Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мерейлі Меркінің болашағы жарқын

0 655

«Жер жаннаты» деуге әбден лайық, Алатаудың көз тоймас көкмайсалы әсем табиғатының аясында орын тепкен мерейлі Меркі ауданы тарихы терең, табиғаты тамаша өлке. Тәуелсіздік таңы атқан күннен бастап, өңірдің бойына нәр жүгіріп, экономикасы қарыштап, шаруасы шалқып, бүгінде дамудың даңғыл жолына бет алды.

Әсіресе, халықтың тұрмыс сапасын арттырып, елді мекендердің тынысын кеңейту мақсатында аудан ажарын кіргізетін ауқымды жоспарлар қолға алынды. Осыған орай, ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспары бекітілген еді. Жоспарға сәйкес бюджет есебінен 156 жоба, жеке инвесторлар тарту арқылы 108 жоба іске асырылмақ. Мәселен, аудан аумағында былтыр 16 жоба аясында 48 ауылішілік көше жолдары жаңарса, биыл автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 1 миллиард 705,3 миллион теңгеге 91 жоба немесе 201,8 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарлануда.
Бүгінде аудандағы 453 көшенің 103-і жөндеуді қажет етеді екен. Сондай-ақ қазіргі таңда аудан орталығындағы көшелер қанағаттанарлық жағдайда. Биыл Сарымолдаев, Меркі, Жамбыл ауылдық округтерін қамтитын орталық кәріз жүйесін М.Мәметова және Сарымолдаев көшелері арқылы жүргізу үшін құжаттары дайындалуда. Бұл көшелер кәріз жүйесі жүргізілген соң күрделі жөндеуден өтеді. Осы жылы бұл көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарлануда. Орталық көшенің жөндеу жұмыстары да биыл басталады. Сонымен қатар елді мекендерде 71 көше кезең-кезеңімен жөнделмек. Оның ішінде 31 көше «Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігін көреді.
Меркі – түркі хандарының жазғы тұрағы болған, табиғи және тарихи мұралық ескерткіштер сақталған киелі мекен. Тұмса табиғаты туристерді баураған өлкеде бұл саланы дамыту үшін инфрақұрылымды өрістету керек екені екі бастан белгілі. Міне, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін таулы және құмды аймақтарға жол салу күн тәртібіне қойылып отыр. Осыған орай, «Меркі» шипажайынан жоғары Қасқасу арқылы Сандықтас тауына дейінгі 56 шақырымға тас төселіп, жол салынбақ. Сондай-ақ құмды аймақты мекендеп, ауыл шаруашылығымен айналысып отырған 148 шаруаға қолайлы жағдай жасау үшін Сарғобы құмына 87 шақырым жолдың құрылысы басталды. Бұл туризм саласының дамуына да септігін тигізіп қана қоймай, құмдағы малшы қауымның тұрмысын да айтарлықтай жеңілдетері сөзсіз.
Аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Ақкөз, Қайнар, Беларық ауылдары тұрғындарының көп жылдан бергі сұранысы орындалып, аталған ауылдарға газ құбыры тартылып, қазіргі уақытта іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта газ құбырларын жүргізу жұмыстары басталады. Бұл ауыл тұрғындарының біраз жылдан бергі сұраныстары болатын. Осы орайда келесі жылы аудандағы әлеуметтік аз қамтылған 50 отбасыны мемлекет есебінен газға қосып беру жоспарлануда. Яғни бұл мүлдем көгілдір отыны кіргізілмеген, тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін үлкен қолдау.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде кейбір ауылдағы мәдениет үйлері жабылды, кейбірі тіпті тоза бастады. Көп жылдан бері ауданға қарасты Ойтал ауылдық округі тұрғындары да мәдениет үйі қажеттігі туралы талап-тілектерін айтып келеді. Биыл 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Дәл сол сияқты Мыңқазан ауылында да 90 орындық ауылдық клубтың құрылысы қызу жүргізілуде. Бұған қоса, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында Меркі, Ақарал және Сыпатай батыр ауылдарында балалар алаңшасы салынса, жуырда Аспара ауылдық округінің екі елді мекенінде қос ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Тұрғындардың игілігіне берілген спорт алаңшалары салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеріне сенім мол. Ауданда үш спорт кешені бар. Әрине, бұл халық саны көп ауданға аздық етеді. Мәселені шешу үшін биыл Сарымолдаев және Андас батыр ауылдарында да спорт кешендерін салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, алдағы жылдары Жамбыл, Ақтоған, Сұрат ауылдық округтерінде де спорт кешендерінің құрылысы жүргізілмекші.
Ал, білім ошақтары бойынша Ақарал ауылындағы №5 мектеп-гимназиясының ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілсе, Меркі ауылындағы «Балауса» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл Аспара (150 орын) және Ақ жол (80 орын) ауылдарында жаңа білім ошақтары бой көтеруде. Сонымен қатар бала санының өсуіне байланысты орын тапшылығы сезіліп отырған мектептерде жапсарлана спорт залы, қосымша ғимараттар салу да күн тәртібіне қойылып отыр. Мәселен, №48 орта мектебіне 200 орындық спорт залы, №21 орта мектеп жанынан 150 орындық ғимарат және 50 орындық асхана құрылыстары жоспарлануда. Сонымен қатар, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өткен жылы 9 нысан тұрғындар игілігіне берілді. Биыл тағы 11 нысанды пайдалануға беру көзделуде.
Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі аудандағы су тапшылығын шешу мақсатында 46 ұңғыманы қазу жұмыстары жүргізілуде. Ұңғыма құрылыстары толығымен аяқталған соң 2 200 гектар жерді суармалы сумен қамтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар Андас батыр және Жаңатоған ауылдық округтерінде Андас І, Андас ІІ және Андас ІІІ су қоймаларын салу жұмыстары басталды. Су қоймаларының құрылысы аяқталған соң, тағы 700 гектар жер суармалы сумен қамтылады. Бұған дейін аудандағы 45 елді мекеннің ішінде тек бір ғана ауылда электр жүйесімен қиындықтар болған еді. Ол – Қырғыз елімен шекаралас Жауғаш батыр елді мекені. Ауыл тұрғындары электр тоғын көрші елден алып отыруына байланысты есептеу тарифін сол мемлекеттің бағасымен төлеп келген еді. Тұрғындардың сұранысын ескеріп, осы түйткілдің түйінін тарқату үшін былтыр қарыздары жедел шара қолдану арқылы төленіп берілді. Биыл республикалық бюджеттен 1 миллиард 100 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Жалпы Жарықтандыру бойынша бірқатар мәселе шешімін тапты. Айталық, тұрғындар көшелерді жарықтандыру туралы көп өтініш білдіреді. Дегенмен ауданнның барлық көшесіне бірден жарық орнатудың мүмкіндігі болмағандықтан, әуелі мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар орналасқан негізгі көшелерді жарықтандыру жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар электр қуаты төмен елді мекендерде былтыр 8 трансформатор қойылса, биыл да бұл бағытта жұмыстар атқарылады.
«Бірінші байлық – денсаулық» дейді халқымыз. Меркі ауданында денсаулық сақтау саласында да ілкімді істер қолға алынған. Айталық, Тәтті ауылдық округінде 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Гранитогор ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар Андас батыр ауылындағы ауылдық аурухана ғимаратының және емхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осындай ауқымды жұмыстардың арқасында соңғы жылдары аудан бойынша медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді.
Қойнауы құтқа толы мерейлі Меркі өңірінде ел үшін атқарылып жатқан игі жұмыстардың бұл бір парасы ғана. Бір сөзбен айтқанда, мерейлі Меркі өңірінің болашағы жарқын.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.