Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өмірі – өнеге, ғұмыры – ғибрат

0 511

Жамбыл журналистикасы ғана емес, театр, жалпы өнер саласында Болат Бекжановтай тау тұлғаны білмейтін адам кемде-кем. Талас топырағынан түлеп ұшып, қаламын жанына серік етіп, талай теңдессіз туындыларды тудырған журналист, жазушы, ақын, драматург Болат Үмбетәліұлының артында мол мұра қалғаны анық.
Өмір жолын ең әуелі өнерге арнаған қаламгер еңбек өтілін телеарна, газет, баспа саласынан бастады. Бүгінде 20 жылдық белесіне жетіп отырған облыстық «АR-AI» газетінің іргетасын қалап, жастар үнпарағын дүниеге әкелген жан талантты, жас журналистердің қанатын қатайтты. «АR-AI»-дың таңы арайлап атқаннан кейін Бөкеңе жергілікті билік қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бағдарын айқындап, тынысын кеңейтуді тапсырады. Мұнда да білікті басшы, талапшыл редактор мықты журналистердің шоғырын қалыптастырып, басылымды жаңа белеске шығарды. Тілшілер қауымының тіршілігін ширатып, қалалық басылымды ақиқаттың алдаспанына айналдырды.
Өмір – ағысы асау өзен секілді, бір орында тұрақтамайды. Ол бұдан кейін Бөкеңді театр саласына алып келеді. Облыстық қазақ драма театрына басшылық ете жүріп, Болат Бекжанов актерлардың талантын шыңдай түсті. Драматургиясы даралығын танытып, тағылымды қойылымдарды сахналады. Мұнда да Бөкеңнің еңбегі ел есінде, жұмысы ұжым жүрегінде қалғаны анық.
Міне, осылайша қай саланы болса да ұршықша иіріп әкетіп, шырқау шегіне жеткізетін қаламгерді, амал нешік, сұм ажал 60 жастан асқан шағында алып кетті. Бүгін ағамыздың ортамыздан кеткеніне тұп-тура 5 жыл толып отыр. Осы орайда аяулы жар, асқар тау әке, адал дос, ұлағатты ұстаз болған Болат Бекжановтың шығармашылығы мен атпал азамат туралы естеліктерді оқырман қауымға ұсынғанды жөн көріп, рухына тағзым еттік.

Редакциядан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.