Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мешіт салып, бар күнәдан тазаруға бола ма? Имам жауап берді

0 325

Қоғамда мешіт салып бар күнәдан арылуға болады деген көзқарас қалыптасқаны жасырын емес. Әсіресе, 13 тамызда елордада Қазақстандағы ең үлкен мешіт салынған соң бұл пікір қызу талқыға түсті. Stan.kz тілшісі осы туралы Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспаннан сұраған болатын. Имамның бұл туралы ойын материалымыздан оқи аласыздар. 

Бір кірпіш болсын үлес қосу – үлкен сауап

Төлеби қажы Дәділұлы мешіт салудың сауабы, оның қоғамдағы үлкен рөлі туралы сөз етті.

“Хадисте: «Кімде-кім Құдайдың разылығын ниет етіп мешіт салса, Алла Тағала оған жәннатта сондай етіп үй тұрғызады», – деген сүйінші хабар бар. Қарап отырсаңыз хадисте үлкен уәде берілуде. Осындай сауапқа кенелгісі келетін мұсылман адам мешіт салуға ынталы болуы заңдылық. Мысалы, Алла елшісі (с.ғ.с.) Мадина қаласына қоныс теуіп, мұсылман қоғамының алғашқы іргетасын қалағанда ең бірінші мешіт құрылысын қолға алған. Не себепті? Өйткені мешіт құлшылық ететін орын болумен қатар, қоғамның салауатты өмірінде үлкен рөл атқарады. Мешіт – мектеп сияқты қоғамның имандылық сауатын ашатын білім ордасы. Науқастарды емдейтін емхана сияқты рухани дерттерге шипа ұсынатын қоғамға ауадай қажет құтты мекен. Сонымен бірге жауапкершілік пен аманат, мейірім мен қанағат сияқты адами құндылықтарды әр азаматтың өн бойына сіңіруге сүбелі үлес қосады”, – дейді ол.

Бас имам шариғатта “үздіксіз садақа” деген ұғымның бар екенін атап өтті. Осыған сәйкес дінде мешіт немесе білім беру нысандарын салу сауабы сол амалдардың қатарына жатады дейді.

“Шариғатта «үздіксіз садақа» деген ұғым бар. Бұған қоғам игілігіне қызмет ететін мешіт пен медресе тұрғызу, мектеп және аурухана салу, құдық қазу мен көпір салу сынды әлеуметтік жобаларды жатқызуға болады. Сол себепті бұлардың барлығы да сауапты амал”, – деп түсіндірді Төлеби қажы Дәділұлы.

Мешіт салатын адамның қаражаты болуы шарт

Имамның сөзінше, мешіт салу үшін азаматтарға бірнеше талап қойылады. Солардың бірі – нақты қаражаттың болуы. Сондықтан мешіттердің көпшілігінің құрылысын кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар бастайды.

“Кейбір мешіттер халықтың асарлатып салуымен бой көтереді. Ал басым көпшілігін елден шыққан кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар өз қаражатына салып жатады. Ең бірінші кезекте мешіт салатын жердің құжатын рәсімдеу қажет. Оны мүфтиятқа қарасты жергілікті өкілдік әкімдік рұқсатымен рәсімдейді. Одан кейінгі талап мешіт салатын адамның нақты қаражаты болуы қажет. Өйткені нақты қаржыландыру көзі болмаған мешіт құрылысы тұралап қалады. Жалпы мешіт құрылысы басталғаннан толықтай аяқталғанға дейін жергілікті Дін істері басқармалары мен мүфтиятқа қарасты «Мешіт істер» бөлімі және жергілікті өкілдіктің бақылауында болады. Құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілуі, құжаттарын рәсімдеу т.б. жұмыстарын осы мекемелер қадағалайды”, – дейді Алматы қаласының бас имамы.

Мешіт салу арқылы Құдайдың ризашылығына бөленгісі келеді

Алматының бас имамы қалталы азаматтар мешіт салу арқылы Құдайдың жақсылығы мен ризашылығына бөленгісі келетінін атап өтті. Дегенмен ол мешітті атақ пен абыройға бөлену үшін салмау керек дейді.

“Мешіт – Алланың жер бетіндегі үйі. Оны салу үлкен мәртебе. Мешіт тұрғызған адамға Құдайдың уәде еткен үлкен сыйы бар. Бірақ сол жерде астын сызып айтатын бір шарты бар. Ол – атақ-абырой үшін яки пәленше бай мықты екен деп айту үшін емес, Алланың разылығын көздеп ғана мешіт салуы керек. Әркімнің Құдайдан бір үміті бар ғой. Қалталы азаматтар мешіт салу арқылы Ұлы Жаратушы Жаббар Иеміздің жақсылығы мен ризашылығына бөленгісі келеді”, – деп аяқтады ол.

мешіттер

Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес Қазақстанда бүгінгі таңда 2 716 мешіт жұмыс істейді. Олардың басым оңтүстік аймақтарда орналасқан. Мәселен, Түркістан облысында 753 мешіт болса, Жамбыл облысында 310 мешіт бар. Мешіт саны бойынша Алматы облысы алғашқы үштікке енді: өңірде 285 мешіт орын тепкен. Ал Нұр-Сұлтан қаласы мешіт саны бойынша көш соңында, қалада тек 13 мешіт жұмыс істейді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.