Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мерейлі Меркі дамудың даңғыл жолында

0 262

Тұмса табиғаты көрген жанды тамсандыратын мерейлі Меркі өңірін «Жер жәннаты» деуге әбден болады. Егемендік жылдары талайдың таңдайын қақтырған киелі аймақтың бойына нәр жүгіріп, тірлігі тіктелді. Экономикасы қарыштап, шаруасы шалқыған Меркі жері бүгінде дамудың даңғыл жолына бет түзеуде.

Халықтың әл-ауқатын арттырып, елді мекендердің тынысын кеңейту мақсатында аудан аумағында ауқымды жұмыстар қолға алынып, межелі жоспарлар құрылды. Аудан әкімі Жорабек Баубековтің қадағалауымен жоспар бойынша орындалуы көзделген жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Соған орай ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспары бекітілген.
Ауыл тұрғындарының талап-тілектерінің негізінде әзірленген жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін бюджет есебінен 156 жоба, жеке инвесторлар тарту арқылы 108 жоба іске асырылмақ. Мәселен, аудан аумағында былтыр 16 жоба аясында 48 ауылішілік көше жолдары жаңарса, биыл автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 1 миллиард 705,3 миллион теңгеге 91 жоба немесе 201,8 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарлануда. Осы орайда ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары басталып та кеткенін айта кетейік. Ауданда жалпы 453 көше болса, оның 103-і жөндеуді қажет етеді.
Меркі аумағында республикалық, облыстық, аудандық мәндегі жолдар бар болса, қазіргі таңда аудан орталығындағы көшелер қанағаттанарлық жағдайда. Биыл Сарымолдаев, Меркі, Жамбыл ауылдық округтерін қамтитын орталық кәріз жүйесін М.Мәметова және Сарымолдаев көшелері арқылы жүргізу үшін құжаттары дайындалуда. Яғни бұл көшелер кәріз жүйесі жүргізілген соң күрделі жөндеуден өтеді. Биыл бұл көшелерге ағымдағы жөндеу жасалып, пайдалануға берілмек. Ал орталық Ысмайылов көшесін төрт жолақты етіп кеңейту жоспарлануда. Орталық көшенің жөндеу жұмыстары да биыл басталады. Сонымен қатар елді мекендерде 71 көше кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланған болса, оның ішінде 31 көше «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Меркі жері тамаша табиғатымен де елімізге танымал. Тау бөктері, Көккөл аумағы, Аспара қалашығы, петроглифтер, бал-бал тастар, батырлар ескерткіштері, Сыпатай батыр бабамыздың кесенесінің өзі тарихқа толы. Бұл саланы дамыту үшін Меркіде инфрақұрылымды өрістету керек. Міне, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін таулы және құмды аймақтарға жол салу күн тәртібіне қойылып отыр. Осыған орай, «Меркі» шипажайынан жоғары Қасқасу арқылы Сандықтас тауына дейінгі 56 шақырымға тас төселіп, жол салынбақ. Сондай-ақ құмды аймақты мекендеп, ауыл шаруашылығымен айналысып отырған 148 шаруаға қолайлы жағдай жасау үшін Сарғобы құмына 87 шақырым жолдың құрылысы басталды. Бұл туризм саласының дамуына да септігін тигізіп қана қоймай, құмдағы малшы қауымның тұрмыс сапасын жеңілдетері анық.
Аудан тұрғындарын газбен қамту бағытында соңғы бір жылдың ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Ақкөз, Қайнар, Беларық ауылдары тұрғындарының көп жылдан бергі сұранысы орындалып, аталған ауылдарға газ құбыры тартылып, қазіргі уақытта іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Қарасу ауылында да газ құбырларын тарту жұмыстары басталып, жоба биыл жалғасын табуда. Осы кезге дейін газ жүргізілмеген Мыханды ауылына биыл газ құбырын тарту мақсатында жұмыс жүргізіліп, қазіргі уақытта мердігер мекеме анықталды. Алдағы уақытта газ құбырларын жүргізу жұмыстары басталады. Бұл ауыл тұрғындарының біраз жылдан бергі сұраныстары болатын. Осы орайда келесі жылы аудандағы әлеуметтік аз қамтылған 50 отбасыны мемлекет есебінен газға қосып беру жоспарлануда. Яғни бұл мүлдем көгілдір отыны кіргізілмеген, тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін үлкен қолдау деп есептейміз.
Сонымен қатар аудандағы ең ірі аймақтардың бірі Ойтал ауылдық округі тұрғындарының мәдениет үйі қажеттігі жөніндегі сұраныстары да орындалды. Биыл 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Дәл сол сияқты Мыңқазан ауылында да 90 орындық ауылдық клубтың құрылысы қызу жүргізілуде. Сондай-ақ Ақермен ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өту үстінде. Мәдениет саласын дамыту мақсатында клубтарға 11 бірлік үйірме жүргізетін штат ашылды. Бұл ауылдық мәдениет үйлерінде жас өнерпаздардың дарынын шыңдауға мүмкіндік туғызады.
Бұған қоса, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында Меркі, Ақарал және Сыпатай батыр ауылдарында балалар алаңшасы салынса, жуырда Аспара ауылдық округінің екі елді мекенінде қос ойын алаңша пайдалануға берілді. Тұрғындардың игілігіне берілген спорт алаңшалары салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеріне сенім мол. Ауданда үш спорт кешені бар. Әрине, бұл халық саны көп ауданға аздық етеді. Мәселені шешу үшін биыл Сарымолдаев және Андас батыр ауылдарында да спорт кешендерін салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, алдағы жылдары Жамбыл, Ақтоған, Сұрат ауылдық округтерінде де ангарлы спорт кешендерінің құрылысы жүргізілмекші.
Білім ошақтары бойынша Ақарал ауылындағы №5 мектеп-гимназиясының ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілсе, Меркі ауылындағы «Балауса» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл Аспара (150 орын) және Ақ жол (80 орын) ауылдарында жаңа білім ошақтары бой көтеруде. Сонымен қатар бала санының өсуіне байланысты орын тапшылығы сезіліп отырған мектептерде жапсарлана спорт залы, қосымша ғимараттар салу да күн тәртібіне қойылып отыр. Мәселен, №48 орта мектебіне 200 орындық спорт залы, №21 орта мектеп жанынан 150 орындық ғимарат және 50 орындық асхана құрылыстары жоспарлануда.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өткен жылы 9 нысан тұрғындар игілігіне берілді. Биыл тағы 11 нысанды пайдалануға беру көзделуде.
Аудандағы су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 46 ұңғыманы қазу жұмыстары жүргізілуде. Ұңғыма құрылыстары толығымен аяқталған соң 2 200 гектар жерді суармалы сумен қамтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар Андас батыр және Жаңатоған ауылдық округтерінде Андас І, Андас ІІ және Андас ІІІ су қоймаларын салу жұмыстары басталды. Су қоймаларының құрылысы аяқталған соң, тағы 700 гектар жер суармалы сумен қамтылады.
Бұған дейін аудандағы 45 елді мекеннің ішінде тек бір ғана ауылда электр жүйесімен қиындықтар болған еді. Ол – Қырғыз елімен шекаралас Жауғаш батыр елді мекені. Ауыл тұрғындары электр тоғын көрші елден алып отыруына байланысты есептеу тарифін сол мемлекеттің бағасымен төлеп келген еді. Тұрғындардың сұранысын ескеріп, осы түйткілдің түйінін тарқату үшін былтыр қарыздары жедел шара қолдану арқылы төленіп берілді. Биыл республикалық бюджеттен 1 миллиард 100 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді.
Жарықтандыру бойынша бірқатар мәселе шешімін тапты. Айталық, тұрғындар көшелерді жарықтандыру туралы көп өтініш білдіреді. Дегенмен ауданнның барлық көшесіне бірден жарық орнатудың мүмкіндігі болмағандықтан, әуелі мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар орналасқан негізгі көшелерді жарықтандыру жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар электр қуаты төмен елді мекендерде былтыр 8 трансформатор қойылса, биыл да бұл бағытта жұмыстар атқарылады.
Ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылы 23 739,6 гектар бидай, 27 417 гектар арпа, барлығы 51 156,6 гектар дәнді масақты дақылдар орақтан өткізілді. Қант қызылшасының облыс бойынша жиналған өнімінің 50 пайызын Меркі ауданы өндірді. Қант қызылшасының 1 тоннасына қант зауыты 15 000 теңге төлейтін болса, Үкімет тарапынан 1 тоннасына 15 000 теңге субсидия төленді. Осы орайда аудандық қант қызылшасын өндірушілерге 582 миллион 98 мың теңге субсидия алды. Биыл қант қызылшасы алқабы 3 000 гектарға ұлғайтылды. Аталған саланың жұмысын жандандыру үшін ауданда жаңбырлатып суару тәсілі кеңінен қолданылуда. Атап айсақ, «Мыхан Орда» серіктестігінің өз қаражаты есебінен іске асырылып жатқан жобасының жалпы құны 228,4 миллион теңгені құрайды. Агроқұрылым 792 гектарға айналмалы жаңбырлатып суару технологиясын енгізуде. Технология енгізілген алқаптың 400 гектарына қант қызылшасы отырғызылса, 392 гектарына жоңышқа егілген. Сондай-ақ Түркиядан әкелінген 19 жаңбырлатып суару агрегатын шаруашылық қолданысқа енгізу үстінде. Аталған елдің «Atlantis» компаниясымен жергілікті билік келіссөздер жүргізіп, шаруалар бастапқы 25 пайыз қаражатын төлесе, компания қондырғыларды орнатып беруге дайын. Бұл агрегаттардың 50 пайыз қаражаты мемлекет тарапынан субсидияланады. Осы бойынша халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл су тапшылығымен күресте басты қажеттілік екенін атап өткізіміз келеді.
Денсаулық сақтау саласында да ілкімді істер қолға алынған. Айталық, Тәтті ауылдық округінде 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Гранитогор ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Биыл Аспара және Т.Рысқұлов ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы аудан бойынша елді мекендерді медициналық нысандармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Меркі аудандық орталық ауруханасының гинекология бөлімін, жұқпалы аурулар бөлімін, балалар бөлімін, қабылдау бөлімін қайта құру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар Андас батыр ауылындағы ауылдық аурухана ғимаратының және емхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осындай ауқымды жұмыстардың арқасында соңғы жылдары аудан бойынша медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді. Бұл жыл сайын медицина жүйесінің жаңартылып, жаңа жабдықтар мен қызметтер түрінің толықтыруымен де байланысты. Былтырдан бастап аудандық емхана үздік тәжірибе орталығы болып жаңғыртылса, аудандық медициналық мекемелері жалпы сомасы 173 миллион 698 мың теңгеге заманауи талаптарға сай жабдықтармен толықтырылды. Осылайша ауданның денсаулық сақтау саласы-ның жабдықталу көрсеткіші 91,1 пайызға жетті. Жалпы аудан бойынша 43 емдеу мекемесі жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Оның ішінде аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, «Андас батыр» ауылдық емханасы, сонымен қатар 13 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункті және 19 медициналық пункті бар.
Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары бойынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық бағдарлама аясында былтыр 5 957 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 253 азаматқа қаражат беріліп, қысқа мерзімді оқуға 138 азамат жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша 100 адам жұмысқа жолданды. Жастар тәжірибесі бойынша – 131 адам, алғашқы жұмыс орны бойынша 10 адам жұмысқа жолданды. Ал бос жұмыс орындары бойынша 2 580 адам жұмысқа орналасты.
Меркі ауданы бойынша биылғы жылға облыстық басқарма тарапынан 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға берілген жоспар 4 624 адам болса, 2023 жылдың 4 айында жұмыспен қамтуға 1 794 адам кайырылып, 1 792 жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.
«Ауыл аманаты» жобасы туралы айта кетсек, Сұрат ауылдық округі тұрғындары осы жобаға алғашқылардың бірі болып еніп, пилоттық жобаға қатысып, оң нәтиже көрсеткен болатын. Бұл жобаға Ақермен, Жаңатоған, Ақтоған, Ақарал ауылдары да еніп, құжаттарын дайындап, қаражаттарын алу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жоба ауылдықтардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын көтеру мақсатына бағытталып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, осы жобаға енген ауылдарды инфрақұрылыммен толықтай қамту көзделуде.
Бүгінде ауданда жалпы 17 300 аула бар. Жер кезегінде 12 мың азамат тіркеліп отыр. Осы мәселені шешу үшін Сарымолдаев, Т.Рысқұлов ауылдарында жер телімдері берілді. Енді Тескентоған, Аққайнар, Ақтоған, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарымолдаев ауылдарында берілетін жерлердің инфрақұрылымы дайындалуда. Бұл жерлер алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі. Сонымен қатар 60 пәтерлі бес көпқабатты үйдің жобасы да жоспарда бар. Бұл жұмысты қолға алу үшін ауданда орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселесі шешімін табуы тиіс. Бұл жұмыстар да қолға алынып, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Жалпы ауданда бақылаудан тыс қалған мәселе жоқ. Барлық шешімін күтіп отырған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда.
Ауданға инвестиция тарту жұмыстары да жолға қойылған. Осы бойынша ауыл шаруашылығы саласында – 50, өнеркәсіп саласында 57 жоба іске асырылмақшы. Мәселен, Ақарал ауылдық округінде жеке инвестор шағын қант қызылшасын өңдеу зауытын және сұйық май өңдеу зауытын салуды қолға алып отыр. Зауыт іске қосылса, күніне 100 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары да тұрақты жұмысқа орналаса алады. Сонымен қатар аудан тұрғындарының бос уақытын қамту мақсатында Ойтал ауылында жеке кәсіпкер тарапынан бассейн, монша, тұзды шахта, фитнес залы, тамақтану орындары құрылысын 500 миллион теңгеге жүргізбек. Ірі инвестициялық жобалардың бірін іске асырған «Жеміс-жидек» серіктестігі биылғы жылы 10 гектарға «Альбион» сортты құлпынай дақылын отырғызды. Польшалық «Arno Group» компаниясының инженерлік сүйемелдеуімен іске асырылып жатқан жобаның жалпы құны 90 миллион теңгені құрайды. Жылына 200 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отырған серіктестікте 50 адамға дейін жұмыс орны құрылған.
Сонымен қоса, 1998 жылдан бері асыл тұқымды жылқыларды өсіру бағытында жұмыс істеп келе жатқан «Ар-Ас» шаруа қожалығы өткен жылы 125 тонна «Тау қымызы» атауымен қымыз өндірген. Жылына 182 тонна өнім өндіретін қожалықта бүгінгі күні 400 бас бие бар. Оның 200 басы сауынды биелер. Шаруашылықта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл шаруашылық ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына үлесін қосып, меркілік бренд қалыптастырғанын атап өту керек.
Ауданда даму жоспарынан бөлек, алдағы жылдарға перспективалық жоба да жасалынған. Мәселен, орталық базарды көшіріп, онда аспан астындағы музей жасау, Торғаев көшесі бойын, яғни «ММ» сауда үйі орналасқан алаңды «Жастар» алаңы – Арбатқа айналдыру секілді жұмыстар кезегін күтуде.
Тағы бір айта кетерлігі, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2023 жылға көтерме жәрдемақы алу үшін 40 маманға 13 миллион 800 мың теңге, тұрғын үй сатып алуға 30 маманға 155 миллион 250 мың теңге қаражат бөлінген. Ағымдағы жылдың 6 айында көтерме жәрдемақы алу үшін 21 маман, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алу үшін 16 маман кезекке қойылған. Бүгінгі күнге 21 маманға 7 миллион 245 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленіп берілді.
Меркі өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жұмылған жұдырықтай жұмылған ел бірлігінің арқасы екені даусыз. Әрине, халықтың сенімін ақтаудан артық ештеңе жоқ. Аудан халқының сұранысынан туындап жүрген өзекті мәселелерді шешудегі жүйелі жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады.

Ләззат Құралбаева,
Меркі ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.