Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өмірі – өнеге, еңбегі – үлгі

0 2  409

Елі өнерлі, салт-дәстүрі бай, халқы жомарт, қонақжай өңірдің даласы да, тауы да, тасы да мен үшін өте ыстық. Сарысуда еңбек жолымызды бастап, үздіксіз 40 жыл қызмет атқарған мерейлі күндерім менің жүрегіме жақын жылдар болып қала береді. Өмірімнің ең бір сәулелі сәттерінің куәсі болған киелі мекен ғой. Сондықтан да сүйікті Сарысуымның әрбір адамы – мен үшін сыйлы да қадірлі жандар. Солардың бірі әрі бірегейі, өмірлік ұстанымына берік, адамдық болмысына адал бола білген, бүгінде мерейлі 75 жасқа толып отырған Күләш Әбдікешованың есімін ерекше атап өтуге болады.

Ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, қажырлы қызметімен және өскелең өнегесімен елге танымал Күләш Әмедияқызы еңбек жолын 1965 жылы Жамбыл медициналық училищесін бітіргеннен кейін туған жері Байқадамда фельдшерлік-акушерлік пункттің меңгерушісі болып бастайды. Өз қызметімен қатар, жастар арасында белсенді жұмыс атқарып, бар ерекшелігімен танылған оны 1969 жылы «Байқадам» кеңшарында еңбек ететін жастар комсомол комитетінің хатшысы етіп бірауыздан сайлайды. Сол жылдары Мәскеуде өткен бүкілодақтық комсомол съезіне делегат болып қатысады. Көп ұзамай, 1970 жылы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Күләш Әмедияқызы Сарысу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады.
Күлекең комсомол жұмысында басшылық қызметте жүріп, қарапайым мінезімен көпшілікке өнеге көрсете білді. Жастарды жігерлі болуға тәрбиелеп, адалдық пен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екендігіне баса назар аударып отырды. Осындай ауқымды еңбектерінің нәтижесінде Күлекең басқарған жылдары аудандық комсомол ұйымы облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрінді.
Күләш Әмедияқызы өзінің іскерлігі, таланты, табандылығы және жағымды мінезінің арқасында аудан басшылығының назарына ілігіп, 1973 жылы Халық депутаттары Сарысу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Жамбыл педагогикалық институтын сәтті аяқтаған Күлекең өзінің интеллектуалдық күш-жігерін, білімін ауданның мәдени, рухани өмірінің гүлденуіне жұмсады.
Қандай істі де ақыл-оймен, білім-парасатымен шешетін, алға қойған мақсатына жетпейінше тыным таппайтын Күлекең 1983-1991 жылдары аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, 2-ші хатшысы болып, тағы да бір басшылықтың тізгінін ұстайды. Осы кезең ішінде өзіне де, өзгелерге де талап қоя білетін басшы ретінде көптеген білікті мамандарды даярлауға зор үлес қосты. Арасында (1986 жылы) Алматы жоғары партия мектебін де бітіріп алады.
1991-1993 жылдары Сарысу аудандық кеңесінің төрайымы, 1993-1995 жылдары Жамбыл облыстық тіл басқармасының бастығы болып абыроймен қызмет атқарды.
Күлекеңнің өмір жолына аз-кем көз жүгіртер болсақ, еңбек етуден жалықпаған, өзін үнемі жетілдіру үстінде ұстанғандығын аңғаруға болады. Осы бір асыл қасиеттерін 1995-2007 жылдары Қазақстан халықтары Жамбыл облыстық кіші Ассамблея атқарушы хатшылығының меңгерушісі болғанда да іс жүзінде жалғастыра білді. Ол осы жылдар ішінде облысымыздағы көпұлтты халықтардың достығын баянды етуге аямай тер төкті. Кісілік келбеті асқақ асыл қызымыздың ел арасындағы беделі өте жоғары болды.
Өткірлігі мен терең білімінің арқасында өмірлік ұстанымына берік, адамдық болмысына адал бола білген Күләш Әмедияқызы 2014-2021 жылдары Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін зор абыроймен атқарды. Міне, қажымас қайрат, ерен еңбектің нәтижесінде 2021 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып бірауыздан сайланды. Күлекеңнің кеңес жұмысын ұйымдастырудағы, басшылық жасаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Ардагерлермен жұмыс пен Күлекең егіз ұғым сияқты. Олай дейтініміз, Күлекең бүгінде қарттардың, ардагерлердің қамқоршы анасындай.
Мәселен, ардагерлер арасында «Жастық шағымыздың әндері», «Халық өнерлерінің шеберлері» атты байқаулар, «Ақ босағаның алтын діңгегі», «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» әжелер сайысы, «Батаменен ел көгерер» атауымен өткен батагөйлер байқауы көпшіліктің көңілінен шыға білді.
Ұлы Жеңістің 77 жылдығына және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толу құрметіне ардагерлер арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорттың 8 түрінен қалалық спартакиада өткізілді.
Жақында ғана ұйымдастырылған «Есті ене мен көргенді келін» атты сайыс көрермендердің көңілінде ұзақ сақталатын ерекше іс-шара болды. Кешегі келін, бүгінгі енелер өз келіндерімен бірге сайысқа түсіп, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы, ұлттық тағам, қолөнер бұйымдарын жасау, ата-ене мен келін арасындағы сыйластық жайында әңгіме өрбітіп, өзара бәсекелесті.
Күләш Әмедияқызының бас- тамасымен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері шаһар тұрғындарына Үндеу жариялап, онда көпшілікті жасампаз қаламызды абаттандырып, көріктендіруге шақырумен қатар, ардагерлердің өздері де сенбілікке шығып, жұртшылыққа үлгі бола білуде.
Қалалық ардагерлер кеңесінде ардагерлердің түрлі киелі орындарға саяхаттауына жағдай жасалынып, оны ұйымдастырып отыру қалыптасқан дәстүрге айналған. Ардагерлер арасынан құрылған «Асыл аналар», «Марычка», «Әулиеата» ансамбльдері өз өнерлерін көрермендердің алдында тұрақты көрсетіп отырады. Айта берсек, мұндай игілікті істер аз емес.
Іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Күләш Әмедияқызы ат жалын тартып мінген күннен бастап, өзінің бүкіл саналы ғұмырын еңбек етуге, абыройлы, табысты атқаруға жұмсады. Елі үшін атқарған ерен еңбегінің ескерусіз қалуы мүмкін емес. Бірнеше рет Сарысу аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. ВЛКСМ-ның XVI съезіне делегат болып, қатысып қайтты. ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, республика Президентінің Құрмет грамотасымен және көптеген мемлекеттік медальдермен марапатталған. Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Бір сөзбен айтқанда, Күлекең – еңбегі жанған, бақ қарап, қыдыр дарыған, қазақтың бақытты қыздарының бірі.
Жүрген жері жеңіске, жеміске, абыройға толы Күлекеңнің басқалардан бөле-жара білетініміз – кісіні сыйлай да сыйлата білетін қасиеті. Осы жасына дейін қандай қызметтің тізгінін ұстамасын, бәрінде тек абыроймен шығуы оның өмірдің, биліктің үлкен мектебінен өткендігі, оны өте шебер, емін-еркін меңгергендігі және қоғамға адал қызмет атқарғандығының арқасы деп білеміз.
Адамды бай қылатын – дүние-мүлкі мен ақшасы емес, оны бай-қуатты ететін – аппақ пейілі мен адал көңілі, үлгілі еңбегі мен иманды ісі. Осы бағытта ақылды да арлы, қамқор да салиқалы, еңбекқор да қайраткер, қазіргі қоғамның биік шыңына көтерілген Күләш Әмедияқызы – өнегелі өмірімен, тұғырлы тұлғалығымен, болмыс-бітімімен, ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесімен ардагерлер арасында құрметке бөленген жан. Қарапайымдылығы, көпшілдігі, көңілге түйген асылдығы мен таза ниеті елдің ризашылығына бөленуде. Әкесінің қанымен, анасының сүтімен келген қасиетіне сай, ол атақ үшін емес, халқы үшін еңбек етіп келеді.
Мен өзім тамаша басшы бола білген Күләш Әмедияқызының іскерлігі мен адами қасиеттерінен нәр алғанымды, тағылымды тәлім көргенімді өмірімнің сәтті бір сабақтары деп ризашылықпен еске аламын. Күлекеңнің маған жасаған жақсылығын қыздарым мен немерелеріме мақтанышпен айтып отырамын. Сондай-ақ Күлекеңнің шуақ шашқан шапағатын көргендер Сарысуда да, Таразда да көптеп саналады.
Күлекеңнің Құдай қосқан қосағы Қабыл ағамыз сыпайы, иман жүзді, өте инабатты, ибалы жан еді. Мал дәрігерлік саласында еңбек етті. Балаларының тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Шаңырағының шаттығы, босағасының бақыты болған отағасы ертерек дүниеден озды. Дегенмен шүкіршілік деуіміз керек, өнегелі отбасынан өрбіген ұл-қыздары ел қатарлы өмір сүріп, бақытты ғұмыр кешуде.
Қорыта келгенде, қоғамға бар қажыр-қайратымен, еселі еңбегімен үздіксіз қомақты үлес қосып келе жатқан, 12 мамырда жетпіс бестің белесіне шығып отырған Күләш Әмедияқызының өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қаласы және Сарысу ауданының Құрметті ардагері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.