Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Менде Президентке тікелей телефон шалуға мүмкіндік бар». Тоқаевтың баспасөз хатшысымен сұхбат

0 335

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Pfizer вакцинасын жеткізу, антиваксерлер, Кабулдағы қазақстандық дипломаттарды неліктен сонда қалдыру ұйғарылғанын, Тоқаев пен Путин Мәскеуде не туралы сөйлескені және президенттің Twitter-парақшасын кім жүргізетіні туралы сұрақтарға жауап берді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

– Берік Уәлиұлы, Президенттің Баспасөз хатшысы қызметіне қалай келдіңіз?

– 2019 жылғы наурызда Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалар болғанын білесіздер. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатып, лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешімін жариялады. Бұл жәйтті естігенде өз басым абдырап қалдым.

Мен ол кезде Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасының басшысымын. Дәл сол күні елордада іссапармен жүрген едім. 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының алдында ант қабылдады. Оны тікелей эфирден көрдік. Сол күні іле-шала маған Президент Әкімшілігінен хабарласып, Ақордаға мүмкіндігінше тезірек келуімді сұрады. Дәл сол сәтте Сарайшық көшесінің бойымен Президент резиденциясының жанындағы көпірден өтіп бара жатқан едім. Бұл уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада басқа мемлекеттердің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп, Премьер-Министр, Сенат пен Мәжіліс төрағаларын, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларын қабылдап жатыр екен. Президент Әкімшілігінің сол кездегі басшысы Әсет Исекешев бүгін Мемлекет басшысы мені қабылдайтынын айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлымен қысқа ғана сөйлестік. Бірден алғашқы тапсырмалар берілді деуге де болады.

Мемлекет басшысы бірден Түркістан қаласына алғашқы жұмыс сапарына дайындалу керек екенін айтып, қызметіме табыс тіледі.

Сурет: ©Ғани Өмірбеков

– Президенттің Баспасөз хатшысының міндеттері қандай?

– Менің негізгі міндетім – Мемлекет басшысының қызметін және оның қатысуымен өтетін іс-шараларды ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету. Баспасөз қызметі Президенттің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жариялап көрсету жөнінде ауқымды жұмыс жүргізеді. Президенттің қазіргі және алдағы қызметтеріне қатысты, оның ішінде  Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдарын айқындайтын материалдарды әзірлейміз.  Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға, әлеуметтік желілердегі маңызды әрі резонанс тудырған жазбаларға мониторинг жасаймыз.

– Жұмыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сізді сынаған кезі болды ма?

Иә, жұмыс барысында әртүрлі кемшіліктерге байланысты Президенттің Баспасөз хатшысы ретінде маған және жалпы Баспасөз қызметінің жұмысына көңілі толмай, бірнеше рет телефон шалған кезі болды. Бірақ, Мемлекет басшысы істің анық-қанығын түсіндіруге әрдайым мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Менде Қасым-Жомарт Кемелұлына тікелей телефон шалуға мүмкіндік бар және ол кісі әрқашан да менің қоңырауыма жауап қатады.

– Яғни, сіз Президентпен жиі байланыс жасай аласыз ғой?

– Әрине. Ондай мүмкіндік бар. Бұл жөнінде бұрын да айтқанмын. Тәуліктің қай мезгілі екеніне қарамастан, Президент менің барлық ой-пікіріме жауап қатады.

– Президент Сізге тапсырмаларды қалай береді?

– Мемлекет басшысы ауызша да, жазбаша да тікелей тапсырма береді. Көбіне смартфон арқылы тапсырма аламын.

Сурет: akorda.kz

– Президенттің Twitter әлеуметтік желісін кім жүргізеді? Әсіресе хабарламалар кейде түнгі уақыттарда шығады…

– Мемлекет басшысы тәуліктің қай мезгілі екеніне қарамастан, Twitter желісін өзі жүргізеді. Соңғы кездері Президенттің аталған аккаунттағы белсенділігі біршама бәсеңдегенін байқаған боларсыздар деп ойлаймын. Бұл, ең алдымен, оның жұмыс кестесінің өте тығыздығына, жұмысбастылығына байланысты.

Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлы Twitter әлеуметтік желісіне қатысты жұмыстарды баспасөз қызметіне тапсыруына да болар еді. Бірақ Мемлекет басшысы жеке аккаунтын толықтай өзі жүргізуді жөн санайды.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент ретінде бірінші сұхбатын ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берді….

Менің білуімше, Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы болғанға дейін де Алексей Пивоваровты жақсы танитын. Мүмкін, Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің Президенті болып сайланғаннан кейін шетелдік ақпарат құралдары өкілдеріне арналған алғашқы сұхбатын беру жөнінде өзара қандай да бір келісім болған шығар. Меніңше, сұхбаттың мазмұны Мемлекет басшысының көңілінен шықпаған. Сондықтан сұхбат жазылған таспа тек бірнеше айдан кейін ғана жарияланды.

– Instagram желісінде Президенттің аккаунты жиі тэгтеледі. Оны кім қадағалайды?

– Іс жүзінде Президенттің Баспасөз қызметінің барлық қызметкері әлеуметтік желілерді қадағалап отырады. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-қа мониторинг жүргізу міндеті жүктелген қызметкерлеріміз бар. Егер өзекті мәселелер, түйткілді проблемалар, биліктің іс-әрекетіне айтылған сындар, жақсы аналитикалық мақалалар, сондай-ақ нақты ұсыныстар болса, олардың бәрін жинақталған топтамаға қосып, басшылыққа жолдаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы материалдардың бәрін оқитынын, кей жерлеріне белгі қоятынын, көбінесе ведомство басшылары мен әкімдерге тиісті тапсырма беретінін нақты айта аламын. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушы азаматтарға арналған үйлердің сапасыз салынуына, сондай-ақ жуырда ғана Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қалжыр өзенінің экологиялық жағдайына назар аударды. Мұндай мысалдар көп. Президент елімізде және әлемде болып жатқан оқиғаларды ешқашан назардан тыс қалдырмайды.

Президенттің Instagram әлеуметтік парақшасына 2 миллионға жуық азамат тіркелген және олардың бәрі нақты адамдар. Олар Президенттің аккаунтын үнемі тэгтеп-белгілеп отырады, біреулер шағымданса, енді біреулері жеке мәселесін айтып жатады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын жаудыратындар да өте көп.

Сурет: ©Ғани Өмірбеков

– Президент үшін жинақталатын топтама туралы айтып қалдыңыз. Жаңалықтар топтамасын кім дайындайды?

– Мемлекет басшысы Қазақстандағы және шетелдегі оқиғалар жөніндегі мәліметтерді әртүрлі қызмет салалары арқылы, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінен күн сайын алып отырады. Сонымен қатар, Президенттің өзі де мерзімді басылым болсын, интернет материалдары болсын көп оқиды. Ол кісіні әлемде болып жатқан оқиғалардан үнемі хабардар деп айтуға болады. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлын мағлұматы мол, көп оқитын Мемлекет басшысы десек, артық айтқандық емес. Ол ой-өрісі өте кең тұлға.

– Бастапқы кезде Әлеуметтік желілерде Президенттің барлық суреті Photoshop арқылы өңделеді деген сияқты Баспасөз қызметіне сын айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жәйттан хабардар ма?

– Әрине, Президент оқырман ретінде өз қызметінің әлеуметтік желілерде талқыланатынын біледі… Бірақ Мемлекет басшысы мұндай нәрселерге көп көңіл бөлмейді.

Ал Photoshop мәселесіне келер болсақ, оны пайдаланған күннің өзінде барынша аз қолданылады.

– Президентпен бірге болған қай сапар ерекше есте қалды?

– Жұмыс сапарлары болсын, шетелдік сапарлар болсын – бәрі есте қалады. Бірақ өзіңіз айтып отырғандай, ерекше есте қалатын сапарлар да болады. Әрине, менің Президентпен бірге шыққан алғашқы сапарым – рухани астанамыз, еліміздің тарихи орталығы Түркістан қаласы. Маңғыстау облысына, Ұлытауға, Жидебайға жасаған сапарларымыз ұмытылмайды. Бәлкім, ол жерлердегі киелі орындардың тылсым аурасы әсер еткен шығар. Осы ретте, Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысу үшін барған сапарын ерекше атап өткім келеді. Сонда басқа шет мемлекеттер басшыларының Қасым-Жомарт Кемелұлына деген құрметі анық байқалды. Сессиялар арасындағы үзілістерде БҰҰ-ның кейбір қызметкерлері Президентке сәлем беріп, ілтипаттарын білдірді. Мюнхенде өткен қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияда да осындай бір шынайы ықылас көрініп тұрды.

Сонымен қатар Арыс қаласына барған шұғыл сапарды ерекше атап өткім келеді. Президент жарылыстар туралы білген бойда бірден: «оқиға орнына баруға дайындалыңдар», – деді. Арыста жарық, байланыс болған жоқ, снарядтар жарылысы әлі де тоқтамаған. Соған қарамастан Мемлекет басшысы оқ өткізбейтін кеудеше киюден үзілді-кесілді бас тартты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарылыс аумағынан шығарылған тұрғындармен кездескен сәтін смартфонға түсірдім де, ұялы байланыс  болған кезде бірден желіге жүктедім.

Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласының тұрғындарымен. Сурет: ©Берік Уәли

Президенттің жұмыс кестесіндегі бір күн, яғни 2019 жылғы 16 мамыр ерекше есте қалды. Сол күні Мемлекет басшысының қатысуымен бірнеше кездесу болды. Көпшілік Президенттің бес бірдей тілді: қазақ, орыс, қытай, ағылшын және француз тілдерін меңгергенін біледі. Әйтсе де, олар Қасым-Жомарт Кемелұлының бір күнде бес тілде сөйлегенін көрген жоқ. Президенттің бұл қасиеті мені қатты таңғалдырды.

 

– Президент Жамбыл облысында болған жарылысты қалай қабылдады?

– Мемлекет басшысы мейлінше сабырлы, салқынқандылықпен қабылдады деп айтуға болады. Дегенмен, Президент бұл оқиғаның көңіліне қаяу түсірген, жағымсыз жаңалық болғанын жасырған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық салалық ведомство басшыларының қатысуымен бірден шұғыл кеңес өткізді. Онда аталған оқиғаның салдарын жою жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

– Жарылыстан кейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен босату жөнінде өтініш берді….

– Иә, Мемлекет басшысы Қорғаныс министрінің қызметінен босату жөніндегі өтінішін ешқандай эмоциясыз, жұмыс бабындағы мәселе ретінде қабылдады. Өзара жабық әңгіме болды. Содан кейін Нұрлан Ермекбаевтың Қорғаныс министрі қызметінен босатылғаны туралы Жарлық баспасөзде жарияланды.

– Ауғанстандағы қалыптасқан ахуалға байланысты көптеген шет мемлекеттің өкілдіктері дипломаттарын алып кетті. Ал, Қазақстан дипломаттары өз орнында қалды. Неге?

– Кәсіби дипломат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Ауғанстанның қазіргі әкімшілігі билік басына ұзақ уақытқа келгенін түсінді. Бұған АҚШ бастаған халықаралық коалицияның әскери күштерінің Ауғанстаннан күтпеген жерден кетуі түрткі болды. Сондықтан осы елдің жаңа әкімшілігімен арадағы байланыстарды, ең алдымен, қауіпсіздік және гуманитарлық көмек алмасу мәселелері жөніндегі қарым-қатынастарды сақтау мақсатымен Кабулдағы елшіміз бастаған қазақстандық дипломаттарды шағын құрамда қалдыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта Ауғанстан билігімен арадағы байланыстар мейлінше орнықты. Жақында Президенттің тапсырмасы бойынша Мемлекет басшысының арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Кабул қаласында болып, Қазақстанның осы елге гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі шешімін Ауғанстан басшылығына жеткізді.

– Тамыздың аяғында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен Мәскеуде кездесті. Президенттер бұл кездесуде не туралы әңгімелесті?

– Мемлекет басшысы Мәскеуге Ресей Президентінің шақыруымен барғанын айта кеткен жөн. Олар Кремльде екі сағаттан астам уақыт бетпе-бет келіссөз жүргізді. Бұл келіссөзде айтылған мәселе, негізінен, бұқаралық ақпарат құралдары үшін жабық болады деген уағдаластық бар болатын. Дегенмен, екі ел басшыларының Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық ынтымақтастыққа, сондай-ақ қазіргі геосаяси жағдайға қатысты пікірлері бір жерден шыққаны түсінікті. Президенттердің ұзақ уақыт әңгімелесуін өзара жақсы қарым-қатынастың айғағы деуге болады. Президент бізге келіссөздің мазмұны барынша бай болғанын және ашық әңгіме түрінде өткенін айтты. Менің білуімше, Владимир Путин Қасым-Жомарт Кемелұлының еңбек жолына шынайы құрметпен қарайды және Қазақстан Президентінің парасат-пайымы мен жан-жақты терең білімі жөнінде жиі айтады.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті/Сурет: ©akorda.kz

– Президент Pfizer вакцинасының белгіленген мерзімде жеткізілмегені жөнінде айтты. Компания бұл вакцинаны елімізге жеткізу үшін қандай шарт қойды?

– Қазақстан халықаралық рейтингтегі орны жоғары болуына байланысты Covax бағдарламасына кірмейді. Сондықтан елімізге Pfizer вакцинасын жеткізу жөніндегі коммерциялық келіссөздер ұзақ уақыт бойы жүргізілді. Басқаша айтқанда, Қазақстан гуманитарлық көмек ала алмайды. Шын мәнінде, Мемлекет басшысы жүргізілген келіссөздерге көңілі толмайтынын айтты. Қазір барлық мәселе шешілді. Pfizer компаниясының ұстанымы өте қатаң және бірқатар шарт қойды. Олардың барлық талабы еліміздің мүддесіне сай орындалды. Президент тиісті жарлыққа қол қойды.

– Президенттің антиваксерлерге деген көзқарасы қандай?

– Президент бір сөзінде оларды «қыңыр» деген. Бұл – орынды сын. Антиваксерлер сыңаржақ пікір ұстанып қана қоймай, екпе алуға қарсы белсенді үгіт-насихат жүргізеді. Бұл көптеген азаматымыздың денсаулығына қауіп төндіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауруды еңсерудің жалғыз жолы екпе алу екенін бірнеше рет айтты. Бұл – тек Мемлекет басшысының ғана емес, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен барша білікті сарапшылардың ұстанымы.

Сурет: ©Ғани Өмірбеков

– Президент мемлекеттік телеарна журналисіне қатысты Алматы қаласы Алатау ауданының әкімдігінде болған оқиғадан хабардар ма?

– Президент аталған оқиғаның мән-жайын өте жақсы біледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жағдайға қатысты пікірін де білдірген. Журналистердің мүдделері мен құқықтары бұзылмауы керек. Бұл – Президенттің ұстанымы. Сонымен қатар Мемлекет басшысының пікірінше, БАҚ өкілдері де белігілі бір әдеп нормаларын бұзбай, карантин шараларын сақтауға тиіс, сондай-ақ олар қоғамдық орындарда артық эмоцияға бой алдырмағаны жөн.

– Енді өзіңізге оралайық. Президенттің Баспасөз хатшысының жұмыс күні қай уақытта аяқталады?

– Бізде ондай түсінік жоқ. Тәулігіне 24 сағат сақадай сай болуың керек. Сондықтан ұялы телефоным ешқашан қолымнан түспейді. Президенттен келетін хабарламалардың арнайы дыбыстық белгісі бар. Президент тапсырмалары кез келген уақытта, тіпті түн жарымында келіп жатады. Жаңа технологиялардың дамуы, оның үстіне пандемия жағдайы қашықтан жұмыс істеуге әбден шыңдады. Кейде Мемлекет басшысының қызметіне қатысты ақпараттық хабарламаны кешке, тіпті түннің бір уағында жариялауға тура келеді. Мәселен, шетелдік іссапарларда уақыт айырмашылығы қатты байқалады. Дегенмен, akorda.kz сайтымыз бен әлеуметтік желілер арқылы ақпаратты дер кезінде таратып отырамыз. Осы ретте, БАҚ-пен өзара іс-қимыл барысында әлеуметтік желілер тиімді пайдаланылады

– Жеке өміріңізге уақыт қала ма?

– Әрине уақыт болады. Бірақ өте аз. Мемлекеттік қызметтен басқа қоғамдық қызмет те бар. Ұлттық спорт түрлерін, әсіресе, құсбегілік өнерді қайта өркендетуге атсалысып жүрмін. Футболды жақсы көремін, сондай-ақ футбол жанкүйерлері лигасының құрметті президентімін. Футбол жанкүйерлері мен журналистер арасында турнир ұйымдастыруға атсалысып, БАҚ-лигасына қолғабыс жасаймын. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттауға өз үлесімді қосамын. Демалыс күндері мүмкіндік болса атпен серуендеймін. Мемлекет басшысы Баспасөз хатшысының немесе Президент Әкімшілігіндегі басқа да қызметкерлердің жеке өмірін қадағаламайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы аппарат қызметкерлерінің жеке өміріне қатысты әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектеседі. Одан басқа іске қатысы жоқ.

– Еңбек демалысына шықтыңыз ба?

– Әдетте, біздің еңбек демалысымыз Президенттің жұмыс кестесіне байланысты. Ол кісі еңбек демалысына шыққан кезде, біз де демаламыз. Биыл жазда Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысында 5 күн демалды. Дәл сол кезде еңбек демалысына шықтым.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысында демалыста/Сурет: ©Берік Уәли

– Президенттің кітаптарын оқыдыңыз ба?

– Мен Мемлекет басшысының барлық кітабын оқып шықтым. Кейбір кітаптарды Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті болмай тұрған кезде оның өз қолынан сыйлық ретінде алу бақыты бұйырды.

Сурет: ©akorda.kz

– Былтыр маусым айында коронавируспен ауырдыңыз. Дертті қалай еңсердіңіз?

– Былтыр коронавируспен қатты ауырып, жан сақтау бөлімшесінде бірнеше күн жаттым. Жазылып шыққаннан кейін, мүмкіндік болысымен, екпе алдым. Өзімізде, Қарағанды облысында жасалған Спутник V вакцинасын салдырттым.

– Tengrinews.kz ақпараттық агенттігінің жұмысын қадағалайсыз ба?

– Жаңалықтарыңызды күнделікті оқып отырамын. Сонымен қатар көп адам маңызды материалдарыңыздың сілтемелерін маған жолдап отырады. Порталдарыңыз ұнайды. Басқа оқырмандар да менің осы пікірімді құптайды деген ойдамын. Сіздерге табыс тілеймін!

Tengrinews.kz тілшісі Ботагөз Айтжанова 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.