Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева анасының «Матч ТВ» арнасына берген сұхбатына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Мен бұл жайында бірнеше рет айттым, енді тағы да қайталағым келеді, Ұлттық Олимпиада комитетіне, Қызылорда облысының басшылығына, Спорт және Мәдениет министрлігіне бүкіл мансабым бойына маған қолдау көрсеткені үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Менде барлығы жақсы және Қазақстанның атынан әлемдік аренада өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе болды. Анамның сөздері қатты батып кеткен жандар болса, кешірім сұраймын. Өкінішке орай, қазір біз екі жақтамыз, ол Мәскеуде ал мен Қазақстандамын. Мен барлық жағдайды бақылауда ұстап тұра алмадым. Бұлай болып тұрады. Қандай жағдай болса да мен анамды жақсы көремін», – деп жазды Элизабет Instagram парақшасында.
Ол сонымен қатар анасының қазіргі уақытта артық айтып қойғанына алаңдап отыруы мүмкін екенін қосып өтті.
«Анам өте ашық адам, ойында не тұрса соны жайып салады. Біздің барлығымыз бір ойды ойлап, бір сөзді сөйлей алмаймыз. Біз екібөлек жандармыз. Әркімнің өз ойын айтуға толық құқығы бар. Егер сіз бір адамның орнында болып көрмесеңіз, ол жайында пікір айтудың қажеті жоқ. Ата-ана деген әрқашан баласы үшін жанын беруге даяр тұрады, әсіресе аналар», – деді мәнерлеп сырғанаушы.
Ол оқырмандарынан теріс пікір жазбауды сұрады. «Өз алтын уақыттарыңызды зая етпеңіздер», – деп түйіндеді ол.
Оқиғаға қатысты Элизабеттің әкесі де өз кезегінде ойын жеткізді. Ол бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде жазды.
«Элизабет әрқашан тек Қазақстан үшін өнер көрсетуді қалады! Ол бала кезінен ағасы Тимурмен бірге Қазақстанда өтетін жарыстарға қатысу үшін келетін. Алғашқы мүмкіндік туған сәттен-ақ ол Қазақстан Республикасының құрама командасының сапында өнер көрсете бастады және бұл үшін ешқашан өкінген емес. Керісінше Қазақстанның әнұраны шырқалып, жеңіс туы желбірген сәтті әрқашан мақтан тұтаты», – деп атап өтті Байтақ Тұрсынбаев.
Бұған дейін Элизабеттің анасы Падишахан Сұлтаналиева «Матч ТВ» арнасына берген сұхбатында қызының Қазақстан атынан өнер көрсеткеніне не себепті өкінетіні туралы айтқан болатын.
«Егер сіз әлемдік аренада намысын қорғайтын ел бұл еңбегіңізді бағаламайтын болса… бұл нағыз тозақ», – деген болатын анасы