Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құмшағалдықтарды қабылдады

0 252

Қала аумағына жататын шалғай аудандарда қордаланған мәселе шаш етектен. Сондай аумақтың бірі – «Құмшағал» шағын ауданы. Мұндағы бұқараның базынасын тыңдауға «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов және округ депутаты Жанар Бүркітбаева арнайы барып, азаматтарды қабылдады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Аумақ тұрғындары көбіне азаматтық алу мәселесін көтерді. Бұл жолы қабылдауға ел азаматтығын ала алмай жүрген 3 бірдей тұрғын өтініш айтып келді. Солардың бірі – көпбалалы ана Юлия Дудченко.
– Бес баламның үшеуі мектепте оқиды. Үлкен қызым биыл 9-сыныпты аяқтап, аттестат алуы тиіс. Балаларым түгілі өзімнің де жеке төлқұжатым жоқ. Құжаттың жоқтығынан көптеген әлеуметтік көмектерден қағылып отырмын. Көші-қон бөлімінен анам туралы анықтама ала алмай жүргеніме де көп уақыт болды, – дейді тұрғын.
Үш бірдей азаматтың осы мазмұндас мәселесіне құлақ түрген партиялықтар жауапты сала мамандарына тұрғындардың құжаттарын зерделеуді тапсырды. Айтуларынша, азаматтық алудың да өз талаптары бар. Барлық заңдылықтар сақталған тұста ғана аталмыш құжатқа қол жеткізуге болады.
Шағын ауданның Жандосов көшесі, №14 үйінің тұрғыны Рысбек Жұмашев ауыз су мәселесін ортаға салды.
– Құмшағал бойынша ауыз су таңғы 07:00-де беріледі де, 23:00-де тоқтап қалады. Басқа уақыттарда да ауыз суға мұқтаж жанұялар көп қой. Осыны ескеріп, тұрғындарға ауыз суды тәулік бойы берілетіндей жағдай жасап берсеңіздер, – деді Рысбек Жолдыбайұлы.
Тұрғынның өтінішін бірден құп алған партиялықтар бұдан былай ауыз су үздіксіз берілетінін айтып, жағдайды жіті бақылауда ұстайтындарын ескертіп, көпшілікті жағымды жаңалықпен қуантты. Қоғамдық қабылдау барысында мұнан өзге шалғай аудандағы жаяу жүргіншілер жолдары, тротуар мәселесі, түнгі жарық жайы талқыланды. Тиісті сала мамандарына тапсырмалар берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.