Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мерейлі отбасы — мықты мемлекеттің тірегі

0 769

Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауы қалалық деңгейінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Игі шараға қатысқан Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков конкурстың маңызы мен мақсатына тоқталып, барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға ризашылығын жеткізді.

– «Отан – отбасынан басталады» демекші, мемлекеттің мықтылығы әр отбасының беріктігінен, әр әулеттің татулығынан, ондағы түзу тәрбиенің негізінен өзек алады. Қаламызда құрметке бөленген ардақты да берекелі әулеттер, өнегесі мол отбасылар аз емес. Қазыналы қариясын қадірлеп, ата-анасын ардақтаған, балалары бақытқа бөленіп, жарасымды жанұя атанып отырған отбасылар – бүкіл қоғамның айнасы, – деген шаһар басшысы конкурс жеңімпаздарын марапаттады.

Кездесуде қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай мен қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова сөз алып, мерейлі отбасыларға байқаудың келесі кезеңінде сәттілік тіледі.
Өз кезегінде жеңімпаз отбасылардың мүшелері де игі шараның тағылымды тұстарына тоқталып, байқау ұйымдастырушыларына алғыстарын жеткізді.

Жалпы, «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауының қалалық деңгейі биыл он бірінші рет өткізіліп отыр. Отбасы институтын нығайту, рухани қасиеттер мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған сайысқа түрлі салада еңбек етіп жүрген 5 отбасы қатысып, арнайы құрылған комиссияның шешімімен Таңатаровтар мен Сопбековтер әулеті облыстық байқауға жолдама алған.

Таңатаровтар отбасының 3 буыны өмірін спортқа арнаған. Отағасы Достық Акрапбайұлы – еркін күрестен спорт шебері, аға жаттықтырушы, үш ұлының спортпен шұғылдануына себепші болған әке. Отанасы Гүлжанат Тойбекова – үй шаруасында, 3 ұл, 11 немере тәрбиелеп отырған ардақты ана. Ұлдары – Ақниет Таңатаров – «Орталық стадион» мекемесінің директоры болса, Ақжүрек Таңатаров – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен еліміздің 4 дүркін чемпионы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері. Едіге Таңатаров – жеке кәсіпкер, көкпар жанашыры.

Ал Сопбековтер әулеті бар өмірін адам жанын ажалдан арашалауға арнаған. Отағасы Дәрібай Халмуминов – қалалық №5 емхананың ЛОР-дәрігері болса, отанасы Нағипа Алтынбекова «Januya» медициналық орталығының дәрігер-педиаторы. Ұлдары – Нұрсұлтан Халмуминов – Алматы қаласы №2 қалалық балалар ауруханасының травматолог-дәрігері, Диас Халмуминов – Астана қаласы онкологиялық орталығының дәрігер-онкологы, Ақжан Халмуминов – дәрігер-анестезиолог болып қызмет атқарады. Сондай-ақ отбасының келіндері де денсаулық сақтау саласында еңбек етуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.