Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Өмірдің өзі жақын достармен қауыштырды»

0 901

Өмірде әр сәттің өз қызығы, ерекшелігі бар. Соның ішінде студенттік шақты адам өмірінің ең бақытты кезеңі деп жатамыз. Студенттік өмір – жаңа таныстардың уақыты. Бұл уақытта бірі көптеген қызықты және білімді адамдарды кездестірсе, енді бірі өзінің өмірлік махаббаты мен ең жақсы достарын табады.

Қуанышты және көңілді, білім мен жаңа таныстарға толы студенттік өмір – кез келген адамның өміріндегі ең жақсы кезеңі. Студенттік жылдар –әлемді көрудің, жаңа көкжиектерді ашудың сәтті мүмкіндігі. Әрқашан өзін көрсетуге көптеген мүмкіндіктер бар. Шығармашылық, спорттық үйірмелер, қызығушылық топтары сізге әр адамға ұнайтын хобби таңдауға мүмкіндік береді. Төрт жылдық оқу, жатақханада тұру, бай ғылыми өмір және шексіз қарым-қатынас. Студенттік өмірдегі ең жағымды нәрсе – ол барлығын дерлік күтеді. Бұл әдемі уақыт туралы кім және не айтатынына қарамастан, әркімнің студенттік өмірі ерекше болады. Барлық қуаныштармен, қайғылармен, жетістіктермен. Бірегей және ұмытылмас. Нағыз студенттік өмірдің сұлулығы – бұл тек бір рет болады, содан кейін тек жарқын естеліктер қалады.
Сіз өзіңіз келген жеріңіздегі таныс достардан бөлек, мұнда әр аймақтан келген жаңа достармен танысасыз. Жаңа таныстық жаңа өмірге жол ашу. Ең қызығы – олардың сөйлеу мәнері, өздерін ұстауы. Тіпті, сіз білмейтін тілде сөйлеп тұрғандай көрінуі де мүмкін. Әрі өзгеше салттар, дәстүрлер… Бірақ уақыт өте келе оған да көндігіп кетесіз. Үйренісесіз. Өйткені, сөйлесу арқылы олардың диалектілері мен өмір сүру қағидалары сізді де өзгертеді. Бұл жамандыққа апаратын жол емес, жақсысын үйреніп, жаманын жирену – сіздің қолда.
Менің студенттік өмірім Жамбыл мәдениет және ағарту училищесіне оқуға түскеннен басталды. Басқалар көрген өмірді көргім келді. Жатақханада тұрғым келді, бірақ анам рұқсат бермеді. Дегенмен студенттік өмірдің қызығын, қиындығын бір кісідей бастан кешірдім. Сол кездегі достарымызбен әлі күнге дейін хабар сұрасып, бас қосып тұрамыз. Біреулер «Шіркін, студенттік күндер былай болып еді» деп сағына еске алып, сыр шертеді. Бірақ менің ойымнан уақыт өте үзік сырлар ұмытыла бастапты. Мұның себебін, бәлкім, сол дос-жарандармен әлі күнге дейін емен-жарқын араласып, бірге жүргеннен болар деп топшыладым.
Демалыста студенттер жұмысқа тартылатын. Солардан қалмай, біз де ауылға пияз теруге баратын едік. Ол кезде оқу орны бұйырған соң, амал жоқ, барасың. Егер жұмысқа бармаған күндеріміз үшін арнайы тізімге белгі қойылса, сескенетінбіз. Себебі, жұмысқа бармасаң, қолданатын шараны айтпағанда, «оқудан шығып қаласың» деп бас көтертпейтін. Егістік алқабы, бойда күш-қуаты тасыған жастар жұмысқа ширақ еді. Тіпті пияз таусылып қалардай бір-бірімізден қалмай жапатармағай жарысып теруші едік. Сол күндер естен кетпейді. Үйде тұратын студент қыздар таңертең училищенің жатақханасына барып киім ауыстыратынбыз. Әйтеуір қайда жүрсек те қызық іздеп, күлкіге қарық болатын едік. Сонда біздің жатақханаға баруымыздың соңы пияздың иісі сіңген киім-кешектерді қыздардың бөлмесіне тастап кетумен аяқталатын. Біздің соңымыздан бөлмедегі қыздар бас көтеріп сыртқа шығатын. Қазір сол шақтарды еске алсам, күлкім келеді. Бір байқайтыным, сол кездері жастардың ұйымдары көп болмаса да жиі бас қосатынбыз. Бір-бірімізге көмек қолын созып, бауырмалдық танытатынбыз. Үзілісте барлығымыз келісіп, тиынның басын құрап, дүкенге де барып келетінбіз. Әсіресе, менің тобымда кіл қыздар жиылған еді. Сол ортадан ең жақын достар таптым. Таптым деймін-ау, өмірдің өзі қауыштырды десек те болатындай.
Осылайша, біз де өз уақытында студенттік шақтың ащы-тұщысын қатар көрдік. Енді Студенттер күні қарсаңында қазіргі жастар туралы да бір үзік ой айтсам, артық етпес. Көп ағаларымыз бүгінгі студенттерге көңілі толмай, «біз кезінде мынадай болғанбыз, сендер жалқаусыңдар» деп даурығып жатады. Бірақ мен бұл пікірлермен келіспеймін. Иә, аға буын өз уақытында қиындық көрді. Бірақ қазіргі жастардың да бас ауыртатын мәселелері аз емес. Бүгінгі студенттермен мақтануға әбден болады. Көбі сабақ оқып жүріп те жұмыс істейді. Болашағын ойлап, мамандығын игеруге күш салып, аға буын өкілдеріне қарап бой түзеп келеді. Қазіргі жастар қағілез, өз бетінше өмір сүруге дағдыланған.
Сөзімді қорытындылай келе, осындай белсенді, болашағы зор, арманы асқақ студенттердің қатары көбейе берсін демекпін. Жастар барда елдің ертеңі баянды болатынына күмәнсіз сенім білдіруге болады.

Эльмира АБДИНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының директоры,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.