Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алған тиімді

0 458

Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік қызметтерді толық электрондық форматқа көшіру міндеттелген болатын. Қазіргі таңда елімізде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ішінен әлеуметтік маңызды қызметтерді барынша электронды түрде алуға барлық жағдай бар.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету «Электрондық үкімет» веб-порталы (www.egov.kz) арқылы жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз – мемлекеттік қызметтерді алу барынша автоматтандырылған, оңтайландырылған, қоғамның әрбір мүшесіне әлеуметтік коммуникация шығындарын төмендету мақсатына қызмет ететін электронды жүйе.
Еліміздің әрбір азаматы «Электрондық үкімет» веб-порталына «пайдаланушы кабинетін» ашу арқылы тіркеле отырып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы электрондық қызметті алу мүмкіндігіне ие болады.
«Пайдаланушы кабинеті» – бұл халықтың қызмет алу үшін өтініштерін электронды нысанда оны қарайтын субъектілерге жүгінуі, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара ресми ақпараттық іс-қимыл жасауға арналған құралы. Бұл, өз кезегінде, қазіргі заманның технологияның қарыштап дамыған, жаппай цифрландыруға бет бұру тұсында әрбір азаматқа өзіне берілген мүмкіндіктер аясын кеңейтуіне жол ашады.
Электрондық цифрлық қолтаңба дегеніміз – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы. Халыққа қызмет көрсету орталығынан куәландырыла отырып ЭЦҚ-ны файлдық тасымалдағышта алған жағдайда, дербес компьютерге сақтауға болады. Сол арқылы «Электрондық үкімет» веб-порталына тіркеліп, жеке кабинетте мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануға болады.
Сонымен қатар ЭЦҚ-ны телефонда сақтай отырып, электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасы арқылы онлайн қызметтерді алуға болады.
Егер де ХҚКО-ға баруды қажет ететін мемлекеттік қызметтерді алатын жағдайда аталған мобильдік қосымша арқылы кезекке тұрып, кейін ХҚКО-ға келіп, операторға кезек нөмірін көрсетуге болады. Бұл – кезек күтпей, уақыт үнемдеудің ең тиімді жолы.
Тараз қаласы әкімдігі тарапынан электрондық қызметтерді алу жолдары мен мүмкіндіктерін насихаттау мақсатында халықтың көп шоғырланатын жерлерінде жәрмеңкелер ұйымдастырылып, әкімдіктің «Instagram» және «Facebook» әлеуметтік желілерінде жариялануда.
Соңғы уақытта Тараз қаласы тұрғындарының электрондық түрде қызмет алуы күннен-күнге ұлғаюда. Бұдан бөлек, қала тұрғындары өздеріне қажетті толық ақпараттарды Тараз қаласы әкімінің https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz ресми сайтындағы «Мемлекеттік қызметтер» парақшасынан ала алады.

А.АЛИМБЕТОВА,
Тараз қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметті
мониторингілеу бөлімшесінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.