Қалалық қоғамдық-саяси газет

Меркіде жоғары технологиялық емдеу әдістері қолданылды

0 1  954

Үлкен қаңқа сүйектерінің жарақаттары 40 жасқа дейінгі науқастардың өлімінің негізгі себебі болып табылады. Бүгінде төменгі аяқ сүйектерінің сынуы ұзын сүйектердің жарақаты бойынша үшінші орында тұр. Көбінесе аяқ сүйектерінің зақымдануына жол апаттары, биіктіктен құлау, спортпен дұрыс айналыспау жатады. Мамандардың айтуынша, медициналық көмек неғұрлым тезірек көрсетіліп, қажет болған жағдайда ота жасалса, асқынулардың алдын ертерек алуға болады.

Қыркүйек айының 9-ы күні жол апаты салдарынан Меркі аудандық орталық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне 1982 жылы туған ер адам түскен. Медициналық талдау, сараптау нәтижесінде сол аяқтың екі сүйектерінің жоғарғы және ортаңғы үштен бір бөлігінің сынуы және ашық фрагментті ұсақталғаны анықталды. Науқасты шұғыл түрде ота бөліміне дайындап, хирург-травматолог-ортопед Азамат Көдебай және хирург Алмас Парманқұлов және анестезиолог Темірлан Әлжанов ашық редукция әдісімен құлыпталатын интрамедуллярлы шегемен сол жақ жіліншік сүйектерінің остеосинтезін жасады. Ота сәтті аяқталды.
Бүгінде науқастың жағдайы жақсарып, амбулаторлық емделуге дайындалуда.
Азамат Әбдірахманұлының айтуынша, мұндай жағдайда остеосинтез жүргізу, фрагменттерді арнайы құрылғылардың көмегімен қосу дұрыс шешім болған. Бұл – зақымдалған сүйектердің анатомиясы мен функцияларын жақсы қалпына келтіріп, сүйек фрагменттерінің қосылуын және олардың дұрыс біріктірілуі үшін сенімді бекітуді қамтамасыз етті. Мұндай отадан кейін науқас гипс шинасын кимейді, бір ай ішінде операция жасалған аяққа пассивті жүктеме беріледі. Бұл сынықтың тез қалпына келуіне ықпал етеді.
Айта кету керек, мұндай күрделі операциялар бұрын аудан көлемінде жүргізілмеген. Бұл – аудандық ауруханалар ұжымында жас болса да, хирургиялық емдеудің жоғары технологиялық әдістерін толық меңгерген жоғары кәсіби мамандардың пайда болуына мүмкіндік берді. А.Көдебай аз ғана жұмыс тәжірибе ішінде өзін білікті де білімді маман ретінде көрсете біліп, науқастың өмірін сақтап қалуға септігін тигізді.
Еліміздің аман, дені сау болуы үшін аянбай еңбек ететін ақ халатты абзал жандардың абыройы қашанда жоғары.
Дертіне дауа іздегендердің қасынан табылып, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтын маман иелеріне алғысымыз шексіз.

Жамбыл облысы әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.