Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мезі қылған мораторий

Халық қыста не жағып отыр?

0 415

Жамбыл өңірінде қыс айлары жылы өткенімен, арагідік аязды күндер арқаға бататыны бар. Оған дәлел, желтоқсан айындағы қара суық шенділердің де, қара халықтың да мазасын қашырды. Әсіресе Мойынқұм, Сарысу, Талас ауданы сынды желдің өтінде тұрған елді мекендерде қыс қаһары қатты сезіледі. Сондықтан мұндағы ағайынға кәрі құда қыс келгенде тұрғын үйін жылыту бас ауруға айналады. Көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған халық бұған дейін сексеуіл жағып қыстан шықса, аталған қатты отынды кесуге 2013 жылдан бастап мораторий жарияланып, жұртшылық тығырыққа тірелді.

Биыл қыста бұқара енді не жағып отыр? Мерзімі биыл бітуге тиіс мораторий уақыты тағы созыла ма? Әлде ауылдағы ағайынға сексеуіл кесуге рұқсат беріле ме? Көптің көкейінде жүрген мәселеге майшам салған едік…
Жалпы бұған дейін Әулиеатадағы Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандары сексеуіл отынын жағып, қыстан шыққан. Алайда 2013 жылдан бастап сексеуіл кесуге тыйым салынып, қара халық қарағай мен тезек теріп кетті. Бесжылдыққа белгіленген шектеу шаралары 2018 жылы алынып тасталады деп күтілген. Бірақ Үкімет мораторий мерзімін 2023 жылға дейін тағы ұзартып, көптің үмітін су сепкендей басты. Міне, осы екі мәрте кейінге шегерілген мерзім 2023 жылдың желтоқсан айынының 31-і күні аяқталуы керек еді. Алайда жаңа 2024 жыл келсе де, мораторийге қатысты мәселе әлі ашық күйі тұр.
– Рас, 2023 жылы мораторий уақыты аяқталуы керек болатын. Алайда тиісті министрлікке мораторий уақытын созу туралы хат жолданды. Оған себеп, жаңадан егілген сексеуіл көшеті бес жылдан кейін ғана бой алып, тамыр жаяды. Қазір біз сексеуіл кесуге рұқсат берсек, халық отынның шірігі бар, жас өскіні бар, оған қарамай бәрін сындырып кете ме деп уайымдап отырмыз. Сондықтан біз мораторий мерзімі тағы бес жылға ұзартылса деген ұсыныс білдірдік. Бірақ жолданған хатымызға министрліктен әлі жауап келген жоқ. Осы қаңтар айының ортасында мораторий мәселесі біржақты шешіледі деп күтілуде, – дейді Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыпов.
Әрине, табиғатты қорғау маңызды дүние екені белгілі. Алайда адам өмірі мен денсаулығы да маңызды емес пе? Ата Заңымызда «Еліміздің басты байлығы – адам және оның өмірі» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондықтан табиғатты ойлап, еліміздің басты қазынасы адам өмірін екінші сатыға сырғытуға әсте болмайды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, жылда 4-5 мың гектарға орман қоры ұлғайып келеді екен. Ал 2022-2023 жылдары тіпті 10-20 мың гектарға кеңейіпті. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыпов онжылдық мораторий әсерінен халық тәртіпке келіп қалғанын айтады. Бұрынғыдай сексеуілді ұрлап кесіп, сататындар азайған. Демек, сексеуіл кесуге рұқсат берсек, халық жаппай отын сындыруға көшеді деп қорықпасақ болатындай. Оған қоса, қазір орман қорына жауапты орманшылар мен қорықшылар бар. Олардың штаттық бірлігі мен айлық жалақысы Үкімет тарапынан көбейтілуде. Материалдық базасын да он жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Сондықтан сексеуілді жаппай болмаса да, көп шоғырланған аумағынан кесуге рұқсат берген жөн секілді.
Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Себебі Жамбыл облысында көгілдір отынмен қамтылған ауылдардың саны 50 пайыздан әрең асады. Ал қалғандары көмір жағып күнелтуде. Олардың қатарында мектеп, аурухана, балабақша сынды әлеуметтік нысандар да бар. Көмір бағасына көз салсақ, жылда құны қымбаттамаса, төмендемеген. Мәселен, Мойынқұм ауданында көмірдің тоннасы 25-30 мың теңгеден саудалануда. Ал қыс айларының бел ортасында 40 мың теңгеге жуықтайды. Бір қыстан шығу үшін кемі 8 тонна көмір керек десек, сонда оның құны 320 мың теңгеге жетіп отыр. Мұндай қаржыны екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Мұндайда енді қайтпек керек?
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыповтың сөзіне сүйенсек, егер мораторий уақыты тағы 5 жылға ұзартылса, тұрғындарды шірік отынмен қамтамасыз ету жалғасады екен.
– Негізі мораторий жылдары әр отбасына 4 текше метр шірік сексеуіл отынына өтінім беруге рұқсат берілген. Алайда ол тегін берілмейді. Орман шаруашылығы мекемелері жеткізу құнын есептеп әр текше метрге қаржы белгілейді. Алдыңғы жылдары оның бағасы 10-11 мың теңгені құраған. Егер қажетті текше метріне осы қаржыны төлейтін болса, орманшылар шірік сексеуіл жеткізіп береді. Ол үшін ең бірінші өтінім беру керек, – дейді бөлім басшысы.
Бір жүк көлігіне 4 текше метр отын сыятынын ескерсек, өтінім беру үшін тұрғындарға 40-45 мың теңге төлеуі керек. Оған қоса, былтырлары бұқараға тек бірреттік қана өтінім беруге мүмкіндік жасалған. Демек, бір қысқа осы 4 текше метр отынды жеткізуге тиіссің. Бірақ бұл мүмкін емес екенін әркімнің іші біліп отыр.
– Мораторий жарияланғалы осы сексеуілге қатысты айқай-шу басылмай келеді. 4 текше метр сексеуілге өтінім беруге рұқсат етілгенімен, оны орманшылар жеткізіп беремін дегенше қыстың бел ортасынан асады. Себебі өтінім берушілердің саны көп. Содан «бірінші маған әкелсін», «сен менен артықсың ба?» деген сияқты кикілжіңдер туып, халық қырық пышақ болып жатады. Биыл да осы жағдай қайталанатыны анық. Себебі сексеуіл кесуге рұқсат берілмейтіні қазірден айтылуда. Сондықтан жыңғыл шауып, шамамызға қарай көмір алып, қысқа қам-қарекет жасадық, – дейді Мойынқұм ауылының тұрғыны Бауырлан Нұрділдә.
Мойынқұм ауданына қарасты Мыңарал ауылында жағдай тіптен ауыр. Мұнда сексеуілден бөлек, тек баялыш бұтасы ғана өседі. Ал баялыш тез жанғыш әрі қуаты жоқ. Сондықтан халық жаз бойы тезек жинауға мәжбүр. Ол да бықсып жана қоймайды. Ал көмір қыс айларында бұл аймаққа екі-үш еселенген бағамен келеді.
Дәл сондай Сарысу ауданындағы Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл сынды ауылдардың жолы нашар болуына байланысты көмір тасымалдаушылар бағаны шарықтатып өсіріп жіберген. Аталған ауыл тұрғындары қанша шырыл қақса да, ең болмаса көмір мәселесі әлі күнге шешілмеуде.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда халықты бұлайша қыса берсе, бұқара заңсыз сексеуіл кесуге баратыны анық. Ал оның арты ешкімге жақсылық әкелмейтіні белгілі. Сондықтан табиғатқа жауапты мекемелер мораторийді жариялап қарап отырмай, тараптарға тиімді бір жолды тапқаны абзал. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус індетінің қайта өршіп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Осындай кезеңде қысты суық үйде қарсы алған ағайын ертең жаппай ауырып, індет дендеп жатса, бұл талайға таяқ болып тиетіні тағы анық.

С.САТЫЛҒАНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.