Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік

0 204

Мемлекеттік тіл – ұлтты ұйыстыратын ұлы күш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, тіл – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық бағыттарының бірі, барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның пәрменді құралы, мәдени-рухани бірліктің бейнесі.

Бүгінде 2024 жыл бойынша шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 100 пайызды құрады. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек бойынша мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында 26 іс-шара, қазақ тілінің латын негізді әліпбиіне көшу мақсатында 51 іс-шара, ономастика саласы бойынша 79 іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген облыстық, республикалық байқауларға Тараз қаласынан бірнеше үміткер қатысып, жүлделі орындарға да ие болды.
Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударар саланың бірі – ономастика. Республика көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жұмыстары ҚР Үкіметінің №138 қаулысының талаптарына сәйкес және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» 555, «Тарихи жер-су атаулары» 380 және «Дәстүрлі атаулар» 298 тізімін басшылыққа ала отырып жүргізіледі.
Айталық, 2023 жылғы 10 көшеге жаңа атау берілді. Оның ішінде мағынасы ескірген көшелер – 1, бұрылыстар – 2, қайталанатын атаулар – 2, бұрылыстар – 3, атауы жоқ жаңа көшелер – 1, жаңа алқап – 1. 2023 жылдың 7 маусымында Тараз қаласындағы бірқатар мағынасы ескірген және атауы жоқ 22 көше бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды. Оның ішінде мағынасы ескірген көшелер – 21, атауы жоқ жаңа көше – 1. Жалпы қала бойынша геонимдер саны – 1 442. Оның ішінде қазақша тарихи тұлғалар саны – 604, жер-су атаулары – 156, дәстүрлі атаулар – 294, орысша кісі есімі – 186, мағынасы ескірген орысша атаулар – 203.
Қала әкімінің 2023 жылғы 4 мамырдағы №43 өкімімен «Тараз қаласындағы екі әкімшілік-аумақтық бірлікке атау беру бойынша жұмыс тобын құру туралы» қаламыздың қоғамдық, ардагерлер кеңестері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, тарихшыларды қамти отырып жұмыс тобы құрылып, 3 отырысы (15, 22, 29 мамыр күндері) өткізілген. Әлеуметтік желі арқылы қала тұрғындары тарапынан қаламыздың тарихына, тарихи атауларына байланысты тарихи жер-су, дәстүрлі атаулардан ұсыныстар талқыланып, жинақталды. Айтылған ұсыныстарды зерделей келе, Қаратау мен Алатау деген атауға 41,8 пайызы дауыс берсе, Талас пен Аса атауына 12,7 пайызы қолдау білдіріп, 9 пайызы жалпы атау беруге қарсы пікір білдірген.
Жұмысшы топ мүшелері тарапынан әлеуметтік желі арқылы түскен ұсыныстарды зерделей келе, 2023 жылдың 23 қарашасы күні Тараз қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауына Алатау және Қаратау атауы ұсынылып, қолдау тапты.
2024 жылдың 29 қаңтары күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Тараз қаласы дамуының Бас жоспарын бекіту туралы» №44 қаулысы шықты, алдағы уақытта алгоритмге сәйкес жұмыстар жүргізіледі.
2023 жылғы 17 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты отырысында берілген тапсырмалар бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 22 тамыздағы №18-07-10/1998-И хатына сәйкес, қолданыстағы «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулар» тізімін өзектендіру мақсатында ономастика комиссиясының жұмысы тоқтатылған.
2024 жылдың 24 қаңтарында республикалық ономастика комиссиясының отырысында «Әдістемелік ұсынымдар», «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулар» тізімі бекітілген. Қазіргі таңда атау беру және қайта атау жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілген жоқ. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2016 жылғы 20 шілдедегі №6-1 бұрыштамасына сәйкес аншлагтарды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылы жаңадан атау берілген және аншлагтары түсіп қалған, ескірген көшелердің аншлагтары ауыстырылды.
Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мәселе. Тіл – ұлттың тірегі, ең асыл құндылығы. Демек, тілге қамқор ұлтқа қамқор болумен тең. Елімізде сонау 1997 жылы жарық көрген Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына өткен жылдың желтоқсан айында оң өзгерістер енгізілді. 2022 жылдың 22 қаңтарында күшіне енген өзгерістердегі ең бастысы бұған дейін заң деректемелер мен көрнекi ақпараттардың мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде болуын міндеттесе, ендігі жерде мемлекеттік тілде міндетті түрде жазылуы, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыру қарастырылды. Атап айтатын болсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне деректемелер мен көрнекі ақпараттарын тек мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.
Жарнама сауатты болуы тиіс, сауаттылық емле мен пунктуация ережелеріне ғана мән беру емес, мазмұнға көңіл аудару керек. Сондықтан сауаттылық мәселесімен қатар, жарнама мәтінінің ішкі мазмұнына да мән беріп, әсіресе ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек игі болар еді.
Алайда қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен көрнекі ақпараттар кездеседі.
Көшелерде, сауда орындарындағы, қоғамдық тамақтану орындарындағы тек орыс тілінде рәсімделген немесе сөзбе-сөз, мағынасыз аударылған көрнекі ақпараттар, баға көрсеткіштер, хабарландыру және басқа да жарнамалар тұрғындардың наразылығын туындатады.
Қазіргі таңда қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп, жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Жыл басынан бері жүргізілген айлық, зерделеу жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізіліп, бірқатары түзетілді.
«Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деп Абай атамыз айтқандай, тілді білген ешқашан артықшылық етпейді.
Әрбір азамат мәңгілік еліміздің сарқылмас байлығы – қазақ тілін көзінің қарашығындай сақтап, құрметін арттырса, ұлтымыздың болашағы жарқын болады.
Мемлекеттік тіліміз мерейлі, бірлігіміз тұрақты, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Бақыт Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.