Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Менің таңдауым – ел болашағы»

0 69

Дүниежүзілік сайлау күніне орай жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, сайлау және дауыс беру үдерісі туралы мағлұмат беру, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, сайлау мәдениетін қалыптастыру мақсатымен Тараз қаласында «Менің таңдауым – ел болашағы» тақырыбында интеллектуалдық quiz ұйымдастырылды.

Аталған шараның ұйымдастырушысы – Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы мен Жас сайлаушылар клубының мүшелері. Интеллектуалдық сайыс жастар арасында сайлау мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және демократиялық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Шараға Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, Жамбыл облыстық, Тараз қалалық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мәслихат депутаттары мен белсенді жастар қатысты.
Интеллектуалдық quiz-ді өткізу барысында қаладағы №54, №64, №67 орта мектептердің жоғарғы сынып оқушылары мен Жоғары Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің және «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттерінен құралған 5 команда Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы, азаматтардың сайлау құқықтары мен міндеттері, дауыс беру тәртібі және сайлау жүйесінің маңыздылығы жөніндегі білімдерін сынады. Танымды әрі тартысты форматта өткен сайыс жастардың қызығушылығын арттырып, олардың ел болашағына саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай шаралар жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына, сайлау институтына деген сенімін нығайтуға және азаматтық ұстанымын арттыруға мүмкіндік береді.
Шара соңында интеллектуалдық quiz-ге қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, биылғы қаңтар айынан бері Дүниежүзілік сайлау күніне орай Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен бірнеше шара ұйымдастырылды.

Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.