Қалалық қоғамдық-саяси газет

Межелі міндеттер айқындалды

0 195

Қалалық мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының кезектен тыс XXVIIІ конференциясы өтіп, онда бірқатар мәселелер күн тәртібіне шығарылды.

Арайлым Шабденова Суретті түсірген Юрий ЕФИМОВ

Жиынға «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, партияның облыстық және қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, қала әкімдігінің бөлімдері мен мемлекеттік органдардың және кәсіпорындардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. 190 делегат қатысқан конференцияда алдымен «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы сайланды. Көпшіліктің дауыс беруімен төраға қала әкімі Қайрат Досаев болды. Ал күн тәртібіндегі ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдаудан туындайтын міндеттер туралы хабарламаны Қайрат Әскербекұлы жасады. Төраға алдымен Жолдаудағы басым бағыттарға тоқталып, бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.

– Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өзегі ретінде бес міндет белгіленді. Бірінші міндет – заман талабына сай тиімді мемлекет. Екінші міндет – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үшінші міндет – қарқынды дамыған және инклюзивті экономика. Төртінші міндет – әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Бесінші міндет – қуатты өңірлер – қуатты ел. Мемлекет экономикасын реформалау қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртусыз мүмкін еместігін ескере келе, Президент ең алғашқы қадамды мемлекет тұрақтылығының негізін қалайтын «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есепті Үкімет» формуласынан бастауды мақсат етіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға назар аударды. Елбасы төрағалық ететін «Nur Otan» партиясы бүгінде халықтың шынайы саяси күшіне айналғаны баршамызға мәлім. Осы мақсатта алдағы уақытта мемлекеттің саяси тұрақтылығын нығайту жолында Президент көппартиялықты, саяси бәсекелестік пен пікір алуандығын арттыруды ұсынды. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтарына айналмақ, – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ қала әкімі Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыруда нақты іс-шаралар бекіту керектігін, партияның қоғамдық қабылдауына қайырылған азаматтардың мәселелері дер кезінде шешілуін қамтамасыз етуді назарға алуды ұсынды. Ал баяндаманы талқылау үшін «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, делегат Эльмира Мырза-Ғали жарыссөзге шығып, өз ойын ортаға салды.

– Қалалық мәслихат депутаттары, Саяси кеңес мүшелері, партия белсенділерінің тұрғындарды қабылдаулары әлеуметтік желілерде үнемі жарияланып отырады. Алайда «Қабылдауға келген жанның мәселесі шешілді ме? Қабылдап отырған азамат ол кісінің сұрағын шешуге қандай көмек берді? «Nur Otan» партиясына сенім артып, арқаланып келген адам қанағаттанарлық жауап алып қайтты ма?» деген сауалдарға бұл жарияланымдарда жауап жоқ. Бұл туралы әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары, блогерлер тарапынан да сын-ескертпелер айтылып жүр. Осыны ескеріп, қорытынды шығаруымыз керек деп есептеймін. Жолдауда айтылған халықпен кері байланыстың тиімділігін арттыруда жетекші партия өз іс-әрекетімен өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сондай-ақ әлеуметтік блогты қамтыған білім беру саласындағы мәселелерді шешу, медицина қызметінің сапасын арттыру, мәдениет қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жүйесін қалыптастыру сұрақтарымен бірге инклюзивті қоғам құру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне толыққанды тарту үшін алдағы үш жылда 58 млрд теңге бөлінетін болды. Негізі, бұл тұрғыда бізде мәселе шаш етектен. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында құрылған комиссия құрамында қатарынан бірнеше жыл облыс орталығындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды араладық. Зерделеу нәтижесінде аталған нысандардың 80 пайызында мүгедектерге қолайлы жағдай жасалмағаны, ғимаратқа кіреберістегі пандустардың жоқтығы, болған күнде де стандарттарға сай келмейтіндігі анықталды. Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам құру туралы айтты. Бұл талқылауға жатпайтын, орындалуы тиіс мәселе деп ойлаймын. Қаламыз күннен-күнге түрленіп, құрылыс нысандары артып келеді. Жаңа нысандардың құрылысына рұқсат берілетін кезде осы талаптар ескерілсе дейміз, – деді қалалық мәслихаттың депутаты Э.Иниятқызы.
Сонымен қатар жарыссөзге шыққан «Nur Otan» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясы жетекшісінің міндетін атқарушы, Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мекемесінің басшысы Серікбол Берікқожа мен «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының «Минералды тыңайтқыштар зауыты» бастауыш партия ұйымының төрағасы, «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыштар зауытының өндіріс бөлімі бастығының орынбасары Талғат Рысқұлов та өз ойларын ортаға салып, бірқатар ұсыныстарды айтты. Жиында партия қалалық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, жаңа тағайындаулар орын алды. Ал конференция жұмысына арнайы келген «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат жиынды қорытындылап, көпшілікті Жолдаудан туындайтын міндеттерді бірге атқаруға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.