Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өмірі – өнеге, ісі – үлгі

0 2  364

Талайғы Таразда күні кеше Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен аталып өтті. Тағылымды шаралар барысында соғыстың санаулы ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі жарлығы бойынша «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 80 жыл» мерекелік медальдары табысталды. Осындай лайықты құрмет-қошеметке ие болғандардың бірі Ілияш Әбітбеков ақсақалдың есімі елге қаламыздың жоғарғы оқу орындарында ұзақ жылдар еңбек еткен ғалым-ұстаз ретінде танымал. Ал кіндігі Молдавия жерінде кесілгенін, соғыс басталғанда зорлықпен қоныс аударылғандар көшіне ілесіп Қазақстанға, киелі Құлан жеріне келгенін, буыны қатпаса да тылда еңбек еткенін, өзін асырап алған қазақ отбасында өсіп, ержеткенін көп адам біле бермейді…

Тарихтан белгілі, КСРО кезінде бірнеше бүтін бір ұлттар қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстанға зорлықпен жер аударылған. Батыста соғыс жүріп жатқан 1942 жылдың 1 мамырында Молдавия да күштеп көшіру жүргізілді.
Салт атты қызыл әскерлер шағын елді мекен тұрғындарын бір жерге жинап, күштеп тауарлы пойызға тиеген қасіретті сол күн бала Ілияштың есінде. Бір отбасынан анасы мен екі қарындасы бар төрт жан еді. Әкесі сәл ғана бұрын әскерге алынған болатын, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен.
Еуропаның оңтүстік-шығысынан күштеп көшірілгендердің азапты сапарлары кезінде көрген құқайлары аз болған жоқ. Көктен ұшақ дауысы шықса болды, тауарлы пойыз тоқтап, вагондағылар жанұшыра сыртқа ұмтылып, ой-жыра болса соған жасырынып, жан сауғалайтын. Бала Ілияш осының бәрін басынан өткерді, соғыстың ажал себетінін, аспаннан жауған бомба мен оқтан жараланған, қаза тапқандарды көзімен көрді.
Пойыз қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданының аумағындағы Малдыбай стансасына тоқтағанда күштеп жер аударылғандардың бір тобы вагоннан түсіріліп, ат-арбалармен Алғабас ауылына әкелінді. Бұл шамамен 1942 жылдың шілде айы болатын. Ілияштың анасы шиеттей үш баласын асырау үшін келісімен ұжымшар жұмысына жегілді. Қарайтын адамы жоқ, балаларын өзімен бірге алқапқа тары жинауға алып шығып жүрді. Жолда жабысқан ауруы асқынған, денсаулығы да жоқ еді. Бір күні ертеңгілік ұйқыдан оянбады. Үш баласы ботадай боздап жылап қалды. Ауыл адамдары арқа тірерлерінен айырылған жетімдерді үш үйге бөліп әкетті. Ілияшты «Алғабас» ұжымшарының бастығы Аязбай Ілебаев бала етіп асырап алды.
– Соғыс жылдары ауыл тұрғындарының көрген қиындық, тартқан азаптары көп болды, – деп еске алады бүгінде Ілияш ақсақал – Үлкендердің бәрі жұмыста. Жас балалар, бізді де, шаруашылықтың әртүрлі жұмыстарына қатыстыратын. Көбіне алқаптан масақ теретінбіз. Терілген масақты күн көзіне жайып, кептіріп алған соң аяқпен таптап, дәнін сабағынан ажыратып алып, қол диірменге тартатын едік. Тары, бидай талқаны осылай дайындалды. Біздің негізгі қорегіміз талқан болды….
Қамкөңіл бала Ілияш ересектермен бірге еңбек ете жүріп, қазақ тілін тез меңгеріп алды. Мұны байқаған асырап алған әкесі қуанып, ауылдың мектебіне оқуға берді. Мұнда ерекше зейіні барын аңғартып, сабақты да жақсы оқыды. Алғыр оқушы соғысқа алынып, бірақ денсаулығы болмай елге қайтарылған, Тереңөзек ауылындағы мектептегі ұстаздық жолын жалғастырған Әзімхан Әбітбековтің назарына ілікті. Ол Аязбаймен сөйлесіп, келісімін алып, Ілияшты өз отбасының бір мүшесі етіп, өз ауылына көшіріп алды. Алғашқы күннен-ақ аялы қамқорлығына бөлеп, Ілияштың жақсы оқуына барлық жағдай жасады.
Жеті жасында ескіше хат танып, кейін кеңес өкіметі орнағанда мұғалімдер дайындайтын қысқа мерзімді курсты бітіріп, ұзақ жылдар мектепте бастауыш сыныптарда сабақ беріп келе жатқан Әзімхан Әбітбеков ел құрметтеп «Мұғалім» атап кеткен, адамгершілігі молдығымен, ақ көңілдігімен, әншілік өнерімен, сөйлер сөзге шешендігімен, тапқырлығымен жерлестерінің құрметіне бөленген азамат болатын. Ел ішінде «Әзекең айтып еді» деген ғибратты әңгімелер сақталған. Сабақтан қолы боста, жиын-тойларда Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», Мәдидің «Айнамкөз», «Зәуреш» әндерін керемет орындайтыны да аңыз болып бүгінге жеткен.
Талабы тас жарған жас Ілияш 1952 жылы Ақыртөбе орта мектебін бітіріп, барлық емтихандарды жақсы тапсырып, Алматы қаласындағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсті. Небір атақты математик ғалымдардан дәріс алған жылдар тез-ақ өте шығып, қолына армандаған диплом тиісімен өзі сұранып, туған ауданына жолдама алды. Жемісті еңбек жолын Ақтоған орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Айналасы бір жыл ішінде өзін ізденгіш ұстаз ретінде таныта білді. Бұл жай еленбей қалған жоқ. Облыстық оқу бөлімі арнайы бұйрық шығарып, Ілияш Әбітбековті жоғары білімді математика мұғаліміне зәру Қорағаты орта мектебіне ауыстырды. Мұнда да жақсы танылды. Оқу жылы аяқтала Ілияш Әбітбековке аудандық оқу бөлімі «құда түсті», инспекторлық қызметке шақырды.
– Жоғары білімді математик ретінде сенің аудан мектептеріне әдістемелік көмегің қажет. Әрі қазақшаға да, орысшаға да жетіксің. Осындай артықшылықтарың үшін таңдау саған түсіп отыр. Ұсынысты қабылдасаң, болашағың үшін жақсы болады. Ойлан, қарағым, – деді аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, соғыс ардагері, Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген соң, Орталық комитетте нұсқаушы болып істеген, әйелінің денсаулық жайымен көкарайлы Тұрар Рысқұлов ауданына көшіп келген Уәтай Әлімходжаев жас ұстазбен алғашқы әңгімелесу кезінде.
– Аудандық оқу бөлімінің ұсынысын қабылдағаның жөн, бұл саған пайдаңды ауданның барлық мектептеріне тигізуіңе мүмкіндік береді. Әрі болашағың үшін де жақсы болады. Ойлан, – деді әкесі Әзімхан Әбітбеков ақылдасқанында.
Аудандық оқу бөліміне екінші рет шақырылғанда Ілияш Әзімханұлы келісімін беріп, инспекторлық қызметке алынды. Алғашқы қадамнан-ақ жұмысты тез меңгеріп кетті. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі жоқ кезде «міндетін атқарушы» болып іс қағаздарына қол қоятын дәрежеге жетті. Партия мүшелігіне қабылданды. Ауданның қоғамдық өмірінің бел ортасында жүрді. Жас коммунист ретінде, тіпті, қой қырқынына, мал азығын дайындау, түрлі ауыл шаруашылығы науқандарына уәкіл етіп жұмсайтын. Ол заманда мектептер аудандық атқару комитеттеріне қарайтындықтан аудандық қана емес, облыстық атқару комитеті де Ілияш Әбітбековке тапсырма бере бастады. Бірде аудандағы он жылдық мектептің жұмысын тексеру ұйымдастырылып, облыс құрған арнайы комиссияны басқару Ілияш Әбітбековке тапсырылды. Жаңа оқу жылында мектептерді кадрлармен қамтамсыз ету жұмысына да атсалысты.
Бұл жұмыстардың бәрі де аудан жұртшылығы алдындағы беделін арттырып, болашағы бар, өсетін маман атандырды. Партия қатарына өтуіне кепілдеме берген аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы бір жолығып қалғанында өз орнына дайындап жатқанын айтып та қалғаны бар. Өзі оқуға әлде басқа қызметке сұранып жүргені белгілі еді.
Комсомол жұмысында істеу ол кез мансаптық өсуге бастайтын жолдардың бірі саналатын. Бірақ Ілияш Әзімханұлы өз мамандығына адал болуды, білімін ұдайы толықтыруды, математик ретінде танылуды қалады. Осы мақсатына жету жолын Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы филиалы жариялаған конкурс туралы газет хабарын оқыған кезде тапқандай болды. Тез шешім қабылдап, тиісті құжаттарын дайындап, тапсырды. Сынақтан жақсы өтіп, жоғары математика пәнінен дәріс оқитын оқытушы болып қабылданды. Бұл 1961 жыл болатын. Арада екі жыл өткенде филиал Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты болып, қайта құрылды.
Жоғары оқу орнында да Ілияш Әзімханұлы аз уақыт ішінде таңдаулы ұстаздардың қатарынан көрінді. 1969 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының математика және механика институтына ғылыми ізденуші болып тіркелді. Осы академияда 1984 жылы атақты математик, академик Назарбай Қадырұлы Блиевтің жетекшілігімен диссертациялық еңбегін табысты қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағына ие болды.
Ғылымдардың патшасы саналатын математика пәнінен оқыған дәрістері ерекше мазмұндылығымен ерекшеленетін, осынысымен шәкірттеріне сыйлы болған Ілияш Әзімханұлы Тараз қаласындағы іргелі жоғары оқу орындары – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті Тараз институтында, Тараз инновациялық гуманитарлық университетінде әр жылдары доцент, кафедра меңгерушісі болып істеп, ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысты.
Ауыл мектептерінде істеген кезін есептемегенде, жоғары оқу орындарында алпыс жылдан аса уақыт еңбек етті. Осы уақыт ішінде алдын көрген шәкірттері республиканың қай түкпіріне бармасын өздерін білікті маман ретінде танытқандары даусыз. Өз облысымызда қызмет істеген шәкірттері арасында ұстазының үмітін ақтап биіктен көрінгендері де бір қауым. Айталық, Бексұлтан Тымбаев технологиялық институтты бітіргеннен кейін қатардағы маманнан облыстық партия комитетінің нұсқаушылығына көтерілді, Шу қант зауытының директоры болып істеді, одан өсіп Қазақ КСР тамақ өнеркәсібі министрі, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Кейінірек Қазақстанның Куба республикасындағы елшісі болып істеген. Қайраткер тұлға 58 жасында қайтыс болып кетті.
Ілияш ақсақалдың шәкірттері арасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаттары Әмзебек Жолшыбеков, Аманкелді Момышев, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, экономика ғылымдарының кандидаты Аманкелді Карентаев, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық академиясының академигі Өскенбай Мәдиев, облыстың Құрметті азаматы, билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық мәслихат хатшысы болып істеген, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Әбдінұр Әсілбеков және басқалар бар.
Еліміздің жоғары білім беру ісіне қосқан өлшеусіз үлесі үшін Ілияш Әбітбеков А.Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталған. Бұған қоса әр жылдарда «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 60 жылдығы, 70 жылдығы, 80 жылдығы» медальдарымен, Жамбыл облыстық мәслихатының, өзі қызмет атқарған жоғары оқу орындарының Құрмет грамоталарымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған, 2015 жылдан Тараз қаласының Құрметті азаматы. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекеленген жылы сол кезгі облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қолынан облыстың Құрмет грамотасын алған.
Студент кезінде Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысынан келіп Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетінде оқитын Рабиға Мұхамедғалиқызы Дауылбаевамен танысып, екеуі шаңырақ көтерді. Ілияш ағамыз қазіргі Тараздағы жоғары оқу орнында оқытушы болып істей бастағанда Рабиға жеңгей Жамбыл облыстық балалар ауруханасына дәрігер болып қабылданған. Көп ұзамай бөлім меңгерушісі болды. Уақыт өте келе, тәжірибесі молайған, жоғары санаттағы балалар дәрігері Рабиға Мұхамедғалиқызы 1973 жылы осы аурухананың бас дәрігері болып тағайындалды. Он сегіз жыл абыроймен атқарып, еңбек демалысына шықты. Бірақ, сүйікті ісінен қол үзген жоқ. Облыстық балалар жұқпалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары болып 2000 жылға дейін еңбек етті. Көп жылғы мінсіз қызметі үшін берілген марапаттары көп. Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағын алған.
Қазірде қос зейнеткер балаларынан көрген немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешуде .Облыс орталығында ардагерлердің қатысуымен өтетін -шараларға шақырылса, барып қатысып отырады.
Ілияш ағамызбен таныстығым өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ақыртөбе өңірінен шыққан, заманында қазақ-қырғызға атағы кеңінен жайылған шайыр, айтыс ақыны әрі елді имандылыққа үндеп өткен ғұлама молда болған Өзібек Ақжолұлының қолжазбаларын, ол туралы деректерді іздестіріп Тереңөзек ауылына барып жүрген кезімде басталған. Бертінірек, 2006 жылы Ілияш ағамыз әкесі Әзімхан Әбітбековтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған шаралар аясында Тереңөзек ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепке ескерткіш тақта орнатты. Бұл шараға шақырумен барып, қатысып, облыстық газетте мақала жарияладым.
Тереңөзек ауылының Жамбыл атындағы және Ә.Исаев атындағы көшелерінің арасындағы осындағы орта мектепке апаратын жолға орнатылған қақпаның маңдайшасына «Ақыртөбе өңірінен шыққан ақын Өзібек Ақжолұлының ( 1868-1934 ж.ж.) саяжолы» деп жазылған. Оны аралап өту кім-кімге болмасын ерекше әсер сыйлайды.
Бұл жерден Мақпал, Ынтымақ, Тереңөзек, Көкарық, Шолаққайыңды елді мекендерін қамтыған Тереңөзек аймағынан шыққан, алды өткен ғасырда жасаған алдыңғы толқын ұрпақ мен қазірде арамызда аман-сау жүрген зиялы қауым өкілдерінің біркелкі көлемде гранит тақтайшаларға бедерленіп салынған суреттерімен, қысқаша өмірбаяндарымен танысуға болады.
Мұнда келгендер физика-математика ғылымдарының кандидаты, Тараз қаласының Құрметті азаматы Ілияш Әбітбековтің де есімін оқиды. Бұл жерлестерінің тарапынан көрсетілген құрмет, әрине.
Алдағы 25 мамырда Ілияш ағамыздың жасы тоқсанға толады. Бірақ, әлі де тұғырында, зейіні мықты. Газет оқып, теледидар хабарларын көріп отыратындықтан, ел, облыс, қала өмірінен жақсы хабардар. Әсіресе, шәкірттерінің, амандық-саулықтарын, қызметтеріндегі жетістіктерін біліп марқайып отырған сәттері көп. Қадірлі ағамызға осы қалпынан танбай, арамызда аман-сау жүре беріңіз деген тілек арнаймын.

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.