Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үміт пен мейірім мекені

0 213

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты саясатының бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру. Еліміз қиын кезеңдерді бастан өткергенде Президент ең бірінші кезекте әлеуметтік саланың дамуына басымдық берді. Содан бері бұл сала қай уақытта да назардан тыс қалмай келеді. Иә, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетілуге тиіс. Бұл – бәріміздің қоғам алдындағы парызымыз.

Ұлт ұстазы Әл-Фарабиден: «Қай елді бақытты деп айтамыз?» – деп сұрағанда: «Мұқтаж адамы жоқ, кемтар жандарға қол ұшын беретін ел бақытты», – деген екен. Тағдырдың адам баласына тартар «сыйы» әртүрлі. Он екі мүшесінің сау болуын тілемейтін жан жоқ екені хақ. Түрлі жағдайда денсаулығынан айырылып, мүгедектік қамытын кигендер үшін тіпті де қиын. «Адамның басы – Алланың добы». Жаратқан ием пешенеге не жазса, пенде байғұс соған көне береді. Көнгендіктен жүре береді. Көнбеске шарасы да жоқ.
Тағдыр тауқыметін тартқандар үшін көптеген игі шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осындай жандар үшін арнайы құрылған орталықтардың маңызы зор. Тараз қаласындағы «№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ-де көрсетіліп жатқан қызмет пен жүзеге асырылып жатқан игілікті істерді көргенде Әл-Фараби бабамыздың жоғарыдағы сөзі еріксіз еске оралады.
Аталмыш мекеме 2014 жылдың желтоқсан айында Тараз қаласының оңтүстік-шығыс беткейінде «№1 Жүйке аурулар интернат-үйі» КММ болып жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Орталықтың негізгі міндеті – қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың даму деңгейін арттыру, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету.
– Орталық қызмет алушыларға үйдегідей ахуалға жетеғабыл қолайлы жағдай жасайды. Биыл құрылғанына он жыл толған бұл орталықта тұратын азаматтарға әлеуметтік сала бойынша барлық жағдай жасалуда. Қызмет алушыларға психолог, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, еңбек терапиясы инструкторлары, дене шынықтыру және музыка мұғалімдері және мәдени ұйымдастырушы мамандар жоғары, сапалы қызмет көрсетуге күш салуда.
Жүйке ауруларының тек ересектер ғана емес, балалар арасында да жыл өткен сайын көбейе түсуі әлемдегі денсаулық сақтау ұйымдарын да еріксіз алаңдатып отыр. Неврологиялық және туа біткен аурулардың бүлдіршіндердің арасында кең етек жая бастауы ойлантпай қоймайды. Сондықтан аурудың алдын алу, диагностикалауды дер кезінде жүргізу, диагнозы қойылған соң науқасты уақытылы әрі сапалы емдеу – бұл саладағы күн тәртібінде тұрған маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі.
Мүмкіндігі шектеулі жандар 18 жастан кейін де назардан тыс қалмауы керек. Мемлекеттен берілетін қолдау, мүмкіндік, қаражат қысқармағаны абзал. Өйткені, емі жоқ, жазылмайтын дерті бар жандар кейде қараусыз, қоғамнан сырт қалады. Бұл – ата-анаға өте ауыр салмақ.
Мұның бір себебі оларға қажетті орта құрып, қамқорлық-қолдау көрсетудегі кемшіліктерден болса керек. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс екенін айрықша атап өтті.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау қалай жүзеге асуы керек? Бұл сауал әрқашан күн тәртібінен түскен жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және оларды қорғау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты саналады. Қолдауға мұқтаж топтардың мәселелерін шешу қай кезде де бірінші кезектегі өзекті проблемалардың қатарында.
Жалпы орталықта стандартқа сәйкес 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Атап айтсақ, бірінші бағыт – әлеуметтік-тұрмыстық, екінші бағыт – әлеуметтік-медициналық, үшінші бағыт – әлеуметтік-психологиялық, төртінші бағыт – әлеуметтік-педагогикалық, бесінші бағыт – әлеуметтік-еңбек, алтыншы бағыт – әлеуметтік-мәдени, жетінші бағыт – әлеуметтік-экономикалық, сегізінші бағыт – әлеуметтік-құқықтық.
Бұл сегіз бағыттың қызмет алушының қоғамдық өмірге қалыптасуына тигізер пайдасы орасан зор. Өйткені, біріншісі қызмет алушылардың күнделікті өмірде тіршілік етуі үшін, екіншісі денсаулықты жақсарту және қолдау болса, одан соңғысы қоршаған ортаға әлеуметтік бейімдеп, психологиялық жағдай түзеуге жәрдемі тиеді. Ал төртіншісі тұрмыстық жағдайға, білім алып, оқуға бейімдейді. Еңбек қабілетін қалыптастыру және еңбекке баулуға бесінші бағыт арналса, әлеуметтік-мәдени шараларды ұйымдастыру және сондай шараларға тартуға алтыншы бағыт көмектесуде. Тұрмыс жағдайын жақсарту мен құқықтық статусын демеуге немесе өзгертуге, болмаса оларға заңгерлік көмек көрсетуге жетінші және сегізінші бағыттар қызмет көрсетуде.
Барлық бағыт бойынша орталық ұжымы мұндағы әрбір қызмет алушы жанның спортқа, мәдени-танымдық ой-өрістерін кеңейтуге, көкейлеріндегіні ашып айта білуге үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, алған білімдерін әлеуметтік маңызды мақсаттарға жұмсауға үндейді. Осындай игі мақсатпен мекемеде стандартқа сай үйірмелер жұмыс атқарады, – дейді орталық директоры Балабек Нарбаев.
Мұнда қызмет алушыларды ыждағаттылыққа, тазалыққа баулу, өз-өзіне қызмет көрсетуін жетілдіру, жаны жаралы жандардың өмір сүруге деген құлшынысын оятып, дүниетанымын кеңейту, әдемілікке тарту, еңбек ету қабілетін арттыруда әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, дәрігерлер, психолог, еңбек терапиясы нұсқаушылары секілді мамандар еңбек етеді.
Олар қызмет алушыларға тек медициналық және оңалту шараларын жүргізумен шектелмейді. Одан бөлек, ғимарат ішін жарымжан жандарға отбасындағыдай жағдай қалыптастырып, жылылық, әдемілік, көтеріңкі көңіл күйін сыйлайтындай етіп безендірумен айналысады. Оған орталық жұмысымен танысу барысында көз жеткіздік.
– Бізге келетін адамдар – қиын ахуалдағы, тағдырдың жазуына бас иген жандар. Сондықтан мамандарымыз олардың әрқайсының ерекшеліктеріне сәйкес арнайы жоспар бекітіп, сол бойынша жеке-жеке жұмыс істейді. Қызмет алушыларымыздың әр сағаты, әр сәті жоспарланған. Таңертең арнайы жаттығулар жасаумен басталатын әр күн түрлі ем-шараларға толы. Олардың қимыл-қозғалысын дамыту мақсатында мамандарымыз уақытпен санаспай қызмет етеді. Әсіресе, еңбек терапиясының маңызы зор. Бұл мақсатта сурет салып, қолөнермен айналысудың пайдасы мол, – дейді орталық директоры.
Расында, ғимарат іші қолөнер туындыларына толы. Қабырғаларда ілулі тұрған түрлі картиналар, ою-өрнектер, ағаштан жасалған сан алуан мүсіндер еріксіз көз тартады. Осындай керемет дүниелердің қызмет алушылардың қолынан шыққанын естігенде, тіпті таңғаласың. Өйткені, барлығы сондай шынайы, әдемі. Бұл «Мейірім», «Қарлығаш», «Үміт», «Шапағат», «Ізгілік», «Ақниет», «Жаншуақ», «Дағдарыс», «Паллиатив» және «Қабылдау бөлімі» деп аталатын он бөлімдегі игілікті істер ілкімді екенін анық көрсетіп тұр.
Көңілді осындағы жарымжан жандарға жасалып жатқан жақсылықтар толқытты. Қалай дегенде де жүйке аурулары орталығындағы тұрғындар бастарына түскен тағдыр талқысына мойымай, барлық мәдени шараларға атсалысып, өзге де орталықтардағы жандарға қайырымдылық концерттерін беріп, белсенділік танытуда.
«№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ-нің ауласы гүлзармен көмкерілген. Осында қызмет ететін ақ желеңді абзал жандар науқастарға әрдайым жүрек жылуын сыйлайды. Орталықта тұратын қызмет алушыларға әлеуметтік сала бойынша барлық жағдайлар жасалуда. Қызмет алушыларды пайдалы қоғамдық еңбекке тартуға психолог, әлеуметтік қызмет көрсету мамандары, еңбек терапиясы нұсқаушылары, дене шынықтыру және музыка мұғалімдері мен мәдени ұйымдастырушы мамандар сапалы қызмет көрсетуге күш салуда.
Еңбек терапиясы бағытында мұнда тігін және ағаш шеберханасы жұмыс істейді. Әйелдер жағы құрақ құрап, кесте тігіп, тоқыма тоқыса, ерлер ағаштан түрлі бұйымдар, мүсіндер жасайды. Арнайы асхана да бар. Онда әйелдер жағы түрлі тәттілер пісіріп, ас дайындайды. Әрине, бұл тірліктің барлығы қызметкерлердің көмегімен жасалады.
Әлеуметтік-медициналық, психологиялық қызметтер дәрігердің нұсқаулығымен әр адамның жағдайына қарай жүргізіледі. Қимыл-қозғалысынан айырылған адамдар үшін массаж, басқа да қалпына келтіретін ем-шаралар тағайындалады. Орталықта арнайы күтімді қажет ететін азаматтарға арналған заманауи қондырғылар да аз емес. Сонымен қатар физиотерапия бөлімінде сумен, тоқпен, жылумен емдеу де жолға қойылған.
Орталықтың өз бау-бақшасы да бар. Қызмет алушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, еңбекке деген құлшынысын ояту мақсатында онда қияр, қызанақ, аскөк, қызылша, құлпынай, қырыққабат секілді жеміс-жидек пен көкөністер егіледі.
– Бұл жер шағын ауыл секілді. Мұндағы аула ішіндегі шаруашылықта негізінен өз қызметкерлеріміз бен қызмет алушыларымыз еңбек етеді. Өз қолымен еккен өнімдерін өздері пайдаланады. Бұл да қызмет алушылардың қимыл-қозғалысының жақсаруына септігін тигізетіні сөзсіз. Жемістер мен түрлі саялы ағаштар да, гүлдер де егілді. Тауық, қаз, қоян секілді қолға үйретілген жан-жануарларды да ұстап, күтіп бағамыз, – дейді орталық директоры Балабек Нарбаев.
Орталыққа келгенде ауласынан бастап ғимарат ішіне енгенге дейін жанға жайлы жылылықты сезесің. Тап-таза, неше түрлі гүлдермен көмкерілген. Мұнда қызмет алушылар отырып, демала алады. Қажет кезінде орталыққа көмек қолын созатын демеушілері де бар екенін айта кету керек.
Орталық жұмысына қызмет алушылар дән риза. Мұны олармен әңгімелесу барысында байқадық. Орталық ашылғанда алғаш болып түскен жан әлі де мұнда ем қабылдауда.
– Орталықтағы жағдайымыз жақсы. Ем-шараларымызды уақытылы аламыз. Қызметкерлер де кішіпейіл, қарапайым жандар. Көңілімізді бағып, әрдайым жанымыздан табылады. Біз секілді ерекше жандарға барлық жағдай жасалған, – дейді ем алушы.
Осындай қам көңіл жанның бірі Ш.Бикеева есімді азаматша да орталықтың қызметіне көңілі толатынын жеткізді.
– Мен төрт жылдан бері осы жерде қызмет алып келемін. Бұл жердің ем-домы ұнайды. Барлық жағдай жасалған. Мамандары да білікті, өз ісіне адал жандар. Орталықта біз тек медициналық көмек алумен шектелмейміз. Сонымен бірге мәдени шаралар да көптеп өткізіледі. Менің хоббиім – қолөнермен айналысу. Бұл жерде қызыққан ісіңмен айналысуға еш шектеу жоқ. Керісінше, білігіңді дамытуға мүмкіндік мол. Орталық қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді ол ағынан жарылып.
Кейіпкеріміз айтқандай, бұл жерде мәдени қызмет те жақсы жолға қойылған. Мұнда қызмет ететін әр маманның жауапкершілік жүгі ауыр. Өйткені, жарымжан жандардың бабын табу, көңілінен шығу, өмір сүруге деген құлшынысын арттыру оңай емес. Бұл жерде тек өз кәсібін сүйетін, сабырлы, жүрегі мейірімге толы жандар еңбек ете алары сөзсіз.
– Орталық жұмысының қызығы да, шыжығы да көп. Қызмет алушылардың әрқайсысымен тіл табыса келе туыс сияқты болып кетеміз. Қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Өмірден түңіліп, «Неге мен? Осындай күйге түсетіндей не жаздым?» – деп баз кешіп келетіндер көп. Сондай жандарды жылы сөзбен жұбатып, көмек қолын созамыз. Ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Осылайша, бір-бірімізге жақын жанға айналдық. Кейде, тіпті жанұясы іздемейтін кісілер де болады. Олармен телефон арқылы байланысып, кездесу ұйымдастырамыз. Бұл жерді «үміт ұясы, үміт мекені» деп атайтындар да бар. Осындай қиындықтарға қарамастан өз мамандығымды жақсы көреміз, – дейді ұжым мүшелері.
Орталық қызметкерлері мен қызмет алушыларының тынымсыз еңбегі жемісін беріп те келеді.
Ақиқатында мемлекет тарапынан қызмет алушыларға барлық жағдай жасалғанын баса айтқан жөн. Ас мәзірінде төрт мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылған. Жататын орындары жайлы әрі қолайлы. Жыл мезгіліне орай киім-кешекпен, гигиеналық заттармен ұдайы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қызмет алушылардың денсаулығы күні-түні дәрігерлердің бақылауында болады.
Қызмет алушылар арасында он саусағынан өнері тамған жандар да жиі кездеседі. Оларды еңбекке баулитын арнайы шеберханалар жұмыс істейді. Бойындағы қабілеттерін шыңдау үшін түрлі үйірмелерге қатысып жүрген жандар да баршылық.
Мекеме жанынан «Қоғамдық кеңес» құрылып, қызмет алушылардың қосымша қажеттіліктерін және ұсыныстарын ескеріп, оларды жүйелі түрде шешіп отыруға әрекеттер жасалуда.
Аталмыш ұжым осындай тынымсыз еңбектің арқасында талай марапаттарға да ие болды.
Берекелі істің басында білікті басшы тұратыны белгілі. Бұл орайда орталық директоры Балабек Жанбекұлын өз ісінің шебері, ұтқыр ойлы басшы деуге толық негіз бар. Саланың қыр-сырына қанық екені сөзсіз. Оның бойындағы ұйымдастырушылық, еңбексүйгіштік, көпшілдік қасиет ұжымды ұйыстырып, берекелі тірлік тінін тарқатуға септігін тигізуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы жағдай жасап, олардың мейірім құшағында болып, өздерін жайлы сезінуге үлкен үлес қосып отырған орталықтың алға қойған мақсаты да айқын.
Бұл жерде еңбек ететін жандар «әлеуметтік сала қызметкері» деп аталады. Бұл құрылымның қызметі қашан да сұранысқа ие. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің арқасында тіршілік тынысы тарылып, өмірлік қиын жағдайға душар болған қамкөңіл жандар өмірге бейімделіп, еңсе тіктейді. Өмірге өкпелі, айналасынан жәрдем күтетін азаматтардың қайғысы мен қиындығын солармен бірдей бөлісіп, еңсеруге бірге атсалысатын сала қызметкерлері қандай құрметке де лайық!

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.