Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мен әжемін ұрпағын әлдилеген

0 441

Көңілдері кең, жүректері мейірімді, кеуделері қазына, сөздері қасиетті әжелер ізгілік атауының ұйытқысы, құт-берекенің бастауы. Осыған орай Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің тапсырмасымен Жамбыл облысы бойынша коммерциялық емес заңды тұлғалар бірлестігі Ассоциациясының ұйымдастыруымен «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» атты дәстүрлі байқау өткізілді.

Байқаудың басты мақсаты – ұлылардың ұлы болуына ықылым замандардан бері ұрпақ сабақтастығы арқылы ғасырдан-ғасырға жетіп отырған жанұядағы тәрбиеде әжелердің орнын насихаттау ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, қазіргі жастарға текті халықтың ұрпағы екенімізді ұмыттырмау, бабалар салған дара жол – ата дәстүрімізді, салт-санамызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, тарихымызды, тіліміз бен дінімізді жаңғырту.
Байқауды жүргізуші жарысқа қатысушы әжелерді сахна төріне шақырып, көпшілікке таныстырған соң сайыстың 5 кезеңнен тұратынын хабарлады.
1-кезең – «Асыл әжем, ақ әжем, ақ жаулықты дана әжем» (Таныстыру);
2-кезең – «Әжеммен өмір ажарлы» (Әже немересімен өнер көрсетеді);
3-кезең – «Ата мұра – асыл қазына» (Әжелер өздері жасаған қолөнерлерін көрсетеді);
4-кезең – «Әженің ақыл қоржыны» (Қазақтың ұлттық салт- дәстүрлері);
5-кезең – «Сыр-сандық» (Халықтың салт-дәстүрлері, мақал-мәтелдері бойынша заманауи сұрақтарға жауап береді).
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов рухы биік, өзінің шығармашылық мүмкіндігі мол, бүгінгі қазақтың болмысы, салт-дәстүрі, қолөнері бойынша сайысқа түскелі отырған әжелерге сәттілік тіледі.
Бұл байқаудың бір ерекшелігі – қатысқан 5 әженің барлығы да шәкірттердің бойына білім нұрын төгіп, әдепті тәрбие беріп, ақыл-кеңестерін айтып жүрген қадірменді жандар болып шықты.
Қазақ апа-әжелеріміздің алтын қолдарынан келмейтін іс жоқ екен. Әжелер тек қана ән мен жырдан ғана емес, қолөнерімен де бірінен-бірі асып түсіп, көздің жауын алған кестелі орамал, құрақ көрпелер, зермен көмкерілген мамық көпшіктері, тоқыма киім-кешектері, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер жайлы пікірлері, осындай қанық бағдарламамен көрермендерді тәнті етті.
Сондықтан да педагогика ғылымдарының докторы, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова бастаған әділ қазылар алқасы жеке-жеке орындарды белгілемей, оның орнына әрқайсысының көрсеткен өнерлеріне сәйкес лайықты атақтарды (номинация) беруді жөн деп шешті.
Атап айтқанда, Несібелі Ералиеваға көрермен көзайымына айналған «Сүйкімді әже», Рахия Досжановаға сыны кетпеген, өнеге алатын «Инабатты әже», Айткүл Аңламасоваға бесік жырын төгетін «Өнерлі әже», Патшай Утегуловаға үйретуден жалықпаған «Парасатты әже», Құнар Черкееваға мейірімін төккен «Мейірімді әже» деген атақтар берілді.
Тартымды да тартысты өткен әжелер байқауын қорытындылаған Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова сайысқа қатысқан аяулы әжелердің әрқашан ұрпақтарының қазынаға кенеліп, жүздерінен шуақ шашып жүре берулеріне тілектестігін білдіріп, барлығын арнайы дипломмен марапаттап, қалыкілем тарту етті.
Асыл да ардақты әжелеріміздің осындай үлкен іс-шара өткізіп жатқанына сүйсіне қарайсың. Қаншама ұлағатты сөздер айтылып, өнердің сан қилы түрлері көрсетілді. Сондықтан жас ұрпаққа, тек құлақ түріп тыңдау, көз ілмей таңданып қарау ғана қалады.
Кез келген қоғамның байлығы – ардагерлер. «Ақылы азық» қарт ардагерлеріміз – сүйкімді әжелеріміз әрқашан көңілі жас, денсаулықтары мықты бола берсін!

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.