Қазақ ежелден ақынға бай халық. Абайдың әлемін, Мағжанның мақамын, Мұқағалидың мұңын, Төлегеннің төркінін түсінген, түйсінген жұрт ақынын аялап, ардақтаған. Осындай талантты ақындардың жалғасы – Сыр елінде туып, жыр аспанында қанат қаққан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Қайырбек Асанов. Саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің дамуына арнап келе жатқан Қайырбек Зайтенұлы биыл 80 жасқа толды. Осыған орай мерейтой иесін қуанышымен құттықтап, ақынның өмір жолы туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Қайырбек Зайтенұлы, қариялық белес – сексен жасыңыз құтты болсын! Байқап көрсеңіз, бұл – ғасырға жуық кезең. Балалық шағыңыз сұрапыл соғыстың жарасы жазылмаған жылдармен тұспа-тұс келді. Əңгімеміздің əлқиссасын соғыстан кейінгі өмір, өзіңізді балашақтан болашаққа бастаған туған өлкеңізден бастасақ…
– Мен Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында 1945 жылы 19 ақпанда өмірге келіппін. Бір отбасында алты ұл, екі қыз, яғни сегіз ағайынды болдық. Соғыстан кейінгі өмірді көркем әдебиеттен, деректі фильмнен көрген адамдардың жаны түршігеді ғой, ал біз соны өз көзімізбен көрдік. Соғыстан оралмай қалған азаматтар, қан жұтқан әке, жылаған ана, жесір әйел. Бір қол, бір аяғынан айырылған жаралы солдаттар келіп жататын. Сол қатарда менің де әкем соғысқа аттанған еді. Ол кезде біз Кеңес одағының құрамында болдық, сондықтан Ресейдің жері өз Отанымыз саналды. Сан мыңдаған сарбаз оққа ұшып, азаматтардың ерлігінің арқасында, соғысты жеңіспен аяқтап, аман қалған әкеміз бен ағаларымыз елге оралды.
Әлі есімде, әкем сол сұрапыл соғыста басынан жарақат алған екен. Жанымызға демеу болғаны ол кісінің ортамызға аман-есен оралғаны. 8 баланы бағып-қағып тәрбиелеу анамның мойнында болды. Бар ауыртпалықты сол кісі көтерді. Өте қайсар жан еді, ала таңнан жұмысқа кетеді. Наубайшы болды. Сол нандардың қалған-құтқан қиқымын сөмкесіне салып алып келетін. Сол нанмен жүрек жалғап өстік. Бүгінгі ұрпаққа ертегі сияқты көрінер, алайда ол кезде бүгінгідей көл-көсір дүние қайда?!
Барлық балалар сияқты менің де өз арманым болды. Аспанда сирек үшатын ұшақтарға қарап «шіркін-ай менде осындай ұшқыш болсам» деп армандаушы едім. Әрине бала болған соң арманшыл боласың, оның бәрі орындалмайды.
1953 жылы Тереңөзектегі мектепке оқуға түсіп, 1964 жылы бітіріп шықтым. Мектепте абыройсыз болғаным жоқ. Октябрят болдым, уақытында пионер атандым, комсомол қатарында жүрдім. Ұстаздарым жақсы көрді, сыныптастарым қызыға қарады, себебі менің суретшілік өнерім де бар еді. Мектептегі қабырға газетінің радекторы етіп мені сайлады, газетті көркемдеп шығару менің мойнымда, әрі көрген адам тамсанатындай етіп әзірлейтінбіз.
1960 жылы мектебімізге Алматыдан «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Камал Смайловтың келуіне байланысты әдеби кеш өткен еді. Бұл кездесуге ауданның ақын-жазушылары қатысып, әдебиет, мәдениет ту-ралы көптеген әңгімелер қозғалды. Мен 8-сыныпта оқитынмын. Осы кездесу әсер етті ме, әйтеуір әдебиетке деген құштарлығым оянғанын сезіндім. Сөйтіп аудандық, облыстық, республикалық газеттерге өлең, мақала жібере бастадым. Мектеп қабырғасында жүрген жылдары ақын Фариза Оңғарсынова әпкеміз «Қазақстан пионері» газетіне бір топ өлеңдерімді жариялады.
Көрген кітабымды оқуға тырысатын едім. Әсіресе, Абай, Жамбыл, Қасым Аманжол мен үшін үлкен мектеп болды. Қасымды қатты жақсы көрдім, өлеңдері отты, жалынды еді:
«Өмірге ендім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетті ептеп,
Қабағын қату түксиген», – деген өлең жолдарын сол кездегі біздің буын жатқа соғатын едік.
Оқуды бітірген соң Отан алдындағы борышымды өтеуге Венгрия жеріне аттандым. Әскерден келген соң комсомолда істедім. Оқуға бірнеше рет талпынып түсе алмадым. Сыр өңірінде туған, қазаққа белгілі Асқар Тоқмағамбетов деген атақты ақын ағамыз болды. Ол кісі ру жағынан бізге өте жақын. Бір күні сол кісі: «Оқуға деген құштарлығың бар екен, КазГУ-дың ректоры Асқар Закарин деген досым бар еді, сол кісіге хат жазып берейін» деді. Тоқмағамбетов көкем жазып берген тілдей қағазды қалтама салып алып Алматыға аттандым. Дегенмен ректордың есігін қақпадым, мүмкін ұятым жібермеген шығар! Қатарыннан үш жыл тапсырып, үшінші жылы оқуға түстім.
– Биыл «Қазақ әдебиетінің ақ гүлі» атанған ақын Күләш Ахметовамен отасқаныңызға 55 жыл толыпты. Ендеше, әңгіме арнасын сіздердегі «махаббат қызық мол жылдарға» бұрсақ…
– Жоғарыда айтқанымдай емтиханнан екі рет «құлаған» соң «ер кезегі үшке дейін» дегендей қайта қайраттанып 1968 жылы тағы Алматыға тарттым. Атырау мен Алтайдың арасынан арман қуып келген қыз жігіттер топталдық. Жаспыз танысып-білісіп жатырмыз.
Ол кезде Күләштың ақын екенін қайдан білейін. Жасыратыны жоқ бір көргеннен-ақ, ол мені өзіне ғашық етті. Бүгін ойласам екі рет емтиханнан құлап жолы болмаған мені Құдай Күләшпен кездестірген екен. Алғашқы жылдары университетке түсіп кетсем, қалай боларын кім білсін? Күләш екеуміз бірге жоғары оқу орнына түсіп, бір партада отырдық. Ол кезде студенттерді ауыл шаруашылығына жұмысқа апаратын еді. Біз Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына жүзім жинауға бардық. Бір бірімізге қатты бауыр басып қалдық. Мен үшін бұл өмірде Күләштан басқа қыз жоқтай көрінді. Ол кездегі қыздар үяң болатын, сені жақсы көріп тұрса да ашық айтпайтын еді. Олар көзімен, көңілімен білдіретін. Жүзім жинаудан басталған махаббатымыз бізді өмірлік жар етті.
Сабақта екеуміз бір партада отырдық. Кейде сабақ үстінде әңгімеміз қызып кететін көрінеді, ұстаздардан талай сөз естідім. Екі жыл қыз-жігіт болып жүріп 1970 жылы халқымыздың дәстүрімен Талас ауданынан Қызылордаға ұзатып алып бардық. Ауылда екі апта тұрып, үлкендердің алғысы мен батасын алып Алматыға аттандық.
Алғаш үйленген жылдары тұрмыстан сәл қиындықтар көрдік. Мен 40 сом, Күләш 30 сом шәкіртақы алатын. Соны там-тұмдап бір айға жеткізетінбіз. Мен Күләштан 10 сом артық алатын себебім, топтың басшысы, яғни староста болдым. Сылтауы көп жырау курстасымыз Мейрам Ораловтың:
«Староста Асанов
«Шаш ал!» десе, бас алып,
Журнал беті қып-қызыл,
Күнде белгі жасалып», – деген өлеңі сол жылдары шыққан болатын.
– Алда бірге жеткілеріңіз келетін қандай белестер бар?
– Екеуміз бірлесіп үш кітап шығардық. Біздің өміріміз талай жастың үлгісіне айналды. Жұбымызды жазбай талай кездесуге бардық. Жалпы ерлі- зайыптылардың екеуінің де ақын болуы, жиі болмаса да, кездесетін жағдай. Менімен құрдас Жұматай Жақыпбаевтың жары Заида Елғондинова – тамаша ақын. Біз ол отбасымен жақсы араластық. Екеуінің бір-бірін аялап отыратының куәсіміз. Өз басым Күләштің өлең шығаруына, кітап жазуына қолымнан келгенше жағдай жасадым. «Ақынға неге шықтым?» деп Күләштің өкінгенін естіген жоқпын.
Бұл күндері Күләш екеуміз де сексен жастан асып барамыз. Әрбір таңды аман-есен көргеніміз үшін Аллаға шүкір айтамыз. Өмір күле қарағанға күн ғой. Күнді күн сайын көріп, жүре тұрғымыз келеді. Алайда, қазына болып қартаю бар да, қазымыр боп қартаю бар. Бүгінде біз үшін ең үлкен белес – ұрпаққа ұлағат сыйлар қазыналы қария болып қартаю.
– Сіздің ұғымыңызда ақын деген кім?
– Ақындық деген мамандық жоқ. Ол Алланың адамға берген ерекше сыйы. Ақын деген сөз қасиетті ұғым. Сол қасиетті дүниені өзіңе серік етіп, таза ұстағаның дұрыс. Біздің қазақ ақынын аялап, еркелеткен. Дегенмен, сол халықтың еркелеткеніне масаттанып кетсең, бір күні құлайсың, құлдырайсың. Абай не үшін биік, себебі ол – адамзаттық ойды айтқан тұлға. Абайдың ішік әлеміне қанша үңілсек те Абай құпиясын аша алмай келе жатырмыз.
Кейде арнау өлең жазатын ақындар бар. Жалпы жақындарыңның қуанышына ортақтасып, ақын деп сыйлаған соң тойға жырдан шашу апарғанның еш әбестігі жоқ. Ешқандай арнау өлең жазбаған ақын бар дегенге сенбеймін. Мысалы, Абайдың, Жамбылдың өлеңдерінде де кездеседі. Дегенмен ол әуестікке айналып кетсе, жағымсыну мақсатында болса дұрыс емес.
– Сіз 1997 жылдан 2000 жылға дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген екенсіз. Бүгінгі әлемдегі аласапаран жағдай сізді жиі толғандыратын шығар?
– Жалпы әлемдік саясатқа қарасаңыз бұрынғыдан өзгеше, бірікпейді. Әлемде мүдделер қақтығысы жүріп жатыр. Көрші елдердің өзін қарап отырсаңыз соғыс әлі де жалғасуда. Қазір «Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз. Біздің басты бағытымыз, тазалық, адалдық болуы керек. Еліміздің тұрақты дамуы үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жанын салып жұмыс істеуде. Біз де осы елдің азаматы ретінде Президенттің жанына топтасуымыз керек. Алмағайып заманда қазақты тек береке мен бірлік құтқарып отырған. Ата -баба аңсаған тәуелсіз күнге жеттік. Енді оны келешек буынға аманаттап беру – сіз бен бізге міндет.
– Елімздегі ірі газет-журналдарда да жұмыс істедіңіз. Бүгінде үнпарақтың болашағына күмәнмен қарайтындар көп. Әлеуметтік желіге байланған дәуірде басылым беттері қалай қозғалуы керек?
– Мен 1970 жылдары универиситетті бітірмей жатып, студент шағымда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш) газетіне жұмысқа орналастым. Ол кезде «Лениншіл жастың» дүркіреп тұрған шағы. Бір нөмірі 300 мың таралыммен шығатын газетте Сейдахмет Бердіқұлов – редактор. Сондай-ақ Оралхан Бөкей, Құрманғазы Мұстафин, Жанат Елшібеков сынды жалынды жастар болды. Сайдың тасындай іріктелген сондай азаматтармен бірге жұмыс істеу менің де маңдайыма бұйырған екен. 300 мың таралыммен шықса да сол күні таусылып кететін. Әуелі бір-бірінен сұрап алып кезекпен оқитын, кітапханада оқығандар да қаншама! Себебі ол кезде газеттер өте сапалы шығып, қазақтың тұрмыс тіршілігін, психологиялық өмірін, қаз – қалпында жазатын еді.
Мен 8 жыл «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істедім. Менің журналистік көзімді ашқан, тәжирбемді молайтқан, танымал болуыма әсер еткен – осы газет. Жұмыс істеп жүрген күндерімнің бірінде Сейдахмет Бердіқұлов шақырып алып: «Сені Шерхан Мұртаза шақырып жатыр» деді. Ол кезде Шер-ағам «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы еді. Сол жылдары 20 мың таралыммен шығатын газетті Шер-аға 100 мыңға дейін көтерді. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихында болған емес. Сол кезде үлкен той жасап атап өткен едік. Одан кейінгі жылдары «Заман-Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болып қызмет атқардым.
Алайда, 2000-жылдардан кейін газет-журналдардың әлемдік дамуға байланысты оқырманы азайған сияқты. Оған себеп әлеуметтік желі, қолымыздағы ұялы телефон, ішінен сіз іздеген дүниенің бәрі табылады, газетті керек етпейтіні сол. Қазір газет оқитын адам өте аз, бір қарап шығуы мүмкін, өзінің мақаласы немесе өзі туралы жазылған материал болса оқитын шығар, бірақ көлемді дүниеге үңілетіндер жоқтың қасы. Оның үстіне бүгінде үнпарақтың насихат жұмыстары дұрыс жүргізілмейді, сондықтан біз рухани жақтан ақсап тұрмыз. Газет қоғамның дамуымен ілесе алса, оның болашағы жарқын болады.
– Сіз, қазақтың талантты қаламгерлері Оралхан Бөкей және Мұқағали Мақатаевпен жақын араласқан екенсіз. Есте қалған естеліктермен бөлісе отырсаңыз…
– Оралхан Бөкей аға екеуміз ұзақ жыл әріптес болып жұмыс істедік. Дойбыны керемет ойнайтын, өте жақсы кісі еді. Көп сырласатынбыз, тұлғасына қарасаң Алтайдың асқар тауларындай болғанымен мінезі ашық, бауырмал, қуанса шын қуанатын, шаттанса шын шаттанатын еді. Жалпы бір бойында шығармашылық адамға тән мінез бар еді. Бейімбет Майлинның «Шұғаның белгісі» шығармасын жатқа соғатын, шашын сілкіп тастап «Шұға десе Шұға еді-ау» деп төгіліп тұрған бейнесі әлі көз алдымда. Соңғы рет Үндістанға аттанғалы тұрғанда әуежайға барып шығарып салып тұрғанымызда Оралхан ағам «Әй Қайырбек үйіңнен дәм татып, Күләштың қолынан бір шай ішпедік-ау» деді. Мен: «Аға, Үнді еліне аман-есен барып келіңіз, сосын шайды асықпай ішеміз ғой» дедім. Қайдан білейін асыл азаматтың бізбен соңғы рет қоштасып тұрғанын.
Ал Мұқағали ағама келсек, ол кісімен аға-іні болып жақын араластық. Сұхбаттың басында Күләш апаңды Қызылордаға ұзатып алып бардық деп айттым ғой. Қайтарда әуежайда Алматыға ұшайық деп тұрсақ, Мұқағали ағам тұр екен. Күләш екеуміз Мұқаңа салем бердік. «Мынау Күләш деген қарындасыңыз» деп таныстырдым. Сырттай білетін көрінеді. Сосын маған бұрылып: «Ақынды сыйла сен» деді. Ұшақта бірге отырып Алматыға барғанша өлең оқып, әдебиет туралы ұзақ әңгіме айттық. Алматыға барған соң мені жібермей үйіне ертіп барды. Лашын жеңгеміздің қолынан да дәм татқанбыз. Қандай жағдайда болса да ол кісі қатты ашуланбайтын. Айтар ең ауыр сөзі «қызталақ» еді. Қасында біраз жылдар жүргенде біреулермен керіскенін, не басқа да жағымсыз іс-әрекеттерін көрмеппін. Өте мейірімді және кішіпейіл де қарапайым жан болатын. Денесінің ірілігі соншалықты ол кісімен сөйлескенде басымды аспанға қарата әңгімелесетінмін. Әбден үйренісіп алғаннан кейін Мұқағали ағамды қаланың екі-үш белгілі жерлерінен қиналмай табатын болдым. Олар «Алматы» қонақ үйінің жетінші қабаты немесе бұрынғы КазГУ-дің жанындағы «Кооператор» дүкенінен, бұл екеуінде болмаса «Есік» қонақ үйінің төменгі қабатында кездесетінбіз.
Мұқағали аға өмірінің соңғы жылдары жиі-жиі сырқаттанып жүрді. Кездескен кезде бұрынғыдай көңіл-күйі жоқ, көз жанарында айықпас мұң бар сияқты. Соны мен де сезіп іштей ағама деген аяушылық білдіретінмін. Әңгіме-дүкен құрған кезімізде салмақты сөздер айтып, туған жері Қарасазды, Шалкөде жайлауын жиі-жиі есіне алып отырушы еді. Қазақ әдебиетімен қоса әлемдік әдебиетке де өте жүйрік болатын. Мұқағали ағамен қанша рет кездескенім есімде жоқ, бірақ, әрбір кездесуім мен үшін тағылымы мол мектеп еді.
1976 жылдың наурыз айының соңғы күндері қазақ халқы үшін қаралы күн болды. Сол күні Қазақстан Жазушылар одағының төменгі қабатының фойесінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты Алматы халқы ақтық сапарға шығарып салды. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін әдеби ортаны біраз уақытқа дейін көңілсіздік биледі. Қай жерде жүрсе де әзіл-қалжыңымен ортамызды толтырып жүретін ақиық ақынның орны ойсырап қалды. Жазушылар одағының алдында топ-топ болып әңгімелесіп тұратын ақын-жазушылар: «Мұқағали келе жатыр», – деп елеңдеспейтін болды. Кейде сондай бір сәттерді көз алдыма елестетсем күлкім келеді. Көпке дейін халық арасындағы әңгіменің арқауы – Мұқағалидың өмірі мен өлеңі туралы болды.
Мұқағали ағам қайтыс болғаннан кейін қатты сағынғандардың бірі мен болдым. Бойымды көңілсіздік билеп, түн ұйқым да шала болып, көзімді ашсам ағамның бейнесі көлденеңдеп тұра қалады. Бір күні түсіме де кіріп, хал-жағдайымды сұрап жатыр. Ағама арнап өлең жазғаннан кейін ғана тыныштала бастадым.
– Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықтыңыз, көрген – білгеніңіз де аз емес. Келешек ұрпаққа қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Жастарға айтарым, мынау қасиетті Отанын сүйетін азаматтар болса, ата-анасына опалы болса деймін. Ер-азаматтардан сұрайтыным, әйел затын аялау керек. Казір мың құбылған заманда азаматтарымыз өз отбасына, бала – шағасына жауапкершіліпен қарауы қажет. Жалпы отбасында береке болса бақыт та, байлық та – сол.
– Уақыт бөліп, пайымды пікір, орамды ойларыңызбен бөліскеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жұматай КӨКСУБАЙ