Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мызғымас бірліктің ұйытқысы

0 244

Ассамблея этномәдени бірлестіктердің Қазақстан халқының ортақ мәдениетіне ден қойып, этностардың салт-дәстүрлерінің сақталуы, мемлекеттік тілді меңгеруі, қоғамдық сананы жаңарту бойынша өзара іс-қимылын үйлестіреді.

Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI cессиясы «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбында өтіп, қоғамдық институттың алдағы даму жоспары, елдің жарқын болашағын көздеген мәнді мәселелер көтерілді. Сессияда берілген тапсырмалар басшылыққа алынып, облыста бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Биыл да дәстүрлі түрде 1 мамыр – Бірлік күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері бас қосып, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы жұмыстың бағыт-бағдарын, жоспар мен мақсат-міндеттерді айқындады. Біздің өңірден де айтулы шараға 40-тан астам делегат барды. Осы орайда атқарылған жұмыстар мен алдағы уақыттың еншісіндегі жүйелі жоспарды білу мақсатында «Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Рано Убайдуллаевамен әңгімелескен едік.

– Рано Мақсұтқызы, жалпы сессиядан бері бір жыл өтті. Жүктелген міндеттердің аяқ алысы мен орындалу барысы қалай?

– Достық үйлері базасында қазақстандық этностардың мәдениетін, тілін және дәстүрлерін сақтау мен дамыту бойынша облыстағы барлық этностардың қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарын терең меңгеруіне, сол арқылы дәстүр-салтымыздың ұқсас тұстарын саралап, жаңғырта отырып ортақ құндылықтарды қалыптастыру мақсатында «Қазақтану» жобасы аясында «Мәміле» клубы құрылып, қазақ тілі арқылы халықтың салт-дәстүрін, тарихын білгісі келетіндер мен оған көмек көрсететін диалог алаңы ретінде жұмыс атқаруда. Сондай-ақ «Айбын» әскери-патриоттық клубы, «Белсенді ұзақ жасау орталығы» және қолөнер шеберлерінің «Ою қадамдары» курсы ашылып, жұмыс жүргізуде. Ассамблея жанынан «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы құрылып, жастар саясатына қатысты жұмыстар атқарылуда. Мысалы, былтырғы жылы «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұралары» республикалық тарихи-экологиялық акциясы мен «Қазақтану» және әлеуметтік жобалары іске асырылды. Бүгінгі күнге 25 іс-шара ұйымдастырылып, жастар қозғалысы Ассамблея құрылымдарының 40-тан астам жиындарына қатысты. Облыстық ҚХА хатшылығы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII cессиясында берілетін тапсырмалар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың басымдықтары және Жастар жылының негізгі лейтмотивтері аясында кең көлемдегі жұмыстарды жүргізе беретін болады. Ең бастысы, жұмыс жүйелі жоспармен жүргізіліп келеді. Бүгінде еліміз маңызды кезеңді бастан кешуде. Басты саяси оқиға – Қазақстан Республикасының Президентін сайлау науқаны алдында тұрмыз. Бұл – бірлігіміз бен келісімімізді, тұтастығымыз бен татулығымызды көрсететін тарихи сәт. Жарқын келешегімізді таңдауда белсенділік танытқанымыз абзал.

– Күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII cессиясы «Татулық пен келісім формуласы – әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбында өтті. Алған әсер қандай?

– Бейбітшілік және келісім сарайында өткен сессияға 1 500-ден астам адам жиналды. Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері болды. Сессияға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Елбасының жүктеген міндеттері зор жауапкершілікті талап етеді. Сессияда әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жағдайлар талқыланып, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің шешімі ұсынылды. Оған облыстан 40 адам, оның ішінде 28-і Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, 11-і шақырылғандар ретінде және баспасөз қызметі орталығынан 1 фототілші қатысты. ҚР Тұңғыш Президентінің атап өтуінше, медиация институты сот жүйесінде, денсаулық сақтау, білім саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Қазіргі уақытта медиация институтын кез келген даулы мәселенің алдын алуға және шешуге бағыттау маңызды. Кез келген түсініспеушіліктің кейін туындауы мүмкін салдарын жойғаннан гөрі, оны ымыраға келу арқылы алдын алған дұрыс. Бұл орайда біздің өңірде де медиацияның жұмысы жүйелі. Қоғамдық медиаторлардың бірыңғай тізілімі қалыптастырылып жүргізілуде. Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мәліметтер базасында бүгінгі таңда 80 медиатор, оның ішінде 36 медиатор жұмыс істейді. 2019 жылдың I тоқсанында медиация кабинеттеріне 232 азамат жүгінді. ҚХА медиаторлары 192 жанжал мен даулы жағдайларды шешті. Біздің өңірде «Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ мен Меркі ауданындағы Достық үйі жанындағы 2 медиация кабинеті және 40 медиация алаңы, сондай-ақ ҚХА медиаторлары халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, практикалық және медиативтік көмек көрсете отырып жұмысын жалғастыруда. Әрине, сессия жұмысынан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жүктелген міндеттерді бәріміз жұмыла атқарамыз. Елбасы артқан сенімді ақтаймыз.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру бойынша нендей жобалар ұсынды? Алдағы жоспар қандай?

– Биыл бұл мақаланың қабылданғанына 2 жыл толды. Мақала көпшілікке жол тартқан күннен бастап жан-жақты іс-шаралар легі атқарылды. Дегенмен біздер арнайы жоба дайындап, мақаланы бір реттік шаралармен ғана насихаттап қоймадық. Этностық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар – бұл күнделікті өмірде қалыптасқан және әр тұлғаның этностық қауымының қоғамдық қажеттілігіне айналған адамдардың мінез-құлықтарының нормалары мен стереотиптері, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ережелері. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтқанындай, туған жерге, оның мәдениетіне, әдет-ғұрпына, дәстүрлеріне ерекше көңіл бөлу – бұл патриотизмнің аса маңызды белгісі. Бұл жеке тұлғалар жиналысы емес, кез келген ұлтты ұлт қылатын мәдени-генетикалық кодтың негізі. Осыған байланысты біз «Жамбыл облысы этностарының дәстүрі мен мәдениеті» энциклопедиясын басып шығару және шығарылатын энциклопедия негізінде интерактивті карта жасау» жобасын ұсындық. Жобаның негізгі мақсаты өңірдегі мәдениетаралық өзара іс-қимыл мен өңірдегі этносаралық келісімнің оң әлеуетін зерттеу және насихаттау болып табылады. Этнография саласындағы құзыреттілікті пайдалану арқылы Жамбыл облысында тұратын этностардың ұлттық дәстүрлерін білу деңгейін жоғарылату. Әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді, әсіресе көптеген этностарды терең зерделеу, кейіннен олардың өзектілігін және олардың қазақстандық қоғамдағы бірігу және этносаралық келісім процестеріне оң әсерін салыстырмалы талдау. Биылғы жылы этностар дәстүрлерінің ерекшеліктерін зерттеу үшін олардың облыс аудандарында маңыздылығын талқылау бойынша пікірталас алаңын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар әлеуметтік зерттеу жүргізу және «Біз бір достықпен мықтымыз!» этнофестивалін өткізу. «Жамбыл облысындағы этностардың ұлттық асханасының бірегей тағамдары» байқауы, этномәдени бірлестіктердің жастары үшін тимбилдинг өткізу, сондай-ақ облыстың 4 ауданына (Сарысу, Шу, Қордай, Мойынқұм) этнографиялық экспедициясын жүргізе отырып, мамандандырылған студияда кинематографиялық сапада фото және бейнесюжеттер дайындау жоспарлануда. 2019 жылы энциклопедияны өңдеу және мәтінмен жұмысты толығымен аяқтау жоспарда тұр. 2020 жылға Жамбыл облысының этностары дәстүрлерінің энциклопедиясының 800 данасын басып шығару және интерактивті картаның соңғы презентациясы жоспарлануда. Сонымен қатар кестеге сай, жоспарлы түрде біздер жұмыс жасай береміз. Ең бастысы, татулығымыз бен бірлігімізден ажырамау.

– Қайырымдылық жасау жұмыстарын да Қазақстан халқы Ассамблеясы назарынан тыс қалдырған емес. Бүгінде осы бағытта атқарылған жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз…

– Былтыр облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Жүректен жүрекке», «Қамқор», «Жақсылық жасап жарысайық!», «Тегін нан», «Ерікті донор», «Жеңіс үшін рақмет», «Балаларға күлкі сыйлайық!», «Мектепке жол», «Қарттарды аялайық!», «Жаңа жыл шыршасы», «Қайырымды ел» сынды жалпы саны 700-ден астам акция өткізіліп, 940 миллион теңге көлемінде қайырымдылыққа жұмсалды. Биылғы «Сарқыт», «Сыбаға» және «Шашу» қайырымдылық акциялары аясында 30 мыңнан астам адамға 100 миллион теңгеге жуық көмек көрсетіледі деп күтілуде. Барлығы 10 миллион теңгеден астам қаражатқа демеушілік көрсетілді. Өңіріміздегі көпбалалы аналарға қамқорлық та Ассамблея меценаттары тарапынан ұдайы жасалып келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.