Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Құмшағалда» мәдениет үйі бой көтеруде

0 215

Мәдениет саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр сала өкілдерімен кездескен басқосуда айрықша атап өткен болатын.

– Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады. Елімізде мәдениет пен өнер саласына ерекше басымдық беріліп келеді. Былтыр мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Соңғы 3 жылда елде 700-ден астам мәдениет нысаны жөнделіп, 170-ке жуығы жаңадан салынды. 30 жылда алғаш рет мемлекеттік ұлттық мекемелер мен оқу орындарына музыкалық аспаптар алу үшін бюджеттен қаражат бөлінді, – деген ел Президенті салаға серпін беретін ілкімді істер назардан бір сәтке де тыс қалмайтынын жеткізді.
Бұл бағытта Тараз қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, бүгінде қала іргесіндегі «Құмшағал» тұрғын алқабында жаңа мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүруде. Тұрғындар үшін аса маңызды бұл нысан 120 орынға арналған, заманауи талаптарға сай жабдықталмақ.
Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімге сай жүргізілуде. Жаңа мәдениет үйі 2025 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл мекеме халықтың бос уақытын тиімді өткізуіне, ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, шығармашылықпен айналысуға үлкен мүмкіндік береді.
Мәдениет ошағында концерттік залдан бөлек, үйірмелер мен көркем өнер, қолөнер бағытында түрлі жобалар да қарастырылған. Жалпы нысан қала шетіндегі елді мекендердің мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам деп айтуымызға болады.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.