Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мені неге жұмысқа алмайды?

0 739

«Жастар – еліміздің болашағы» дейміз. Ал болашақтың тұтқасын ұстаған ел ертеңінің бүгінгі жағдайы қандай? Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі ше? Облысымызда оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі төмен NEET жастардың үлесі неге күн санап көбейіп жатыр. Бұл сұрақтардың жауабын жан-жақты саралап көрелік.

Арайлым Шабденова

Сандарды сөйлетсек…

«NEET жастары несі» деп отырған шығарсыз. Бұл – соңғы жылдары пайда болған жастардың тобы. Әлемдік ғылым мен мемлекеттік басқару саласында NEET деген ұғымның қолданыла бастағанына біршама жыл болды. NEET ұғымына мынадай анықтама беруге болады: «оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі аса төмен, жауапкершілікті мойнына алып, белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастардың жалпы жиынтығы». Қазақ тілінде бұл терминді бір сөзбен «құлықсыз жастар» деп те атауға болады. Жастар саясаты мәселелері басқармасының берген мәліметіне сүйенер болсақ, облысымызда 239 151 жас бар. Ол жалпы облыс халқының 21,2 пайызын құрайды. Жастардың 149 574-і (62,5%) ауылда, 89 577-сі (37,5%) қалада тұрады екен. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылы 2,8 пайызды немесе 6 696 жасты құраған. Бұл – басқа өңірлер арасындағы ең төменгі көрсеткіш. NEET санатындағы жастардың үлесі 2019 жылы 7,6 пайызды немесе 18 175 жасты құраған. Құлықсыз жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар жоқ емес, бірақ нәтижесі қандай? Алдымен бүгінгі таңда қажетті мамандықтарға тоқталайық.

Мамандық таңдаудан жаңылма!

Дәл қазір мектеп түлектерінің санасында сан сұрақ. Қай мамандықты таңдасам, нанын жеймін деп дел-дал болып жүргені сөзсіз. Осы орайда біздер сұранысқа ие мамандықтар туралы білдік. Мамандардың болжамы бойынша бүгінгі күнде ең қажет мамандықтардың қатарында құрылысшылар, технологиялық машиналар мен техникаларды, сонымен қатар машина жасаушылар бар. Олардан кейін металлургтер, энергетиктер, мұнай және газ саласының, есептеу техникасының, радиотехника, электроника және телекоммуникация жұмысшылары тұрады, сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің технологиясы мен құрастыру. Және содан кейін тау-кен ісі, автоматтандыру және басқару, прибор жасау және жылу энергетикасы саласының мамандары тұрады. Қазіргі сәтте өнеркәсіпте кәсіби инженерлердің, орта топтың техникалық мамандары мен жетекшілерінің қатты жетіспеушілігі туындап отыр екен. Әсіресе, техникалық және экономикалық немесе заңдық білімнің үйлесімдігі, ағылшын немесе кез келген еуропалық тіл білу бағаланатын болады. Барлық өнеркәсіп саласында инженер-маркетологтардың және менеджерлердің қажеттілігі артуда. Қазіргі әлемде фирманың имиджі біршама үлкен мәнге ие және сайт ұйымның деңгейі мен сенімділігінің көрсеткіші болып табылады. Тиісінше, веб-әрлеуші – ең жоғары ақылы компьютерлік мамандықтардың бірі.

Бұдан кейінгі жақын болашақтың біршама талап етілетін мамандықтары нанотехнологиялармен байланысты. Нанотехнология – молекулалар және атомдармен жұмысқа негізделген технология, бұл – біршама заттардың жасырын және бағалы қасиеттерін пайдаланатын технология. Нанотехнология барлық ғылым салаларымен байланысты. Биотехнология – биологиялық жүйелер мен олардың элементтерін пайдаланатын технологиялар. Қазіргі уақытта биотехнология ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады, яғни гендік инженерия мен микробиология әдістерінің көмегімен гендік модификацияланған өнімдер алады.

Биотехнология молекулярлық медицинада, биофармацевтикалық өндірістерде және басқа салаларда қолданылады. Электроника мен биотехнологияның түйіскен жеріндегі мамандықтар маманнан электроникада да, биоинженерияда да терең білімді талап етеді. Бұқараның табысы артуда, орта санаттың саны да өсуде. Бұл үрдістің көрсеткішінің бірі – күн өткен сайын сапалы сервиске қажеттілік. Логистика саласы кәсіпорынның қызмет етуінде бірінші кезекті маңыздылыққа ие. Атмосфераға зиянды қалдықтардың өсуі болашақ жаһандық әлемде алдыңғы орындардың біріне экология мәселесін қояды. Сонымен қатар медицина, химия, тағамдық өнеркәсіп сынды салаларға да сұраныс күн санап артып келеді. Ал БҰҰ ақпараты бойынша, 2009 жылы қалалықтар саны ауыл тұрғындарынан асып түскен. 2025 жылы қала халқының үлесі 77 пайызға дейін артады деген ғалымдар қала құрылысшыларына деген сұраныстың көбейетіндігін айтып отыр.

PricewaterhouseCooper’s деректері бойынша 2005 жылы дүние жүзінің 100 ірі қаласы дүниежүзілік ЖІӨ 25% өндірді, 2008 жылы бұл көрсеткіш 30 пайызды құраған. Жаңа, тез өсіп келе жатқан мегаполистерді жоспарлау, құру және қызмет көрсетуді қолайлы қалалық ортаны құра алатын мамандар класы жасайтын болады. Мемлекет және жеке құрылыс компаниялары аумақтарды кешенді дамыту бойынша мамандарға үлкен сұранысты қалыптастыратын болады (көлік, әлеуметтік орта, инвестицияларды тарту және т.б.), әсіресе, қалалық жерлерде сұраныс артады екен. Бейресми деректерге сүйенер болсақ, «Қаржы және сақтандыру қызметі» сұранысқа ие, бұл салада қызмет ететіндердің 33,3 пайызының жасы 28-ден аспайды екен. Екінші орынды «Ақпарат және байланыс» мамандығы иеленді – 31,5 пайыз. Ал үшінші орында – «Басқа қызметтерді ұсыну», бұл салада жастардың үлесі – 29,6 пайыз. Төртінші және бесінші орындарда «Мемлекеттік басқару және қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру» және «Жылжымайтын мүлік операциялары» бағыттары жайғасты, бұл салаларда жастардың үлесі сәйкесінше 27,7 пайызды құрайды. Осыдан-ақ өзіңізге қажетті, икеміңіз бар мамандықты қазірден ойланып, мамандық таңдауда қателеспеу керектігін ұмытпаған абзал.

Жұмыссыздар қоғамға қауіп төндіре ме?

Жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны, ол қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін. Жастар әрқашан дүниеге «кірпіш болып қалануға» ұмтылады, алайда кейде өмірден өз орнын таба алмай жатады. Осыдан келіп қоғамнан жырақтау, суицидке бейімделу секілді мәселелер туындайды. Бұл орайда жауапты сала мамандары арнайы бағдарлама әзірлеп, алдағы уақытта іске асыратындарын айтты.
– Облыс әкімінің тапсырысымен NEET санатындағы жастардың дерекқоры әзірленіп, қазіргі таңда адрестік жұмыстар жүргізілуде. Осыған дейін статистикалық мәліметтер бойынша 18 мың құлықсыз жастың барын білген едік. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде оның саны 44 мың екені анықталды. Оның 16 мыңы қалаға тиесілі жастар. Үстіміздегі жылы 1 мыңға жуық (847 жас, айлық жалақылары – 42,5-60,0 мың тг көлемінде) жасты «Жасыл ел» еңбек жасағы сапында маусымдық жұмыспен қамтуға 55,2 млн теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ 200-ден астам өңір жастары құрылыс нысандарында маусымдық жұмыспен қамтылмақ. Жастарды жұмыспен қамтуда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да маңызы ерекше. Бағдарлама аясында 604 маманға тұрғын үй сатып алуға 969,2 млн теңге қаржы берілді. Төтенше жағдайға байланысты облыс аумағында «Әулиеата жастары» волонтерлік штабы құрылып, қазіргі таңда 717 волонтер нақты жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар жастар басқармасы 1 сәуір мен 1 маусым аралығында өзекті мәселелерді қамтыған 22 мемлекеттік мекемелердің мамандарын тарта отырып, барлығы 30-дан аса онлайн кеңес беру өткізді. Карантиндік шаралардан кейін үйінде отырған жастарды біртіндеп мәдени-көпшілік іс-шараларға кең көлемде тарту мақсатында облыстық желілік кестесі әзірленіп, 43 шара белгіленді. Айталық, «Әулиеата жауһарлары» тарихи-танымдық экспедициясы, «JAMBYL CUP» атты NEET, жұмыссыз жастар арасында футболдан облыстық ашық біріншілік, «Елбасы. Қазақстан. Өркендеу» тақырыбына жастар форумы, «Жігіт сұлтаны-2020», «Қыз сыны», «Үздік жас отбасы-2020» облыстық байқаулары, «Ұлттық ойын – халық мұрасы» атты ұлттық ойындардан облыстық жарыс, А.Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «ABAI 175 FEST» атты «open air» форматында фестиваль, «Күй – құдірет, күй – кие» атты жас күйшілердің шеруі, «Жырлаймын Жамбылымды!» атты облыстық жас ақындар айтысы мен «Айбын» облыстық әскери-патриоттық ойындарын өткізу жоспарлануда, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

«Әулиеата жастары» бағдарламасы жастарға тиімді ме?

Басқарма тарапынан облысымызда мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының жобасы әзірленген. Бағдарламаны әзірлеуде облысымыздың ерекшеліктерін ескере отырып және еліміздегі бірқатар облыстар мен қалалардағы оң нәтиже берген бағдарламалар негізінде жасалыпты. Бағдарламаның негізгі мақсаты – облыстың тұрақты даму мүддесінде жастардың бәсекелестік артықшылықтарын арттыру.
– Біріншіден, жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар мен жобаларға жастарды тарту, оларды іске асыруда нақты тетіктер мен жаңа тәсілдерді ұсыну. Жастарды қолдаудың жаңа шараларын енгізу. Екіншіден, жастарды мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне тарту және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Үшіншіден, жастар саясатының инфрақұрылымын біртіндеп дамыту болып табылады. Бағдарламада барлығы 9 негізгі индикатор қарастырылған. Осы индикаторлар арқылы іс-шаралар жоспары әзірленіп бекітілетін болады. Сонымен қатар бағдарламада жалпы жастардың 10 пайызына мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кредиттер мен гранттар есебінен өз кәсіпкерлігін ашуға мүмкіндік беру қарастырылған. Бағдарлама аясында бес жылда жастар тәжірибесіне – 5 мың жас, ваканттық бос жұмыс орындарына – 25 мың жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 9 мың жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарлануда. Жастар арасында тұрғын үй мәселесін шешу үшін облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы жастарға тұрғын үй несиесін беру ережесін әзірлеуі қажет. Жастар бастамаларын қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттар санын арттыру қарастырылған. Жастарды қолдау шараларының бірі «Жамбыл жастары» интернет платформасы жобасы арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл платформадан (сайты негізінде) тиімді ақпарат алу үшін мобильді қосымша іске қосу жоспарлануда. Бағдарламаны іске асыру үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен жобамен 14 млрд 333 млн теңге қаражат қарастыру жоспарлануда, – деді Серікбол Қайратұлы.
Иә, аталмыш бағдарлама басқарма басшысы айтқандай іске асатын болса, жастар жұмыссыздығының бірталай мәселесі шешілетіні айқын.

Түйін:
Сайып келгенде, елдің ертеңі, ұлттың қалқаны – тәрбиелі қыз бен рухты ұл болмақ. Нарық қыспағына алған бүгінгі заманда мамандық таңдауда қателеспей, екі қолға бір күрек алып, жұмыссыз қалмаудың қарекетін бүгіннен жасау ләзім. Оған билік те мүдделі. Демек, қалтарысқа жол жоқ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.