Қалалық қоғамдық-саяси газет

Менің пірім – Бауыржан!

0 255

Жыл өткен сайын жаңа технологиялардың әлеуеті артып келеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын заманауи коммуникация құралдарының халық пен билік арасында байланыс орнатуда шешуші рөл атқаратынын көпшілік аңғармаған да болар. Бүгінде сан саланың өкілдері жаңа ғасырдың мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануда.

Сәндібек Піренов

Бірақ бас пайдасынан гөрі, ел қамы үшін ғаламторда телміріп отыратын азаматтар некен-саяқ. Солардың бірі қала тұрғыны Сәт Қуантай десек артық айтқандығымыз емес. Ол 2017 жылы 3 ақпанда қазақтың маңдайына біткен батыр ұлы Бауыржан Момышұлының атымен «Instagram» әлеуметтік желісінде парақша ашқан. Ол кезде Сәт №57 орта мектептің 10-сынып оқушысы еді. Қазір талапты жас М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «жерге орналастыру» мамандығының 3-курс студенті. Сәт Бауыржан Момышұлын сегіз жасында әкесі Айтуған Төлендиевтің айтқан әңгімелерінен таныған. Айтуғанның өзі әскери адам, қазір зейнетте.
Парақша ашылғанда ә дегеннен оқырмандар жиылмаған. Мұның себебі Сәт желіде батырдың тек бірлі-екілі даналық сөздерін ғана жариялап жүріпті. Кейін Бауыржан Момышұлының туындыларын оқи бастаған. Нәтижесінде 2018 жылы 10 мың оқырман тіркелген. Осы кезде Сәт бастаған іске атүсті қарамауға бекініп, парақшаға күнделікті мәліметтер салып отыруды әдетке айналдырады. Бүгінде Сәттің оқырманы 87 мыңнан асқан.

– Парақшаны дамыту үшін алғашында Бауыржан Момышұлы жайлы мәліметтерді том-том кітаптардан тауып жүрдім. Кейін оқырмандар батыр атаның соғыстан кейінгі жылдары жайлы деректерді жариялауымды сұрады. Сосын мен атамыздың келіні Зейнеп Ахметованың жазбаларын қалт жібермей жүрдім. Араға жыл салып, қалада Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл ағамыз тұрады дегенді естіп, оған арнайы баруды жөн көрдім. Кейін Бекет ағаның ықпалымен Зейнеп апамен де танысып, батасын алдым. Жамбыл атамыз «менің пірім – Сүйінбай» десе, мен де кеудемді керіп тұрып «менің пірім – Бауыржан Момышұлы» деп айтар едім, – дейді Сәт Айтуғанұлы.

Талапты жас Бауыржан Момышұлы жайында тың дүниелерге қол жеткізген. Мәселен, атаның еш жерде жарияланбаған бірнеше суреттері Сарыағаш шипажайы мен Меркі ауданында сақталған екен. Мұны Сәттің өзі парақша елге кеңінен танылған соң, Бауыржанның көзін көрген азаматтардың немерелері де топта тіркелгенімен байланыстырады. Тағы бір жаңалық, Сәт 1981 жылы Ресей телеарналарының бірінде жарияланған Баукеңнің бейнежазбасын тауыпты. Онда Бауыржан Момышұлы Панфилов жайлы естеліктерін айтқан екен. Сәт Қуантай осы бағыттағы жұмысын жалғастырып, «Тұлғатану» деген парақша ашып, Алаш зиялыларынан бастап үлгі тұтар ел азаматтары жайында деректер жазсам деп отыр. Жас та болса үлкен жауапкершілік арқалап жүрген Сәт Қуантайға табыс тілеп, ісі берекелі болсын дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.