Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нұрлан «Арлан» атанды

0 228

Жамбыл жері – білекті балуандар мен апайтөс алыптар мекені. Оған кешегі грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен үш мәрте ел барысы атанған Бейбіт Ыстыбаевтар дәлел.

Міне, осындай киелі өлке мәртебесін биіктеткен жампоздар жолын жалғайтын жас спортшылар күні кеше «Төрткүл» керуен сарайында бақ сынасып, өзара «Оқушылар Арланын» анықтады.

Жастар жылына орай облыс әкімдігі білім басқармасының Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додаға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 87 балуан қатысып, кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтады.

Жалпы мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылып отырған тұңғыш турнир 60 келіден жоғары абсолюттік салмақ дәрежесінде және олимпиадалық жүйе бойынша өтті. Бұл күні балғын балуандардың өнерін тамашалауға «Төрткүл» керуен сарайына жиылғандардың қарасы қалың болды. Балуандарға қолдау білдіріп жан-жақтан қиқулаған жанкүйерлердің дауысынан құлақ тұнды.

Әрине, жарыс болғаннан кейін біреу жеңіп, ал біреу жеңіліп жататыны заңдылық. Бұл жолғы бәсекеде Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылы, Абай атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрлан Қырғызбек қарсыластарын алып та, шалып та ұрып, «Оқушылар Арланы» атанды. Ал ақтық айналымда сәл сәттілік жетіспеген облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Бақдәулет Еркінбекұлы екінші орыннан көрінді. Үздік үштікті Жамбыл ауданы, Аса ауылы, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Жантөре Жұмабай түйіндеді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бір жылдық оқу ақысына 50 мен 100 пайыз аралығында жеңілдік тағайындаса, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов бірінші орынға – 150 мың, екінші орынға – 100 мың және үшінші орынға 50 мың теңге көлемінде сыйақы берді. Бұдан бөлек, турнир жеңімпазына хас шеберлер қолдан арнайы дайындаған «Оқушылар Арланы» турнирінің логотипі бейнеленген белбеу табыс етілді. Енді жеңімпаздар мен жүлдегерлер ағымдағы жылдың 25-26 мамыр күндері Алматы қаласында өтетін «Халық Барысы» республикалық аламанында өңір намысын қорғайтын болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.