«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызмет мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы қағидаттарына негізделеді.
Мемлекеттік қызметшілердің еңбекті, денсаулықты қорғауға, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқығы бар.
Бұл ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіру болып табылады.
2025 жылы Департаментпен қабылданған бақылау шараларының нәтижесінде облыс бойынша 61 азаматтардың (56-мемлекеттік қызметшілер, 5-жеке тұлғалар) құқықтары қорғалды.
Мәселен, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес мемлекеттiк қызметшілерге қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi.
Сонымен қатар, еңбек заңнамасында іссапар шығындарын төлеу мерзімдері бұзылғаны үшін тиісті өсімпұлдар төлеу мәселесі көзделген.
Департаментпен жүргізілген тақырыптық талдау қорытындылары бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 213 мемлекеттік қызметшіге жалпы сомасы 372 233 теңгені құрайтын тиісті өсімпұл сомалары төленді.
Сонымен қатар, еңбек заңнамасында үстеме жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметшілерге тынығу сағаттарын ұсыну мүмкіндігі қарастылырған.
Осы орайда, жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша мемлекеттік органдарға бару арқылы мониторинг жүргізудің нәтижесінде 15 қызметшіге жалпы 22 сағаттан астам демалыс уақыттары берілді.
Ал, жұмыс уақыты режимінің сақталуына қашықтықтан «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы мониторинг жүргізу нәтижесінде 247 мемлекеттік қызметшіге 357 сағаттан астам қосымша демалыс уақыттары беріліп, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту мәселесі Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында 2 рет қаралып, оның нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға 15 ұсыным енгізілді.
Жолданымдарды Басқармамен қарау нәтижелері бойынша жүгінген 7 азаматтың (4-мемлекеттік қызметші, 3-жеке тұлға) бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, 12 қызметші түрлі тәртіптік жазаға тартылды.
Мәселен, ықпалдастырылған ақпараттық жүйеде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға іріктеу және конкурс өткізудің уақытша қағидаларының талаптарын бұзудың 2 фактісі анықталды.
Осыған байланысты, Департаменттің ұсынуының негізінде жүргізілген конкурстардың нәтижелері жойылып, шағым иелерінің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан өту бойынша талдау жүргізіліп, оның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдарының 33 мемлекеттік қызметші тиісті оқудан өтті.
Тәртіптік комиссияларының жұмысына қатысты талдау жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілерге берілген заңсыз 2 тәртіптік жазалардың күштері жойылды.
Қ.МАДИЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Жамбыл облысы бойынша департаменті
басшысының орынбасары