Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Құмшағалдағы» қуаныш

Таразда жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді

0 260

Қала күні мерекесіне орай «Құмшағал» алқабында 140 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков және алқап тұрғындары қатысты.

Ең әуелі Ербол Шырақпайұлы ізгі тілегін білдіріп, мәдениет саласын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар үздіксіз жалғаса беретінін атап өтті.
– Тараз қаласының аумағы кеңейіп, тұрғындар саны бүгінде 482 мың адамға жетті. Оның ішінде «Құмшағал» алқабы мен оның маңайындағы елді мекендерде 7 600-ден астам халық тұрады. Мұндай қарқынды өсім әлеуметтік-экономикалық даму мен инфрақұрылымға жаңа талап қоятыны белгілі. Бүгінгі ашылып отырған мәдениет үйі – осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасы. Осындай ілкімді істердің нәтижесінде жас ұрпақ ұлттық мұрамен сусындап, шығармашылық қабілетін шыңдайтын жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Келесі кезекте еңбек ардагері Рахманбек Устаев ақ батасын беріп, аймақ басшысымен бірге нысанның лентасын қиды.
Мәдени мекемеде 12 орындық оқу залы мен кітапхана, кітап сақтауға арналған қойма бөлмесі, мәжіліс залы қарастырылған. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Облыстық және қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылған құрылыстың мердігері – «Әль Мансур» ЖШС.
Жалпы, мемлекеттің жан-жақты қолдауының арқасында өңірімізде мәдениет саласы қарқынды дамып келеді. Айталық, бүгінде облыс аумағында 500-ден астам мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ өткен жылы 20 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 8-і пайдалануға берілді. Биылдың өзінде 16 нысанға қаржы қарастырылып, оның 4-еуінің құрылысы аяқталса, жыл соңына дейін тағы 6 мәдениет ордасы есігін айқара ашпақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.