Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өмірдің гүлі – балалар

0 331

Оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі тарапынан жыл басынан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Оның ішінде балалар әдебиетін насихаттау арқылы баланы кітап оқуға дағдыландырып, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіруге айрықша мән
берілген.

Баланы кітап оқуға көбірек баулу үшін балаларға кітапты сүюге көмектесу керек. Міне, осы мақсатта кітапханалар жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған «Кітап оқы, талқыла, суретте», «Дауыстап оқу – руханиятқа талпынысты ояту» атты жобалар аясында және кітапханалар жанынан ұйымдастырылған қызығушылық клубтары бойынша мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн олардың денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.
Балалық шақтың басты мерекесіне орай балғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау, балалар әдебиетін насихаттау мақсатында қалалық М.Шолохов атындағы кітапханасында «Біз бақытты баламыз» атты бейнешолу, Ғ.Мұратбаев атындағы кітапханасында «Бақытты бала –
бақытты ел» ойын саяхаты, №5 кітапханасында «Балалар –
біздің болашағымыз» кітап көрмесі, №6 кітапханасында «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты мерекелік кештер ұйымдастырылды. Айталық, М.Әуезов атындағы кітапханасында балалар үшін танымдық және қызықты өткізілген ашық есік күніне қатысушылар назарына қазақ, орыс, шетел балалар жазушыларының шығармалары, халық ауыз әдебиетінің озық үлгілері, балалар энциклопедиясы және бүлдіршіндерге арналған ертегі кітаптар топтастырылған «Кітап –
білім бұлағы» тақырыбында кітап көрмесі мен түрлі кітап инсталляциялары ұсынылды. Балалардың ойлау қабілеттерін дамытатын «Сурет жұмбақ шешу», «Санамақ», «Жұмбақтарды шешу», «Сұрақ-жауап» сайысы, кітап жайлы викториналық әдеби ойындар ойнатылып, кітаптар мен журналдардан қызықты әңгімелер дауыстап оқылды. Балалар ойындарға белсене қатысып, өздерінің жылдамдық пен тапқырлықтарын танытып, қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар балалар бөлімінің кітап қорымен, дүниетанымын кеңейтетін, ақыл-ойын дамытып, шығармашылық қабілетін шыңдайтын кітаптармен танысып, ән айтып, би биледі.
Кітапханаларымызда осындай рухани құндылықтарымызды насихаттайтын, балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятатын көпшілік іс-шаралар алдағы жазғы демалыс кезінде де жалғасын таба бермек.

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.