жылдың көрсеткішіне сәйкес мектеп құрылысы жұмыстары бойынша да біздің аймақ жоспарланған көрсеткішке қол жеткізбей, соңғы қатардың бірінде орналасты. Нақты айтсақ, 2 мектеп құрылысы уақытылы жүргізілмей, 900 оқушы қамтылмай қалған.
Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша 17 облыстың ішінде Қызылорда 16 орында. Яғни 2021 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 1240 орынға жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс кем жүргізілген.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне кемшіліктерді талдап, нақты тапсырмалар жүктеді. Жиында облыс әкімі білім саласы бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтып, бірінші басшылардың қызметін сынға алды.
“Өткен жылғы көрсеткішкерге сәйкес, Қызылорда облысы жоспарды орындамай, рейтингтің соңғы қатарында тұр. Бұл жұмысымызға үлкен сын.
Қазіргі таңда үш мектептің күрделі жөндеуі жаңа оқу жылына дейін аяқталмай қалу қаупі бар. Бұл балалар үшін ыңғайсыздық тудыруда. Елді-мекенде мектеп болмай, көрші ауылға қатынап оқитын балалардың қауіпсіздігі алаңдатады. Сол себепті құрылыс жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтау қажет. Сапаға ерекше мән беріңіздер, арнайы комиссия жіберіп текесеретін боламыз. Қажет болған жағдайда құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтамаған мердігер мекемеге шара көру керек. Бұл жұмысқа облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім басқармаларымен қатар аудан әкімдері тікелей жауапты”, – деді Н.Нәлібаев.
Өңірде қазіргі таңда 6 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізілуде. Тапсырыс беруші – құрылыс басқармасы. Дегенмен, төрт мектептің (Қазалы – №250, Қызылорда – Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық мектеп, Жаңақорған ауданы – 300 орындық 2 мектеп) құрылысы мерзімінен кеш жүргізілуде.
Аймақ басшысы құрылыс жұмысының уақытылы аяқталмауы басшылардың салғырттығы екенін атап өтіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
“Бізде әлі күнге дейін құрылысы 3 жылдан бері жалғасып келе жатқан мектептер бар. Пайдалануға беру мерзімі өтіп кетсе де, жауапты басшылар бұл жұмыстарды дұрыс қадағаламаған. Балаларға лайықты білім ошақтарында білім алуы қажет. Сондықтан мәселені шұғыл арада шешіңіздер”, – деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда облыс әкімі тиісті көмек түрлерін алатын арнайы санаттағы балаларды киім-кешек, оқу құралдарымен қамтуға қаражаттың жетіспеушілігі бар екенін алға тартты. Білім басқармасының басшысына жұмысты дұрыс үйлестіруді, қала және аудан әкімдері де немқұрайлық танытпай, мүдделі болу керектігін қатаң тапсырды.
Мұнымен қоса, «Мектепке жол» акциясын қала, аудандарда лайықты деңгейде жүргізу қажет деді.
Жиында қаралған екінші мәселе халықпен кездесулер бойынша облыс әкімі Шиелі ауданың әкімі мен Қызылорда қаласының әкіміне тұрғындармен кездесу өткізетін орынның дұрыс таңдалмағанын және үйлестіру жұмыстарының жеткілікті деңгейде болмағанын жеткізді.
Аймақ басшысы аудан, қала әкімдері халықпен сындарлы диалог орнатуға әрдайым мүдделі болып, өзекті мәселелерді өз уақытында шешуге атсалуы қажет деді.